Ұлттық өнерді кәсібіне айналдырып, қайта жандандырып жүрген қыз-келіншектер бүгінде аз емес. Солардың бірі – текелілік Қарлығаш Долашева мен Жазерке Мұсабекова. Анасы мен қызы «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы шеңберінде қайтарымсыз қаражатқа ие болып, биыл цехқа қажетті құрал-жабдықтар мен материалдарын толықтырып, өз істерін ашты.
Қолөнерді дамытып, ұлттық өнерімізді заманауи технологиялармен ұштастырып жүрген қос шебер саланың қыр-сырына тоқталды.
«Құрақ құрау, текемет басу, сырмақ тігу сынды ұлттық дәстүрімізді бала кезден бойымызға сіңіріп өстік. Апаларымызға қолғабыс етіп, тігін техникасын үйрендік. Жалпы тігін тігу шеберлігі маған анамнан дарыған өнер. Алғашында тек үйде тапсырыс қабылдап, кейіннен талантымды тыңдадым. Халықтың көңілінен шығып, сұраныстың ұлғайған кезінде тігін шеберханасын ашу туралы ой келді. Қызым да менің бастамамды қолдап, өз кәсібімізді жолға қою мақсатында мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға сұраныс білдірдік. Ұсынған жобамыз қолдау тауып, өз ісімізді бастап кеттік. Біздің мақсат – сапалы әрі қолжетімді бағада өнім ұсыну. Шеберханада 6 адам жұмыс істейміз. Құрақтың түрлі өрнектерін айшықтап, тұтынушының талғамына сай тапсырыстар қабылдаймыз. Қазіргі таңда ұлттық нақыштағы бұйымдарымызға әсіресе, қыз жасауы мен көрпеше, жастық, қоржындарға сұраныс жоғары» – дейді Қарлығаш апай.
Анасына қолдау білдіріп, істерін ілгерілете дамытып келе жатқан жас кәсіпкер Жазерке Нағызбекқызы: «Жаңадан кәсібін ашып, бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, сатуды жолға қою – мұның бәрі оңай шаруа емес. Кәсіппен айналысу үлкен тәуекелді талап етеді. Біз де анаммен бірге кәсіп ашу туралы шешімге келіп, өз ісімізді аштық. Әрине, алғашқы айларда бірқатар қиындықтармен кезігіп, сол арқылы біраз тәжірибе жинадық.
Қазір жаңа технологиялардың заманы. Мен анама тек тігін тігу жағынан ғана емес, дайын өнімдерін әлеуметтік желілерге орналастыруға да көмектесемін. Жарнама нарығын да зерттеп, халыққа қолайлы қызмет түрін ұсынуға күш салудамыз. Қолөнер орталығымызда түрлі заманауи үлгідегі материалдарды пайдалана отырып, той-томалақтарға арналған сый-сияпаттарды да дайындауға мүмкіндігіміз бар. Біздің өнімді тұтынатын тұтынушыларымыз уақытын үнемдеп барлық қажетті дүниесін сапалы әрі тиімді бағада бір жерден алып кетуі үшін барлық қолайлы жағдайды қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, тігіншілеріміздің жұмысын жеңілдету мақсатында құрал-жабдықтарымыздың қорын кеңейту қажеттілігі де туындап отыр. Цехта әртүрлі бұйымдарды жедел әзірлеу үшін жаңа станоктар мен дәнекерлеуші лазер құрылғылары қажет. Сол мақсатта тағы бір мемлекеттік бағдарламаға қатысып, нәтижесін күтіп отырмыз. Халық алғысын алу, өз ісіміздің нағыз шебері атану – басты мақсатымыз. Сол бағытта аянбай еңбек етуге әзірміз», – дейді.
Шеберхана ұжымының өнімдері тек қаламызда ғана емес, туристердің де арасында сұранысқа ие. Мәселен, Түркия, Германиядан келген қонақтар қазақи нақыштағы бұйымдарға тапсырыс беріп, қызығушылық танытқан. Шетелдерге кәдесый ретінде ұлттық бұйымдарды алатын тұрақты тұтынушылары да аз емес. Нарықта өздерін орнықтырып келе жатқан қолөнер шеберханасының ұжымы күні кеше облыс орталығында өткен іскер әйелдердің өңіраралық форумына қатысып, «Құрақ көрпе» номинациясы бойынша арнайы дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Енді кәсіпкер тігін цехының аумағын кеңейтіп, өнімдерін еліміздің басқа да қалаларына тасымалдауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, қаламызда осы кәсіпті дамытып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттауды қолға алу ойында бар. Осындай аздан бастап, көп іс тындырған жандардың әр қадамы кәсібін жаңа ашқандарға үлгі.