«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының тапсырмасымен Отырар аудандық орталық ауруханасында ашық есік күні өтті.
Шара барысында офтальмолог, отоларинголог, терапевт, психолог, эндокринолог, гинеколог және дерматолог мамандары тұрғындарды қабылдап, скрининг пен профилактикалық тексерулердің маңыздылығы туралы кеңес берді.Пациентті қолдау қызметінің мамандары МӘМС жүйесі жөнінде ақпараттандырып, түсіндірме материалдарын таратты.
Дәрігерлер келушілердің артериялық қысымын өлшеп, қандағы қант пен холестерин деңгейін анықтайтын сынамалар алды. Қажет болған жағдайларда ультрадыбыстық зерттеу жүргізілді.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің дәрігері Абылайхан Қазыханның айтуынша, учаскелік терапевтке немесе жалпы тәжірибе дәрігеріне сақтандырылған мәртебесіне қарамастан жүгінуге болады. Алайда бейінді мамандардың консультациясы немесе қосымша қызметтер қажет болған жағдайда МӘМС жүйесінде «сақтандырылған» мәртебесінің болуы міндетті.
Емханада тіркелген тұрғындар алғашқы медициналық-санитарлық көмекті толық көлемде ала алады. Бұл – профилактикалық тексерулерден өтуге, созылмалы ауруларды бақылауға, ауруларды ерте кезеңде анықтауға және асқынулардың алдын алуға мүмкіндік беретін базалық деңгейдегі қызмет.
Дәрігерлер алғашқы белгілер байқалған кезде немесе профилактикалық бақылау үшін уақытылы емханаға жүгінудің маңызын атап өтті.