Анна Данилина пробилась в финал теннисного турнира в Марокко

Пациентке қолайлы емхана

Сегодня, 07:12
6 мин. чтения
218
Пациентке қолайлы емхана
МӘМС

Пациент денсаулығын жақсартуда алғашқы ролді атқаратын емхана жұмысы және жүзеге асырылып жатқан тың жобалар жөнінде Түркістан қалалық емханасының басшысы Ғани Бақтиярұлымен сұхбаттасқан едік.

– Емханада қандай жаңа медициналық қызметтер немесе бөлімшелер іске қосылды?

— Соңғы жылдары біздің мекемеде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жаңа бөлімшелер іске қосылды. Атап айтқанда, заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған мамандандырылған Ерте араласу бөлімшесі ашылып, балалардың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау және түзету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, педиатрия бағыты бойынша бейінді мамандардың (тар шеңберлі дәрігерлердің) қызметі кеңейтілді. Нәтижесінде балалардың даму ерекшеліктеріне ерте кезеңде баға беріп, ауытқулары бар балаларды дер кезінде анықтап, оларға ерте медициналық көмек көрсету жолға қойылды.

Бұдан бөлек, цифрландыру аясында жасанды интеллект элементтері енгізілген медициналық ақпараттық жүйелер қолданысқа енгізілуде. Профилактикаға бағытталған жаңа бақылау және мониторинг қызметтері де іске қосылды.

Түркістан қалалық емханасында аймақтық қызметкерлердің жұмыс жүктемесін азайту және халықпен байланыстың тиімділігін арттыру мақсатында жасанды интеллект технологиялары енгізілді. Бұл өз кезегінде мейіргерлердің уақытын үнемдеп, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға мүмкіндік беруде.

Жасанды интеллект жүйесі пациенттерді дәрігер қабылдауына, скринингтік тексерулерден өтуге, флюорография және рентген зерттеулеріне, сондай-ақ балаларды профилактикалық екпелер алуға автоматты түрде шақырады.

Скринингтік тексерулерден өту, профилактикалық екпелер алу және басқа да себептермен емханаға келуі қажет азаматтардың аты-жөні мен байланыс нөмірлері жүйеге енгізіледі. Жасанды интеллект әрбір пациентке хабарласып, нақтылау сұрақтарын қою арқылы оларды тиісті тексерулерге шақырады. Бұл үдеріс операторлардың бақылауында болады және күнделікті түрде өзектендіріліп отырады. Қабылдауға келген азаматтар тізімнен шығарылып, кезек басқа пациенттерге бағытталады.

Жалпы, енгізілген жаңашылдықтар медициналық қызмет көрсетудің тиімділігін арттырып қана қоймай, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.

 

– Халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыру үшін қандай нақты шаралар қабылданды?

— Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында бірқатар жүйелі шаралар қабылданды. Ең алдымен, қызмет көрсету процесі толық немесе жартылай цифрландырылып, қағазбастылық айтарлықтай азайтылды. Атап айтқанда, еңбекке жарамсыздық парақтары мен 075 нысанындағы медициналық қорытындылар цифрлық форматта QR-код арқылы берілуде.

Сонымен қатар, пациенттерді профилактикалық тексерулерге белсенді түрде шақыру жүйесі жолға қойылды. Бұл бағытта қоңыраулар мен хабарламалар арқылы ақпарат беру жүзеге асырылып, жасанды интеллект негізіндегі дауысты роботтар медициналық қызметкерлердің жұмысын жеңілдетуге мүмкіндік беруде.

Созылмалы аурулары бар науқастарды тұрақты бақылау күшейтіліп, олардың денсаулық жағдайына жүйелі мониторинг жүргізілуде. Бұдан бөлек, әйелдер мен балалар денсаулығына ерекше назар аударылып, үздіксіз бақылау қамтамасыз етілген.

Дәрігерлердің қолжетімділігін арттыру бағытында қабылдау процесі жетілдіріліп, медициналық қызмет көрсету сапасы жақсартылды. Сонымен бірге, пациенттермен кері байланыс жүйесі де жаңғыртылды. Қазіргі таңда колл-орталық арқылы түскен өтініштерді емхана деңгейінде арнайы сарапшы дәрігерге тікелей бағыттау тетігі енгізілді.

Жалпы, аталған шаралар емхана қызметін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

 

– Пациенттер арасында МӘМС туралы түсіндіру жұмыстары қалай жүргізілуде?

— Емханада пациенттер арасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде бірнеше бағытта жүргізілуде.

Атап айтқанда, тіркеу бөлімінде және қабылдау орындарында ақпараттық бұрыштар ұйымдастырылған. Мұнда пациенттерге арналған плакаттар мен жадынамалар орналастырылып, негізгі мәліметтер қолжетімді түрде ұсынылады.

Сонымен қатар, дәрігерлер мен мейірбикелер әрбір қабылдау барысында пациенттерге МӘМС жүйесінің ерекшеліктерін түсіндіріп, қажетті ақпарат беріп отырады. Арнайы мамандар — әлеуметтік қызметкерлер мен тіркеушілер де азаматтарға жеке кеңес береді.

Түсіндіру жұмыстары тек емхана ішінде ғана емес, ақпараттық кеңістікте де жүргізіледі. Атап айтқанда, емхананың әлеуметтік желілерінде және ресми сайтында МӘМС туралы материалдар тұрақты түрде жарияланып отырады. Бұдан бөлек, SMS-хабарламалар арқылы азаматтарға сақтандыру мәртебесі мен жүйенің мүмкіндіктері туралы ақпарат жеткізіледі.

Сондай-ақ, ашық есік күндері мен тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, халыққа қызмет көрсету орындарында арнайы бейнероликтер көрсетіледі. Call-орталық арқылы да азаматтардың сұрақтарына жедел жауап беріліп келеді.

Жалпы, бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – пациенттердің МӘМС жүйесі туралы хабардарлығын арттыру, сондай-ақ медициналық қызметтерді тиімді әрі дұрыс пайдалануына қолдау көрсету.

 

– МӘМС жүйесінің тиімділігін қалай бағалайсыз?

— Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің тиімділігін емхана деңгейінде бірқатар нақты көрсеткіштер арқылы бағалауға болады.

Ең алдымен, халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігі артты. Яғни, дәрігер қабылдауына жазылу, қажетті тексерулерден өту үдерісі жеңілдеді. Сонымен қатар, пациенттердің қанағаттану деңгейі өсіп, алдын алу және скринингтік тексерулер саны көбейді.

Созылмалы ауруларды ерте анықтау көрсеткіштері жақсарып, медициналық қызмет көрсету сапасы артты. Бұдан бөлек, пациенттерді дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету деңгейі де едәуір жақсарды.

Сонымен бірге, жүйенің тиімділігін бағалау барысында бірқатар мәселелер де ескеріледі. Атап айтқанда, кейбір жағдайларда кезек күту мәселесі сақталуда, барлық азаматтардың жүйеге толық қатыспауы байқалады, сондай-ақ халықтың ақпараттандыру деңгейі әлі де жеткіліксіз.

Жалпы алғанда, МӘМС жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп келеді деп айтуға болады. Бұл жүйе арқылы халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің қолжетімділігі айтарлықтай артты, әсіресе қымбат диагностикалық және емдеу қызметтерін алу мүмкіндігі кеңейді. Сонымен қатар, медициналық ұйымдардың қаржыландырылуы жақсарып, материалдық-техникалық базаны жаңартуға жол ашылды.

Ең басты артықшылығы – азаматтардың әлеуметтік мәртебесіне қарамастан сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі. Сондай-ақ, жүйеде профилактикалық тексерулер мен ерте диагностикалауға басымдық беріліп отыр.

 

– Цифрландыру бағытында қандай жобалар жүзеге асырылуда?

— Мемлекет басшысы цифрландыру саласында қол жеткізілген жетістіктерді одан әрі арттырып, елімізді жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын, цифрлық технологияларды дамытқан мемлекетке айналдыру қажеттігін атап өткен болатын. Осыған сәйкес, қалалық емханада цифрландыру бағытында бірқатар инновациялық жобалар жүзеге асырылуда.

Алдағы уақытта жасанды интеллектіні ақпараттық жүйелермен толық интеграциялау жоспарланып отыр. Бұл жүзеге асқан жағдайда жүйе пациентпен тікелей байланысқа шығып, оны дәрігер қабылдауына өзіне ыңғайлы уақытқа — күні мен сағатын, тіпті минутына дейін нақтылап жазуға мүмкіндік береді. Егер пациент белгіленген уақытта келе алмаса, жасанды интеллект автоматты түрде қайта байланысқа шығып, себептерін нақтылап, қайтадан ыңғайлы уақытқа жазып береді.

Қазіргі таңда емханадағы жасанды интеллект жүйесінің мүмкіндігі жоғары: ол минутына 5 мыңға дейін, ал тәулігіне 100 мыңға жуық азаматқа хабарласа алады. Соңғы 8 айда жүйе 74 051 азаматқа қоңырау шалған. Оның ішінде 36 718 адам тексеруден өтуге келісім берсе, 7 810 адам қабылдаудан бас тартқан.

Сонымен қатар, әйелдер денсаулығын бақылауға арналған цифрлық қадағалау жүйесі енгізілді. «Дені сау ана – дені сау ұрпақ» қағидатын негізге ала отырып, әйелдердің, оның ішінде туу жасындағы және жүкті әйелдердің денсаулығын бақылау толық цифрлық форматқа көшірілді.

Бұл бағытта медициналық ақпараттық жүйелер өзара интеграцияланып, «Google Docs» платформасы арқылы онлайн режимде деректер базасы қалыптастырылған. Жүйеде әрбір әйелге қатысты зертханалық және аспаптық тексерулердің нәтижелері, бейінді мамандардың қорытындылары және жеке медициналық ерекшеліктері енгізіледі. Әр дәрігер мен мейіргер өз учаскесіндегі пациенттердің мәліметтерін базаға уақтылы енгізіп отырады.

Бұл жүйе арқылы қай пациенттің тексеруден өткенін немесе өтпегенін жедел анықтауға болады. Нәтижесінде мониторинг тиімді жүргізіліп, тәуекел топтағы әйелдерді дер кезінде бақылауға алу мүмкіндігі артты. Бұл өз кезегінде ауыр жағдайдағы жүкті әйелдердің санын азайтуға және ана мен бала өлімінің алдын алуға ықпал етеді.

Сонымен қатар, емханада азаматтармен кері байланысты күшейту мақсатында Telegram-бот енгізілген. Бұл бот арқылы тұрғындар емхана қызметі туралы толық ақпарат алып, жиі қойылатын сұрақтарға жедел жауап таба алады. QR-кодтар емхананың барлық бөлімшелерінде орналастырылған, бұл ботқа қосылуды жеңілдетеді. Биыл осы жүйе арқылы 51 өтініш келіп түскен, олардың басым бөлігі ақпараттық сипатта.

Тағы бір маңызды жоба – емханада «СЕНІҢ ЖИ КӨМЕКШІҢ» атты арнайы терминалдың іске қосылуы. Бұл жүйе арқылы азаматтар тіркеу бөліміне жүгінбей-ақ қажетті ақпаратты алып, дәрігерге жазылып, өз денсаулығына қатысты мәліметтерді жедел түрде біле алады.

Жалпы, аталған цифрлық жобалар емхана қызметін барынша жылдам, ыңғайлы және ашық етуге, сондай-ақ медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

 

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Вчера
13 апреля