Подозреваемые по делу об убийстве Айгуль Сайлыбаевой задержаны в Москве

МӘМС қағидасы әлеуметтік топты медициналық көмекпен толық қамту

27 қаң, 07:27
7 mins read
595
МӘМС қағидасы  әлеуметтік топты медициналық көмекпен толық қамту
МӘМС

Мемлекет басшысы тапсырмасы бойынша МӘМС жүйесін жаңғырту шаралары аясында заңға енгізілген өзгерістер жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттасқан едік.

 

–Елімізде МӘМС жүйесін құрудағы басты мақсат қандай?          

-Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесінің негізгі түпкі басты мақсаты – денсаулық сақтау жүйесін қаржылық тұрғыдан нығайтып, мемлекет, жұмыс беруші және азаматтың денсаулыққа деген ортақ жауапкершілігін қалыптастыра отырып, әрбір азаматты, оның ішінде әсіресе әлеуметтік осал топтарды сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету. Бұл денсаулық сақтау саласындағы ел халқының мүдделерін қорғайтын мемлекеттік жүйе 2020 жылдан бастап іске қосылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен МӘМС туралы заңға енгізілген соңғы өзгерістердің басты басымдығы – бюджет мүмкіндіктері мен халықтың нақты қажеттіліктерін ескере отырып, бірыңғай базалық медициналық көмек пакетін қалыптастыру. Бұл ретте әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтарды қолдау – негізгі бағыттардың бірі.

 

– Жеңілдік санаттарының D, E категорияларынан айырмашылығы неде?           -Айырмашылығы тек МӘМС жарналарын төлейтін бюджет деңгейіне ғана байланысты.  МӘМС жүйесі іске қосылған 2020 жылдың қаңтарынан бастап 14 жеңілдік санаттарына кіретін азаматтар үшін МӘМС жарналары республикалық бюджет есебінен төленіп, автоматты түрде сақтандырылған мәртебеге ие болып келеді, тек ресми жұмыссыздар мен D және E категориялары үшін жарналарды енді 2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттердан төленетін болады.

Қор Басқармасының 21.01.2026 жылы берген мәліметі бойынша әлеуметтік осал топқа кіретіндер саны -  104 894 адам. Оның ішінде, Д - 84 654, Е - 20 240. Қордың орталық аппаратынан алынған мәлімет бойынша, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Түркістан облысында жұмыссыздар үшін - 450 847 теңге, Д және Е категорияларындағы жұмыс істемейтін азаматтар үшін - 4 716 422 мың теңге көлемінде жарналар төлеу жоспарланған. Жалпы болжамды сома - 5,2 млрд теңге. Д және Е категориялары үшін төленетін жарна мөлшері - орташа айлық жалақының 2%. Яғни, бір адамға айына төленетін жарна - 5 908 теңге.Сәйкесінше, бір адамға жылына төленетін жалпы сома - 70 897 теңге. Жергілікті атқарушы орган тарапынан жарна төлеу механизмінің бюджеттік бағдарлама әкімшісі облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бекітілді.

Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен МӘМС жарналары төленетін санаттарға мыналар жатады:

1.     18 жасқа дейінгі балалар;

2.     Жұмыс істемейтін жүкті әйелдер (соңғы 2 айдан аса зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар төленбеген кезде);

3.     3 жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырған жұмыс істемейтін ата-ана немесе заңды өкілдердің бірі;

4.     Жүктілік және босану, жаңа туған баланы асырап алу, 3 жасқа дейінгі балаларға күтім жасау үшін демалыстағы тұлғалар;

5.     Мүмкіндігі шектеулі балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;

6.     Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жанға күтім жасайтын жұмыс істемейтін тұлғалар;

7.     Зейнеткерлер;

8.     Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде сот шешімі бойынша жазасын өтеп жатқан тұлғалар (минималды қауіпсіздік мекемелерінен басқа);

9.     Тергеу изоляторларында отырған тұлғалар, сондай-ақ үйқамаққа алынған және жұмыс істемейтін тұлғалар;

10. Жұмыс істемейтін қандастар;

11. «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, бұрын «Батыр ана» атағын алған көпбалалы аналар, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендермен марапатталғандар;

12. Мүмкіндігі шектеулі жандар;

13. Орта, техникалық және кәсіптік, жоғары, қосымша жоғары білім беру ұйымдарында күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер;

14. Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алатын жұмыс істемейтін тұлғалар МӘМС жүйесінде автоматты түрде сақтандырылады.

 

–D және E категориялары қалай анықталады?

– 2023 жылдан бастап елімізде Отбасының цифрлық картасы ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Осы жүйе арқылы азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағаланып, ел халқы A, B, C – жағдайы тұрақты, D және E – әлеуметтік осал, дағдарыстық немесе шұғыл жағдайдағы 5 түрлі категорияларға бөлінді.

Жұмыссыздар мен D, E категорияларындағы азаматтар туралы мәліметтерді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырып, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдайды. Қор бұл санаттарды өздігінен анықтамайды, тек уәкілетті орган ұсынған тізім негізінде азаматтарға мәртебе береді. Бұл норма «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңның 26 және 26-1-баптарында көрсетілген.

 

–Түркістан облысы бойынша жағдай қандай?

–Бүгінде облыс бойынша 2 миллионнан астам тұрғын медициналық ұйымдарға тіркелген. Оның ішінде, шамамен 1,8 миллион адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған, ал 300 мыңға жуық азамат сақтандырылмаған.

Сақтандырылғандардың ішінде 1,4 миллионнан астам адам МӘМС мәртебесін мемлекет есебінен алып отыр. Ал 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жергілікті әкімдік есебінен 100 мыңға жуық азамат МӘМС жүйесіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. Бұл – жүйенің әлеуметтік бағытта дамып келе жатқанының нақты дәлелі.

 

- МӘМС төлемдерінде қандай өзгерістер бар?

- Өзгерістердің негізгі мақсаты – денсаулық сақтау жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету. Мемлекет 14 жеңілдік санаты үшін төлейтін жарна мөлшерлемесін кезең-кезеңімен арттыру көзделген. 2027 жылдан бастап – 2,2 % болса,2037 жылға қарай – 4,7 % құрайды. Алайда, бұл өзгерістер жеңілдік санатындағы азаматтарға әсер етпейді, олар бұрынғыдай автоматты түрде сақтандырылған болып қала береді.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметкерлердің жарналары мен жұмыс берушілердің аударымдарын есептеу үшін қолданылатын табыс мөлшерінің жоғарғы шегі арттырылды. Бұл ретте пайыздық мөлшерлемелер өзгеріссіз қалды.

Бүгінде жұмыс беруші аударымының ең жоғары мөлшері – 25 000 теңге (10 ең төменгі жалақы мөлшеріндегі табыстың 3 %); қызметкер жарнасының ең жоғары мөлшері – 17 000 теңге (10 ең төменгі жалақы мөлшеріндегі табыстың 2 %).

Бұған дейін айлық табысы 850 мың теңгеден асатын қызметкерлер МӘМС жүйесіне 17 000 теңгеден артық төлемейтін. Себебі есептеу базасына шектеу қолданылып келді. Бұл жағдай жалақысы төмен әрі табысының нақты 2 пайызын толық төлейтін қызметкерлер үшін әділетсіз болатын.

  Енгізілген өзгерістерден кейін қызметкердің ең жоғары жарнасы – 34 000теңге (1,7 млн теңгенің, яғни 20 ең төменгі жалақының 2%-ынан аспайтын), жұмыс берушінің ең жоғары аударымы – 102 000 теңге (3,4 млн теңгенің, яғни  40 ең төменгі  жалақының 3 %-ынан аспайтын).

Айта кету керек, бұл жаңашылдық ай сайынғы табысы 850 мың теңгеден асатын жалдамалы қызметкерлердің небәрі 9 пайызына ғана әсер етеді. Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін ең төменгі жалақы мөлшері өзгермегендіктен, МӘМС жарнасы бұрынғыдай айына 5 950 теңге болып қалды. Бұл – табыс деңгейіне қарамастан төленетін тұрақты жарна.

Егер жеке кәсіпкер бір мезгілде басқа ұйымның жалдамалы қызметкері ретінде жұмыс істеп, ол үшін МӘМС төлемдері аударылып тұрса да, жеке кәсіпкер ретінде өзі үшін де жарна төлеу міндеті сақталады. Тек кәсіпкерлік қызметі ресми түрде тоқтатылған жағдайда ғана төлем жасалмайды.

Дербес төлеушілер қатарына тұрақты жұмысы жоқ, жеңілдік санаттарына кірмейтін азаматтар жатады. Олар үшін МӘМС жарнасы айына 1 ең төменгі жалақының 5 пайызы, яғни 4 250 теңге. Сақтандырылған мәртебесін алу үшін дербес төлеушілер өткен немесе алдағы 12 ай қатарынан төлем жасауы тиіс.Жарналарды әр айға жеке-жеке төлеуі қажет.

Халықты МӘМС жүйесімен барынша қамту және сақтандырылған азаматтар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында заң жобасында жеңілдік кезеңді ұзарту нормасы қарастырылған. Енді соңғы 5 жыл ішінде жарналарды үздіксіз төлеп келген азаматтар уақытша төлем жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда да 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұған дейін бұл мерзім 3 ай ғана болатын.

Бұл – МӘМС жүйесіне тұрақты қатысып жүрген және уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған азаматтарды қолдауға бағытталған әділ шешім. Ол азаматтардың күрделі кезеңдерде медициналық көмектен тыс қалмауына мүмкіндік береді.

 

–Бірыңғай медициналық көмек пакетінің маңызы неде?

–Бірыңғай пакет енгізудің басты мақсаты – медициналық көмектің қолжетімділігін теңестіру. Пакеттер арасындағы қызметтердің қайталануын болдырмау, әрі медициналық қызмет сапасын арттыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, болашақта өркениетті елдерде қалыптастырылған медициналық көмекті МӘМС есебінен толығымен қаржыландыру басымдыққа ие болып отыр.

ТМККК пакеті аясында сақтандырылмаған азаматтар алғашқы медициналық көмекке, вакцинацияға, онкоскринингке, әлеуметтік мәні бар ауруларға диагностика жасауға, жедел және шұғыл медициналық көмекке, инфекциялық аурулар кезіндегі емге, паллиативтік көмек пен ұзақ мерзімді күтім қызметтеріне кедергісіз қол жеткізе алады.

Ал, балалардың церебралды сал ауруы, ревматизм, дәнекер тіндерінің жүйелі аурулары және қант диабеті МӘМС пакетіне ауыстырылды. Бұл аурулар бойынша медициналық көмек көлемі қысқартылмайды, керісінше, клиникалық хаттамаларға сай толық көрсетіледі.

МӘМС жүйесі азаматтарға аз ғана жарна төлей отырып, қымбат медициналық көмекті тегін алуға мүмкіндік береді.Мәселен, 2 типті қант диабетін емдеуге жылына бірнеше миллион теңге қажет болуы мүмкін. Ал дербес төлеуші ретінде МӘМС-ке қатысатын азамат жылына орта есеппен 51 мың теңге ғана төлейді.

Бұл – халықтың медициналық шығындарын азайтып, өмір бойы сапалы медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз ететін әлеуметтік маңызды жүйе.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday
03 ақпан
02 ақпан