Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдауында денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғыртуға бағытталған нақты тапсырмалар берді. Мемлекет басшысы медициналық инфрақұрылымды дамыту, фармацевтикалық өндірісті кеңейту, цифрландыру және медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау арқылы халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуді басты мақсат ретінде белгіледі.
Жолдау аясында елімізде 12 жаңа перинаталдық орталық салынбақ. Оның алғашқысы – Астанада, ал биыл Шымкент пен Түркістан облысының Темірлан ауылында құрылыс жұмыстары басталады. Бұл қадам ана мен бала денсаулығын жақсартуға зор мүмкіндік береді.
Ордабасы аудандық орталық ауруханасы да стратегиялық бағыттарға сәйкес қарқынды дамуда. Мұнда Қытайда өндірілген заманауи МРТ аппараты орнатылып, тәулігіне 10 науқасқа қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, Италияда жасалған ангиографиялық жүйе іске қосылып, алғаш рет жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтайтын коронарография жасалды.
2025 жылдың басынан бері аудандық ауруханада 1231 ота жасалды. Оның ішінде 364-і жоспарлы, 867-сі шұғыл операциялар. Перзентханада 162 әйел кесарь тілігі арқылы босанған, ал жалпы акушерлік ота саны – 318.
Ауылдық амбулаториялар мен фельдшерлік пункттердің қызметі жаңғыртылып, тұрғындарға қолжетімділік артты. Сонымен қатар, электрондық денсаулық карталары енгізіліп, телемедицина дамуда. Енді науқастар диагностикалық нәтижелерді онлайн алып, мобильді қосымша арқылы дәрігерге жазыла алады.
Алдағы уақытта аурухана ұжымы ана мен бала денсаулығына басымдық беретін жаңа бөлімшелер ашуды, жоғары технологиялық оталар көлемін арттыруды, фармацевтикалық қауіпсіздікті күшейтуді және медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдауды кеңейтуді жоспарлап отыр.
Президенттің Жолдауы – денсаулық сақтау саласына жаңа серпін берген тарихи құжат. Ордабасы аудандық орталық ауруханасы осы міндеттерді жүзеге асырып, аудан тұрғындарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуде.
Р.Тасырбаев, Ордабасы аудандық орталық ауруханасының басшысы