

2026 жыл МӘМС жүйесін одан әрі жетілдіру кезеңі болды. Қаржыландыру тәсілдері жаңартылып, профилактикалық бағдарламалар кеңейтіліп, медициналық көмекті бақылаудың цифрлық құралдары енгізілуде. Бұл өзгерістер Қарағанды облысының денсаулық сақтау жүйесіне де әсер етуде.
Биыл Қор қаражаты есебінен облыстың денсаулық сақтау саласына бағытталған нақтыланған қаржыландыру көлемі 182,6 млрд теңгені құрады. Бұл жыл басындағы көрсеткіштен 12,2 млрд теңгеге артық.
МӘМС жүйесінің өңірдегі қазіргі жұмысы, қаржыландыру, медициналық көмектің сапасы, цифрландыру және жыл соңына дейінгі міндеттер туралы Қордың Қарағанды облысы бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Айгүл Муқышева айтып берді.
— 2026 жыл МӘМС жүйесін дамытудағы жаңа кезең болды. Биыл қандай негізгі өзгерістер енгізілді және олар Қарағанды облысының тұрғындары үшін нені білдіреді?
— 2026 жыл МӘМС жүйесін одан әрі жетілдірудің маңызды кезеңі болды. Биыл медициналық көмекті халық үшін қолжетімді әрі түсінікті етуге, сондай-ақ оның адамның нақты қажеттілігіне сәйкес болуына басымдық берілді. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакетін ажырату тәсілдері жетілдірілуде. Сонымен бірге профилактикалық іс-шаралар кеңейтіліп, қаржыландыру мен бақылау тетіктері жетілдіріліп жатыр. Пациент үшін бұл, ең алдымен, қандай медициналық көмекті ТМККК шеңберінде, ал қандай қызметтерді МӘМС жүйесі арқылы алуға болатынын нақты түсінуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар сақтандырылмаған мәртебе адамның медициналық көмектен толықтай қағылғанын білдірмейді. Медициналық қызметтердің бір бөлігі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында көрсетіледі.
Биыл профилактикаға да ерекше көңіл бөлінуде. Бірқатар скринингтер азаматтарға МӘМС мәртебесіне қарамастан қолжетімді болды. Бұл ауруды емдеумен қатар, оны ерте анықтауға көбірек мүмкіндік береді.
— Қазіргі таңда облыста медициналық көмекті қаржыландыру көлемі қандай? Бір жыл ішінде қандай өзгерістер болды?
— 2026 жылға Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласына арналған нақтыланған бюджет 182,6 млрд теңгені құрады. Жыл ішінде медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына бірнеше рет түзету енгізілді. Нәтижесінде қаржыландыру көлемі жыл басындағы көрсеткішпен салыстырғанда 12,2 млрд теңгеге өсті.
Өсім қан мен оның компоненттерін өндіруге арналған шығыстарды қоспағанда, медициналық көмектің барлық дерлік түрлері бойынша байқалады. Біз үшін қаржыландыру көлемінің халықтың нақты қажеттілігіне сай болуы маңызды. Сондықтан жыл ішінде жоспарды түзету медициналық көмекке деген сұраныстың өзгерісін ескеруге мүмкіндік береді.
Дегенмен қаржыландыру көлемінің өсуі — түпкілікті нәтиже емес. Ең бастысы, бөлінген қаражат тиімді пайдаланылып, оның нәтижесінде пациент қажетті медициналық көмекті уақтылы алуы тиіс.
— Биыл МӘМС жүйесін цифрландыруға ерекше мән берілуде. Qalqan платформасы медициналық ұйымдар мен пациенттер үшін қандай өзгерістер әкеледі?
— Qalqan цифрлық платформасын енгізу — МӘМС жүйесін жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі. Платформаның негізгі мақсаты — медициналық қызметтерді бақылауды ашық әрі тиімді ету және тек кейіннен тексеруге емес, ықтимал бұзушылықтардың алдын алуға басымдық беру. Qalqan медициналық қызметтер туралы деректерді автоматты түрде тексеруге, медициналық ақпараттық жүйелер мен бухгалтерлік базаларды біріктіруге, күмәнді көлемдер мен басқа да ауытқуларды анықтауға мүмкіндік береді.
Тағы бір маңызды бағыт — медициналық қызметті пациенттің нақты алғанын цифрлық құралдар арқылы растау. Қарағанды облысында бұл жұмыс қазірдің өзінде пилоттық режимде жүргізілуде. Өңірде жаңа жүйеде жұмыс істейтін медициналық ұйымдармен 17 шарт жасалды.
Сонымен қатар медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын цифрландыру жұмысы жалғасуда. Бүгінде облыстағы 736 өндірістік базаның 684-і, яғни 93 пайызы цифрландырылды. 91 медициналық ұйым бұл жұмысты толық аяқтады. Цифрландырудың негізгі мақсаты — жүйенің ашықтығын арттырып, МӘМС қаражатын тиімді пайдалануға жағдай жасау.
— Профилактикаға да басымдық беріліп отыр. 2026 жылы облыс тұрғындары үшін қандай жаңа мүмкіндіктер пайда болды?
— Профилактика бүгінде денсаулық сақтау жүйесінің басым бағыттарының біріне айналды. 2026 жылдан бастап бірқатар скрининг азаматтарға МӘМС мәртебесіне қарамастан қолжетімді. Атап айтқанда, онкологиялық ауруларды, артериялық гипертензияны, жүректің ишемиялық ауруын, глаукоманы және қант диабетін ерте анықтауға бағытталған тексерулер жүргізіледі. Бұл — маңызды өзгеріс. Себебі медицинаның тиімділігі ауруды қаншалықты жақсы емдеумен ғана емес, оны қаншалықты ерте анықтаумен де өлшенеді. Қарағанды облысы үшін халықты профилактикалық тексерулермен кеңінен қамту ерекше маңызды. Медициналық ұйымдар азаматтарға уақытылы ақпарат беріп, скринингке шақырып, қажет болған жағдайда әрі қарайғы медициналық көмекті ұйымдастыруы тиіс.
Әрине, мұнда азаматтардың өз жауапкершілігі де маңызды. Егер адам профилактикалық тексеруге шақырылса, оны себепсіз кейінге қалдырмағаны жөн. Ауруды ерте анықтау уақтылы ем қабылдауға мүмкіндік береді.
— Қор МӘМС қаражаты есебінен көрсетілетін медициналық көмектің сапасын қалай бақылайды?
— Қор МӘМС аясында көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен көлемін тұрақты түрде бақылайды. Бақылау пациенттердің өтініштері негізінде де жүргізіледі. Мамандар медициналық қызметтің нақты көрсетілгенін және оның белгіленген талаптарға сәйкестігін тексереді. Егер бұзушылық расталса, медициналық ұйымның қаржыландыру көлемі қайта қаралады: қаражат ұсталып қалуы немесе қайтарылуы мүмкін. Ал жүйелі түрде бұзушылықтарға жол берілген жағдайда шартты бұзуға дейінгі шаралар қолданылуы ықтимал.
Қордың басты міндеті — пациенттердің құқықтарын қорғау және МӘМС қаражатының тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету. Сондықтан сапасыз немесе көрсетілмеген медициналық көмек жағдайлары туралы Қорға хабарлау маңызды.
— Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметінің рөлі қандай? Ол мәселені тікелей медициналық ұйымның ішінде шешуге қаншалықты мүмкіндік береді?
— Бұл қызметтің маңызы жыл сайын артып келеді. Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі — көптеген мәселені пациенттің жоғары тұрған органдарға жүгінуіне жеткізбей, медициналық ұйымның өз ішінде шешуге мүмкіндік беретін маңызды тетік. Қызмет мамандары пациенттердің өтініштерін қарайды, емдеу-диагностикалық процестің ішкі сараптамасын жүргізеді, медициналық көмектің сапасын талдайды және анықталған мәселелер бойынша шара қабылдайды. Жаңа мониторинг тетіктерінің енгізілуіне байланысты сараптамалық жұмыстың да маңызы артып отыр.
Медициналық ұйымның өзі үшін бұл қызметтің тиімді жұмыс істеуі де маңызды. Мәселе неғұрлым ерте анықталып, ұйым ішінде шешілсе, қайталама шағымдар, қаржылық шығындар және қосымша тексерулер соғұрлым аз болады. Сондықтан медициналық ұйымдардың басшыларына бұл қызметті формалды құрылым ретінде емес, медициналық көмектің сапасын басқарудың нақты құралы ретінде қарастыруды ұсынамыз.
— 2026 жылы сақтандырылмаған халықпен жұмыс жүргізу тәсілдері өзгерді. Қазір Қарағанды облысындағы жағдай қандай?
— Біз оң динамиканы байқап отырмыз. 2025 жылғы 1 қаңтардан 31 желтоқсанға дейін Қарағанды облысының төлеушілерінен МӘМС жүйесіне 65,6 млрд теңге түсті. 2026 жылдың жеті айында түсім көлемі 38,2 млрд теңгені құрады. Өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 37,9 млрд теңге болған.
Сонымен бірге сақтандырылмаған халықтың саны да азайып келеді. Егер 2026 жылғы 1 қаңтарда облыста шамамен 173 мың сақтандырылмаған азамат болса, 27 шілдеге қарай олардың саны 131 мыңға дейін төмендеді. Бұл ретте әлеуметтік әл-ауқаттың D және E санаттарына қатысты өзгерістерді атап өткен жөн. 2026 жылғы қаңтардан бастап осы санаттарға жататын азаматтарға сақтандырылған мәртебесі ай сайын беріледі, ал олар үшін жарналар жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді. Бұл шаралар халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік береді.
Дегенмен біздің мақсатымыз — белгілі бір көрсеткішке ғана қол жеткізу емес. Ең бастысы — азаматтың өзінің сақтандыру мәртебесін түсінуі, құқықтарын білуі және қажет болған жағдайда мәртебесін уақтылы қалпына келтіре алуы.
— Биыл «Медициналық көмектің флагманы» байқауын өткіздіңіздер. Бұл жобаның негізгі мақсаты қандай болды?
— «Медициналық көмектің флагманы» байқауы биыл Қордың 10 жылдығына орай ұйымдастырылды. Байқаудың негізгі мақсаты — медициналық ұйымдарды қызмет сапасын арттыруға, заманауи тәсілдерді енгізуге және үздік тәжірибелерді таратуға ынталандыру. Қарағанды облысында жеңімпаздар екі негізгі санат бойынша анықталды.
МСАК, консультативтік-диагностикалық және жедел медициналық көмек көрсететін ұйымдар арасында Қарағанды қаласының №5 емханасы жеңімпаз атанды.
Стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетушілер арасында Облыстық фтизиопульмонология орталығы үздік деп танылды.
Сонымен қатар республикалық деңгейде бес қосымша номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. «Жоғары технологиялар» номинациясында Қарағанды облысының профессор Х.Ж.Макажанов атындағы көпбейінді ауруханасы жеңімпаз атанды.
Бұл — өңірдегі медициналық ұйымдардың дамып, жаңа технологияларды енгізіп, тиімді тәжірибелерімен бөлісуге дайын екенін көрсететін маңызды нәтиже.
— Филиал 2026 жылдың соңына дейін қандай міндеттерді жүзеге асыруды жоспарлап отыр?
— Ең алдымен, медициналық көмекті тұрақты қаржыландыруды және қаржыландыру кезеңдерін уақытылы жабуды қамтамасыз етуіміз қажет. Биыл қаржыландыру процесіне заңнамадағы өзгерістер, медициналық көмектің пакеттері арасында жекелеген міндеттемелердің ауысуы және нормативтік актілерді қабылдау мерзімдері әсер етті. Сондықтан қазір барлық қажетті рәсімдерді аяқтап, қарастырылған қаражаттың тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету маңызды.
Екінші маңызды міндет — сақтандырылмаған халықтың санын одан әрі азайтып, азаматтарды МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейту.
Сонымен бірге Qalqan платформасын енгізу жұмысы жалғасады. Облыста медициналық ұйымдардың өндірістік базаларын цифрландыруды аяқтап, медициналық қызмет көрсетушілердің жаңа цифрлық ортада толыққанды жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет.
Тағы бір маңызды бағыт — медициналық көмектің сапасын арттыру және бұзушылықтардың алдын алу. Бұл жерде Қордың ғана емес, медициналық ұйымдардың, сондай-ақ пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтерінің жұмысы да маңызды.
Әрине, халықпен ашық диалогты жалғастырамыз. Тұрғындардың МӘМС жүйесінің қалай жұмыс істейтінін түсінуі, өз құқықтары мен мүмкіндіктерін білуі маңызды. Ал медициналық ұйымдар азаматтардың мәселелеріне уақтылы жауап беруі тиіс.
Түптеп келгенде, біздің басты міндетіміз — әр адамның қажетті медициналық көмекті уақтылы әрі сапалы алуын қамтамасыз ету.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.