23 қыркүйек күні Жетісу облысытық Мемлекеттік кірістер департаменті мен Жетісу облысы Кәсіпкерлер палатасының Қаратал ауданы филиалы бірлесіп аудан әкімдігінің мәжіліс залында маңызды ақпараттық семинар өткізді. Жиынның мақсаты – 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексінің негізгі нормаларын жергілікті тұрғындар мен кәсіпкерлерге кеңінен түсіндіру.
Семинарға аудан кәсіпкерлері, шаруа қожалықтарының жетекшілері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Облыстық кірістер департаментінің мамандары жаңа салық жүйесіндегі өзгерістерді слайдтар арқылы таныстырып, әрбір норманың мазмұнын нақты мысалдармен түсіндірді.
Жаңа кодекстің басты жаңалықтары
Жаңа Салық кодексінде ел экономикасының ашықтығын арттыруға, салық төлеушілердің жауапкершілігін күшейтуге және бизнес жүргізуді жеңілдетуге бағытталған бірқатар өзгерістер бар.
Қосылған құн салығы (ҚҚС): 2026 жылдан бастап 16 пайызды құрайды. Дегенмен, әлеуметтік маңызы бар тауарлар мен медициналық қызметтерге жеңілдетілген мөлшерлеме сақталады.
Жеке табыс салығы (ЖТС): прогрессивті жүйе енгізіліп, жоғары табысы бар азаматтар үшін салық мөлшерлемесі 15 пайызға дейін көтеріледі. Бұл – табыстың әділ бөлінуіне ықпал ететін қадам ретінде бағаланды.
Корпоративтік табыс салығы (КТС): жалпы мөлшерлеме 20 пайыз болса, банк, сақтандыру және ойын бизнесі секілді салалар үшін 25 пайыз деңгейінде белгіленді. Ал ауыл шаруашылығы өндірушілері жеңілдікпен қала береді.
Көлік салығы: көліктің жасы мен қозғалтқыш көлеміне қарай қайта есептеліп, ескі көліктерге жеңілдіктер қарастырылды.
Зейнетақы жинақтары: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынатын қаражат енді салықтан босатылады. Бұл өзгеріс әлеуметтік осал топтар үшін үлкен қолдау болмақ.
Әкімшілік жеңілдіктер: салық есептілігінің формалары қысқарып, арнайы салық режимдері үш бағыт бойынша жүйеленді. Декларацияларды алдын ала толтыру механизмі енгізіліп, кәсіпкерлердің уақытын үнемдеуге жағдай жасалады.
Талқылау барысы
Семинарда қатысушылар белсенділік танытып, сұрақтарын қойды. Көбінесе ҚҚС мөлшерлемесінің артуы мен ЖТС-тың прогрессивті шкаласы көп талқыланды. Кәсіпкерлер бұл өзгерістердің шағын және орта бизнеске әсері жайлы пікір білдіріп, нақты мысалдар арқылы өз ойларын ортаға салды.
Мамандардың айтуынша, салық мөлшерлемелерінің артуы белгілі бір жүктеме тудырғанымен, ол көлеңкелі экономиканы азайтып, бюджет кірісін әділ бөлуге септігін тигізеді. Сонымен қатар жеңілдіктер жүйесі әлеуметтік топтарды қорғауды көздейді.
Қорытынды
Жиын соңында қатысушылар мұндай кездесулердің маңызын ерекше атап өтті. Жаңа Салық кодексі – тек салық мөлшерлемелерінің өзгерісі ғана емес, ол – мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Қараталдық кәсіпкерлер мен тұрғындар үшін уақытылы берілген ақпарат болашақтағы жұмысын жоспарлауға, ал мамандар үшін халықпен ашық диалог орнатуға мүмкіндік берді.