

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңға енгізілген өзгерістер кезең-кезеңімен қолданысқа енгізілуде. Осыған байланысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өңірлік филиалының өкілдері Шардара, Отырар аудандарында және Кентау қаласында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Кездесулер барысында медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының алаңында нысаналы топ өкілдеріне, сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі есепшілерге МӘМС жарналарын төлеу тәртібі, медициналық көмектер пакеттеріндегі өзгерістер, жеңілдік санаттарының кеңеюі жөнінде жан-жақты ақпарат берілді.
Медицина қызметкерлерін ерекше қызықтырған мәселе – динамикалық бақылауда тұрған науқастардың медициналық көмекті алу тәртібі болды. Мамандардың айтуынша, созылмалы ауруларды емдеу және бақылау МӘМС есебінен қаржыландырылады. Сондықтан пациенттің МӘМС жүйесінде сақтандырылған мәртебесі болуы аса маңызды. Сақтандырылған азамат өзіне тиесілі барлық медициналық қызметтерді кедергісіз ала алады.
2026 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде әлеуметтік мәні бар 11 ауру түрі бойынша профилактика және бастапқы диагностика жүргізіледі. Бұған дейін бұл қызметтер тек АИТВ инфекциясы мен туберкулезге күдік болған жағдайда ғана көрсетілетін.
Жаңартылған тізімге:
қатерлі ісіктер;
созылмалы вирустық гепатиттер мен бауыр циррозы;
психикалық және мінез-құлықтық бұзылыстар;
орфандық аурулар;
жүйке жүйесінің дегенеративті және демиелинизациялық аурулары;
эпилепсия;
жедел миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
инсульттер (1 жыл ішінде) енгізілді.
Сонымен қатар ТМККК аясында артериялық гипертония, ишемиялық жүрек ауруы, глаукома, қант диабеті, В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтауға арналған скринингтер жүргізіледі. Бұл шаралар ауруларды дер кезінде анықтауға және ем нәтижелерін жақсартуға мүмкіндік береді.
Ал бірқатар созылмалы аурулар бойынша (артериялық гипертензия, қант диабеті, балалар церебралды сал ауруы, ревматизм, дәнекер тінінің жүйелі зақымдануы, бүйрек аурулары) медициналық көмек 2026 жылдан бастап емхана мен стационар деңгейінде МӘМС пакеті арқылы көрсетіледі.
Мамандар ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшерінен (850 мың теңгеден) жоғары табыс алатын азаматтар үшін МӘМС төлемдерінің өзгеретінін атап өтті. Жұмыс берушілер мен қызметкерлер өз төлемдерін msqory.kz ресми сайтындағы МӘМС калькуляторы арқылы алдын ала есептей алады.
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап:
қызметкерлер үшін жарна есептелетін табыстың жоғарғы шегі – 20 ЕТЖ;
жұмыс берушілер үшін – 40 ЕТЖ болады.
Осыған сәйкес:
қызметкердің ең жоғары жарнасы – 34 000 теңге;
жұмыс берушінің ең жоғары аударымы – 102 000 теңге.
Жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының иелері және жеке практикамен айналысатын тұлғалар үшін МӘМС жарнасы бұрынғыдай айына 5 950 теңге болып қалады. Бұл – табыс көлеміне қарамастан төленетін тұрақты жарна.
Ал дербес төлеушілер үшін ай сайынғы жарна мөлшері 4 250 теңге. Сақтандырылған мәртебе алу үшін өткен немесе алдағы 12 ай бойынша төлемдер толық жүргізілуі тиіс.
МӘМС жүйесіне тұрақты қатысып жүрген азаматтарды қолдау мақсатында жеңілдік кезең ұзартылды. Енді соңғы 5 жыл бойы үздіксіз жарна төлеп келген азаматтар уақытша төлем жасау мүмкіндігі болмаған жағдайда да 6 ай бойы сақтандырылған мәртебесін сақтай алады. Бұған дейін бұл мерзім 3 айды құраған.
МӘМС жүйесіне немесе медициналық көмекке қатысты сұрақтар туындаған жағдайда азаматтар тіркелген емханадағы Пациентті қолдау қызметіне жүгіне алады. Сондай-ақ сақтандыру мәртебесін:
msqory.kz сайты,
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы,
1414 байланыс орталығы,
екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы тексеруге болады.
Азаматтардан түскен барлық өтініштер міндетті түрде қаралып, толық шешілгенге дейін бақылауда болады.
