Увеличение спроса на потребительские займы ожидают банки в следующем квартале

Шалғай аудан медицинасы дамып келеді

Сегодня, 05:11
5 мин. чтения
282
Шалғай аудан медицинасы дамып келеді
МӘМС

Ауыл тұрғындарының денсаулығын қорғауда аудандық аурухананың рөлі ерекше. Соңғы жылдары мекеме жаңа тыныс алып, қызмет көрсету сапасын арттыруда.Біз осы жайында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасының  басшысы Гүлдәрия Шардарбековамен сұхбаттасқан едік.

-Аудандық аурухана қазіргі таңда қандай бағыттар бойынша медициналық қызмет көрсетеді?

- Бәйдібек аудандық орталық аурухана соңғы жылдары елеулі жаңғыру мен даму жолына түсті. Құрамында 1 бастапқы медициналық-санитарлық көмек орталығы, 11 дәрігерлік амбулатория, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық тірек бар мекеме аудан халқының денсаулығын қорғауда маңызды рөл атқарып келеді.

Стационарлық бөлімде қабылдау бөлімі, жансақтау, инсульт орталығы, балалар бөлімі, босану және гинекология, хирургия және травматология, сондай-ақ жұқпалы аурулар бөлімдері жұмыс істейді. Барлық қызмет жоғары және бірінші санатты тәжірибелі дәрігерлермен көрсетіледі.

Аурухана қабылдау бөлімінде «ТРИАЖ» жүйесін енгізген. Бұл жүйе пациентті жедел сұрыптап, қажетті зерттеулерді жылдам жүргізуге және әрі қарайғы емдеу бағытын анықтауға мүмкіндік береді. Науқас жағдайына қарай стационарға, стационарды алмастыратын бөлімге немесе амбулаторлық емге жіберіледі. Қазіргі таңда ауруханада маман тапшылығы жоқ, барлық бейінді дәрігерлермен толық қамтылған.

Басым бағыттардың бірі – хирургиялық, гинекологиялық, травматологиялық және нейрохирургиялық оталарды кішіинвазивтік әдіспен жасау. Бұл үшін қажетті жабдықтарға тапсырыс берілген, алдағы уақытта облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен толық қамтамасыз етіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, инсульт орталығының дәрігерлерін шетелде оқыту, травматолог маманын жұмысқа алу және гинекологиялық бағытта облыстың тәжірибелі мамандарымен бірлесіп «мастер-класс» өткізу жоспарланған.

Емханада барлық бейінді мамандар бар және зертханалық-диагностикалық жабдықтармен толық қамтылған. Онкологиялық аурулардың алдын алу үшін скринингтік тексерулер жүргізіледі. Егер онкоқырағылық байқалса, пациенттер «Жасыл дәліз» арқылы кезексіз маман қабылдауына жіберіледі, бұл – ауруды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік береді.

Туберкулездің алдын алу және ерте анықтау бойынша фтизиатр дәрігерлер аймақтық мамандармен бірлесіп жұмыс істейді. Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Ауруларды басқару бағдарламасы» аясында жүрек жеткіліксіздігі, қант диабеті және артериялық гипертензиямен ауыратын науқастар кешенді бақылауға алынады.

Жақында Бәйдібек аудандық орталық ауруханасы медициналық көмектің жоғары сапасын, заманауи диагностика мен емдеу әдістерін енгізуді және қауіпсіз жағдай жасауды растады. Мекеме сәтті түрде реаккредитациядан өтті, бұл – ұжымның кәсіби біліктілігінің және халық денсаулығына деген адалдығының айқын көрінісі.

 

-Медициналық персоналдың кәсіби біліктілігін арттыру үшін қандай шаралар қабылдануда?

- Бәйдібек аудандық орталық аурухана соңғы жылдары мамандар даярлау, біліктілікті арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Аурухана есебінен травматолог-ортопед, кардиолог, балалар хирургі, онколог, УДЗ маманы және ЛОР дәрігерін қоса алғанда 7 маман резидентураға жіберілді. Қазіргі таңда 2 резидент – онколог және травматолог-ортопед – оқуларын аяқтап, қызметке келуге дайын.

Педиатрия, хирургия және босану бөлімінің меңгерушілері Ресейдің Новосибирск қаласында білімін жетілдіріп қайтты. Жансақтау бөлімінің меңгерушісі мен инсульт орталығының реаниматологы Түркия мен Грузияда тәжірибе жинақтады.

Нейрохирургия саласында да жетістіктер мол. Шымкенттен келісім-шарт негізінде келген тәжірибелі нейрохирург инсульт орталығы мен хирургия бөлімінің пациенттеріне жедел және жоспарлы оталар жасауда.

Алдағы уақытта басшылардың орынбасарларын шет елдерде оқыту, сондай-ақ облыстық клиникалық аурухананың тәжірибелі мамандарымен бірлескен «мастер-класстар» өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар шалғай аудан тұрғындарына сапалы, қолжетімді және жоғары технологиялық медициналық көмекті қамтамасыз етуге бағытталған.

-Аурухана МӘМС қаражаты есебінен қандай жоғары технологиялық оталарды орындай алады?

- Бәйдібек аудандық орталық аурухана бүгінде шалғай өңір тұрғындарына жоғары деңгейдегі хирургиялық көмекті ұсынып отыр. Мұнда түрлі бағыттағы жоспарлы және жедел оталар жасалады.

Абдоминальді және торакальді хирургия саласында:

Жедел оталар: холецистэктомия, эхинококкэктомия, ішек резекциясы және стома шығару, іш қуысы ағзаларына барлық түрдегі шұғыл араласулар.

Травматологияда:

Ашық репозиция және сүйек сынықтарына экстра және интрамедуллярлық остеосинтез, пластинкалар мен сымдарды алу.

Акушерлік-гинекологияда:

Кесар тілігі, гистерэктомия, экстирпация секілді жедел араласулар.

Ауруханада арнайы ЭОП қондырғысы орнатылған жағдайда, жоғары технологиялық оталарды да жасау мүмкіндігі бар. Олардың қатарында:

Нейрохирургиялық: омыртқа сынықтары мен жарықтарына оталар;

Травматология-ортопедия: БИОС қою, тізе және жамбас буындарын алмастыру.

Бүгінде ауруханада тәжірибелі нейрохирург қызмет етуде. Ал травматологиялық жоғары технологиялық оталарды енгізу мақсатында 2025 жылы хирургия бөлімінің меңгерушісі Астана қаласындағы Травматология және ортопедия ғылыми институтында 5 айлық машықтанудан өтті.

Бұл бастамалар Бәйдібек аудандық орталық ауруханасын өңірлік деңгейде күрделі оталарды жасай алатын медициналық орталыққа айналдыруға бағытталған.

-Емделушілерден түсетін ұсыныстар мен шағымдар қалай қаралады?

- Бәйдібек аудандық орталық аурухана пациенттермен кері байланысты нығайтып, олардың құқықтарын қорғау бағытында ауқымды жұмыстар атқаруда. Бүгінде медициналық ұйым жанынан арнайы «Пациенттердің құқығын қорғау және ішкі аудит» қызметі құрылып, бұл салаға жауапты маман тағайындалған.

Пациенттердің ұсыныс-пікірлері мен шағымдарын дер кезінде қабылдау үшін барлық бөлімшелерде «сенім жәшіктері» орнатылған. Сонымен қатар, ауруханаға тікелей хабарласып, мәселені жедел жеткізуге мүмкіндік беретін Call-орталық жұмыс істейді.

Науқастардан немесе олардың туыстарынан ауызша немесе жазбаша шағым түскен жағдайда, аталған қызмет құрамындағы сарапшылар тарапынан қызметтік тексеру жүргізіледі. Тексеру нәтижелері аурухана басшылығына баяндалып, тиісті шаралар қолданылады.

Бұл жүйе медициналық қызметтің ашықтығын арттырып қана қоймай, пациенттердің сенімін нығайтуға, сондай-ақ көрсетілетін көмектің сапасын үздіксіз жақсартуға мүмкіндік беріп отыр.

-Инфрақұрылымды жаңғырту немесе жаңа бөлімдер ашу жоспарда бар ма?

- Бәйдібек аудандық орталық аурухана бүгінгі күні аудан халқына тәулік бойы 195 төсек және күндізгі 116 төсек арқылы медициналық қызмет көрсетіп отыр. Медициналық инфрақұрылымды жаңарту және жаңа бөлімдер ашу жұмыстары қарқынды түрде жалғасуда.

Ағымдағы жылы бірқатар маңызды жобалар жүзеге асты. Боралдай ауылында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, УЗИ және зертхана қызметі бар аудандық бірінші БМСК көрсету орталығы ашылды. Орталық емханада амбулаторлық хирургия бөлімі, Үздік тәжірибе орталығы (ЦЛП) және шұғыл көмек көрсету кабинеті жұмысын бастады.

Диагностика саласында да айтарлықтай жетістіктер бар. Ауруханаға компьютерлік томограф алынып, инсульт орталығы іске қосылды. Сондай-ақ емханаға жаңа маммограф пен флюорограф аппараттары орнатылды.

Халыққа жедел медициналық көмек көрсету мақсатында 3 жаңа «Hyundai» және қолданыста болған 1 «Mercedes-Benz» санитарлық автокөлігі алынды. Бұдан бөлек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жылжымалы диагностикалық кешен автобусы беріліп, шалғай ауыл тұрғындарына қызмет көрсетуде.

Елді мекендердегі медициналық нысандар да жаңаруда. Жарықбас және Ағыбет ауылдарында жаңа дәрігерлік амбулаториялар, Шыбыт медициналық тірегі бой көтеріп, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар Шалдар, Боралдай және Алғабас дәрігерлік амбулаториялары күрделі жөндеуден өтті.

Алдағы уақытта 2025 жылғы жұмыс нәтижелері талданып, қажет болған жағдайда қосымша төсектер мен жаңа бөлімшелер ашу жоспарлануда.

Бұл өзгерістер аудан тұрғындарының сапалы әрі қолжетімді медициналық қызметке деген мүмкіндігін арттырып, өңірдің денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтеріп отыр.

9fa93161-4e48-49b0-b30c-1432bc56f518.webp

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Сегодня