Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының дәрігерлері ишемиялық инсульт диагнозы қойылған 55 жастағы науқасқа омыртқа артериясын стенттеу бойынша күрделі ота жасап, оның өмірін сақтап қалды. Бұл — өңірдегі нейрохирургия саласының дамып келе жатқанын дәлелдейтін нақты көрсеткіш.
Өміріне қауіп төндіретін патология науқасқа профилактикалық тексеру кезінде анықталған. Уақтылы медициналық көмек көрсетіліп, бір сағатқа созылған жоғары технологиялы операция сәтті аяқталды.
Сарыағаш аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Бахыт Мирзалиевтің айтуынша, соңғы жылдары мекемеде нейрохирургиялық көмектің сапасы мен қолжетімділігі айтарлықтай артқан.
"Тек өткен жылы 70-тен астам күрделі нейрохирургиялық ота жасалып, талай азаматтың өмірі мен денсаулығы аман қалды. Мұндай жоғары технологиялы көмек бүгінде Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі арқылы толық қаржыландырылып отыр," — деді ол.
Осы секілді заманауи оталар өңір тұрғындарына МӘМС жүйесі аясында тегін негізде көрсетіледі. Бұл — сапалы, қолжетімді және өмірлік маңызды медициналық көмекті қамтамасыз етудегі маңызды қадам.