

МӘМС жүйесін жаңғыртуға бағытталған өзгерістердің ішінде қызу талқыға түсіп жатқан ТМККК және МӘМС пакеттеріне енгізілген өзгерістерге қатысты Кентау қалалық емханасының басшысы Сәкен Бұзаубақовпен сұхбаттасқан болатынбыз.
– ТМККК және МӘМС пакеттеріндегі өзгерістер жөнінде не айтасыз?
– 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік мәні бар аурулардың (ӘМА) жаңартылған тізбесі күшіне енді. Бұл шешім «Кейбір заңнамалық актілерге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және медициналық қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру аясында қабылданды.
Заңға сәйкес, 2026 жылдан бастап тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде сақтандыру мәртебесіне қарамастан келесі аурулар бойынша медициналық көмек пен дәрі-дәрмек қамтамасыз етіледі:
туберкулез;
АИТВ инфекциясы;
созылмалы вирустық гепатиттер және бауыр цирроздары;
қатерлі ісіктер;
психикалық және мінез-құлық бұзылыстары;
орфандық (сирек) аурулар;
жіті миокард инфарктісі (алғашқы 6 ай);
нерв жүйесінің дегенеративті аурулары;
орталық нерв жүйесінің демиелинизациялық аурулары;
эпилепсия;
цереброваскулярлық аурулар.
Айта кетерлігі, тізбеге алғаш рет эпилепсия және инсульттан кейінгі жағдайлар (1 жыл бойы) енгізілді. Бұл ауыр неврологиялық аурулармен ауыратын азаматтарды ұзақ мерзімді бақылау мен тұрақты емдеумен қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ, енді барлық әлеуметтік мәні бар аурулардың бастапқы диагностикасы сақтандыру мәртебесіне қарамастан ТМККК аясында жүргізіледі. Бұған дейін бұл мүмкіндік тек туберкулез бен АИТВ инфекциясына ғана қатысты болған.
Ал, МӘМС пакетіне келесі аурулар ауыстырылды:
қант диабеті;
балалардың церебралды сал ауруы;
дәнекер тіннің жүйелік зақымдануы;
ревматизм.
Бұл ретте медициналық көмектің көлемі қысқартылмайды, тек қаржыландыру көзі өзгереді. Барлық сақтандырылған азаматтар МӘМС аясында емін, консультацияларын және дәрі-дәрмектерін тегін ала береді.
– Әлеуметтік мәні бар және созылмалы ауруларды есепке алу қалай жүргізіледі?
– Қазақстанда әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулары бар азаматтар міндетті түрде медициналық бақылауға алынады. Бұл бақылау науқастың денсаулығын ұзақ мерзімді қадағалауға, асқынулардың алдын алуға және емді уақтылы жүргізуге бағытталған.
Әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулардың тізбесі ҚР Денсаулық сақтау министрінің №108 және №109, №149 бұйрықтарымен бекітілген.
Азамат өзі тіркелген емханаға жүгінеді. Онда:
учаскелік дәрігер қабылдайды;
алғашқы тексеру, талдаулар мен диагностикалық зерттеулер жүргізіледі;
алдын ала диагноз қойылады;
ауру расталса, пациент динамикалық бақылауға алынады.
Осы кезеңде азаматтың әлеуметтік мәртебесі мен МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесі де тексеріледі.
Динамикалық бақылау аясында:
жоспарлы дәрігерлік тексерулер;
талдаулар мен диагностика;
емнің тиімділігін бағалау;
асқынудың алдын алу шаралары жүргізіледі.
Бақылау жиілігі диагнозға және клиникалық хаттамаларға сәйкес белгіленеді.
– Мамандандырылған және стационарлық көмек қалай көрсетіледі?
– Науқас мамандандырылған медициналық көмекке емхана дәрігерінің жолдамасы арқылы жіберіледі. Бұл тар бейінді мамандардың (кардиолог, эндокринолог, онколог және т.б.) қабылдауын, тереңдетілген диагностика мен ем тактикасын қамтиды. Бұл қызметтер ТМККК немесе МӘМС шеңберінде көрсетіледі.
Ауру асқынған жағдайда науқасқа:
тәулік бойы немесе күндізгі стационар;
операциялық ем (қажет болғанда);
кешенді терапия көрсетіледі.
Амбулаториялық деңгейде дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бекітілген тізімге сәйкес тегін немесе жеңілдікпен жүзеге асырылады.
– Оңалту және паллиативтік көмек қалай ұйымдастырылады?
– Ұзақ емнен немесе асқынудан кейін науқас медициналық оңалтудан өтеді. Бұл кезеңде физиотерапия, емдік дене шынықтыру, психолог пен реабилитологтың көмегі көрсетіледі.
Ауыр жағдайдағы пациенттерге паллиативтік көмек пен ұзақ мерзімді күтім ұйымдастырылады. Бұл ауырсынуды азайтуға, күтім көрсетуге және өмір сапасын жақсартуға бағытталған.
– МӘМС жүйесіндегі мәртебені қалай тексеруге болады?
– Азаматтар өз мәртебесін келесі арналар арқылы тексере алады:
msqory.kz ресми сайты;
Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы;
Telegram-дағы @SaqtandyrýBot;
Damumed қосымшасы;
екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары (Kaspi, Halyk, BCC, Forte және т.б.).
Әлеуметтік мәні бар және созылмалы аурулары бар азаматтар өздерінің әлеуметтік және сақтандырылған мәртебесін уақытылы тексеріп отыруы тиіс. Қызмет алу бағыты немесе құқықтар бойынша сұрақтар туындаса, тіркелген медициналық ұйымдағы Пациентті қолдау қызметіне жүгінуге болады.