Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері медицина саласында тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Мұнда нейрохирургия бағыты бойынша бұрын-соңды жасалмаған, жоғары технологиялық күрделі ота алғаш рет сәтті орындалды.
Ауруханаға мойын омыртқасының тұсындағы қатты ауырсынудан және екі қолының мұздап, ұйып ауруынан зардап шеккен науқас түсті. Тексеріс барысында оның мойын омыртқасында (С6–С7 деңгейінде) жүйкені қысып тұрған үлкен диск жарығы (грыжа) анықталған.
Түркістандық білікті нейрохирургтар Асқар Бахтияров пен Әлібек Үсенұлы науқасқа мойын омыртқасындағы жарықты алып тастап, оның орнына арнайы кейдж (имплант) орнату отасын жасады. Дәрігерлер мойынның алдыңғы тұсынан кіру арқылы жұлын мен жүйке талшықтарын қысып тұрған жарықты толық тазартып, омыртқаның қалпын сақтау үшін заманауи медициналық құрылғыны сәтті орнатты.
Ең маңыздысы — бұл қымбат әрі өте күрделі хирургиялық көмек науқасқа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында толықтай тегін жасалды.
«Бұрын мұндай күрделі оталар тек республикалық орталықтарда немесе ірі мегаполистерде ғана жасалатын. Қазіргі таңда ауруханамыздың заманауи құрылғылармен жабдықталуы және мамандарымыздың тәжірибесі арқасында бұл көмекті Түркістан қаласында-ақ көрсетуге мүмкіндік туды», — дейді аурухана дәрігерлері.
Қазіргі уақытта ота сәтті аяқталып, науқастың жағдайы тұрақтанды. Омыртқадағы жүйкенің қысылуы басылғандықтан, қолдарындағы ауырсыну мен әлсіздік белгілері жойылып, ол өзін жақсы сезінуде.
Бұл ота — Түркістан медицинасының сапалық тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілгенін және тұрғындардың өз қаласында жоғары деңгейлі көмек ала алатынын көрсетті. Түркістан қалалық орталық ауруханасының ұжымы халыққа сапалы әрі қолжетімді медициналық қызмет көрсетуді алдағы уақытта да жалғастыра бермек.