NewsHub.kz - Информационный хаб

Түркістан облысында МӘМС жүйесімен қамтылатын азаматтар қатары кеңейді

Сегодня, 05:23
2 мин. чтения
101
Түркістан облысында МӘМС жүйесімен қамтылатын азаматтар қатары кеңейді
МӘМС

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының мәліметінше, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, жергілікті бюджет қаражаты есебінен азаматтардың жаңа санаттары үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу басталды.

Жаңа өзгерістер екі санаттағы азаматтарды қамтиды. Біріншісі – жұмыспен қамту орталықтарында ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар. Екіншісі – әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейіне жататын, жұмыс істемейтін әрі соңғы үш айда міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған азаматтар.

Ресми жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджеттен автоматты түрде ай сайын төленеді. Ал D және E санатындағы азаматтарға медициналық көмекке алғаш жүгінген сәттен бастап МӘМС жүйесінде шартты түрде мәртебе беріледі. Бұл санаттағы азаматтардың жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Азаматтардың аталған санаттарға жататыны туралы деректерді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырып, Қорға ұсынады. Яғни, Қор жеңілдік санаттарының тізімін қалыптастырмайды, тек ұсынылған мәліметтер негізінде азаматтарға МӘМС жүйесінде тиісті мәртебе береді.

Осыған байланысты медициналық ұйымдарға ресми жұмыссыздарды және D, E санаттарына жататын азаматтарды дер кезінде анықтап, олардың МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алуына жағдай жасау маңызды.

Бүгінде Түркістан облысында 72 051 ресми жұмыссыз азамат үшін 425,5 млн теңгеден астам МӘМС жарнасы төленген. Сонымен қатар D және E санатындағы медициналық көмекке жүгінген 796 азамат үшін 4,7 млн теңге көлемінде жарна аударылды.

Маусым айының қорытындысы бойынша облыста D санатында 78 563, E санатында 16 471 азамат тіркелген. Жалпы саны – 95 034 адам. Бұл өңірдегі сақтандырылмаған тұрғындардың шамамен 31%-ын құрайды.

МӘМС жүйесіне азаматтардың жаңа санаттарын қосу – әлеуметтік тұрғыдан осал тұрғындарды медициналық сақтандырумен қамтуды арттыруға бағытталған маңызды қадам. Бұл ретте азаматтардың мәртебесін уақытылы анықтау және ақпараттық жүйелердегі деректерді өзектендіру арқылы олардың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше мән беріледі.

https://adilet-partiyasy.kz/kz
Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Вчера
28 июля