

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі өзгерістер, өңірдегі медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасы, сондай-ақ тұрғындардың өтініштерін қарау тәртібі туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-ның Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Бақыт Исмаханбетовтен сұрадық.
- Өңірде медициналық көмекті қаржыландыру көлемі артып келеді. Бейінді маманның қабылдауына және диагностикалық тексеруден өтуге күту мерзіміне қандай факторлар әсер етеді? Қор филиалы осы қызметтердің қолжетімділігін арттыру және күту уақытын қысқарту үшін қандай шаралар қабылдап жатыр?
- ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодекстің 134-бабы, 1-тармағының, 2) тармақшасы пациенттің кезек күтуіне қатысты негізгі норма. Оған сәйкес пациент кемшіліксіз, медициналық өлшемдерге сай белгіленген кезекпен көмек алуға құқылы. Кодекстің 117-бабының 3) тармақшасына сәйкес, медициналық көмекті кейінге қалдыру пациенттің жағдайын нашарлатпайтын және өміріне қауіп төндірмейтін кезде ғана ол жоспарлы түрде көрсетіледі.
Жолдамамен көрсетілетін жоспарлы мамандандырылған амбулаториялық көмекті күту мерзімі 60 күнтізбелік күннен аспауға тиіс. Бұл талап Денсаулық сақтау министрінің № ҚР ДСМ-37 бұйрығымен бекітілген қағидалардың 17-тармағында көрсетілген. Емханада қажетті маман немесе жабдық болмаса, медициналық көрсетілім бойынша МӘМС аясында қызмет көрсететін басқа ұйымға жолдама беру мүмкіндігін қарастыруды сұрауға болады. Яғни, халыққа медициналық көмекті ұйымдастыру және қамтамасыз етумен жергілікті атқарушы орган тікелей айналысады.
Күту мерзіміне қызметтің қалай ұйымдастырылғаны да әсер етеді. Мысалы, жолдама қажет қызметке пациент жолдамасыз жүгінсе, оны қабылдауға жазу қосымша уақыт алуы мүмкін. Сондай-ақ жоспарлы қабылдау мен ем-шаралардың кестесі дұрыс үйлестірілмесе, кезек ұзаруы ықтимал.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мемлекеттен, жұмыс берушілерден және азаматтардан түсетін қаражатты бір қорға жинақтап, оны медициналық қызметтерге ақы төлеуге жұмсайды. Қор халыққа қандай қызметтер және қандай көлемде қажет екенін анықтап, соған сай медициналық қызметтерді сатып алады және медициналық ұйымдармен шарт жасасады.
Қор филиалы пациент ұзақ күтуге шағымданған кезде медициналық ұйыммен бірге кідірістің себебін анықтап, қызметті алу жолын қарастырады. Мысалы, пациент тексеруге жазыла алмаса, филиал жазылуға не кедергі болғанын нақтылап, медициналық ұйыммен бірге қабылдауға жазылу немесе қызметті басқа ұйымда алу мүмкіндігін пысықтайды.
Филиал жеке өтініштерді қараумен қатар, медициналық ұйымдармен бірге қай қызметтерге сұраныс жоғары екенін және жоспарланған қызмет көлемінің қаншалықты орындалғанын талдайды. Егер белгілі бір қызметке сұраныс жоспарланған көлемнен асып кетсе, филиал сол көлемді қайта қарау мәселесін көтереді.
Түркістан облысының медициналық ұйымдарында 2026 жылдың 9 айында жоспарлы ауруханаға жатқызуға қатысты 9 064 пациент тіркелген. Олардың 4 655-і (51,4%) 30 күннен артық күткен. Ұзақ күтуге бір ғана себеп емес, медициналық ұйымдардың мүмкіндігі, мамандарға сұраныс және пациенттерді бағыттау тәртібі әсер етуі мүмкін.
Талдауда мына мәселелер көрсетілген:
Кей емханалар жоспарлы өтінімдерді порталға 60–90 күн бұрын енгізеді. Мұндай жағдайда өтінімнің уақтылығы мен нақты қажеттілігін қосымша бағалау қажет.
Созылмалы бүйрек ауруының 3–5-сатыларында күту мерзімі алты айға дейін созылады.
Үшінші деңгейдегі стационарларға түсетін жүктеме жоғары.
Кейбір жағдайларда консервативті емді күндізгі стационарда немесе емхана деңгейінде ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру қажет.
Инсульт пен жүрек-қан тамырлары ауруларынан кейін оңалтуға сұраныс қолданыстағы қаржыландырылатын көлемнен асып түседі.
Қант диабеті мен өкпенің созылмалы обструктивті ауруы кезінде емді іріктеу емхана деңгейінде жүргізілмесе, жоғары деңгейлі стационарларға түсетін жүктеме артуы мүмкін.
Күту мерзімін қысқарту үшін күту уақыты 30 күннен асқанда пациентті басқа, соның ішінде жекеменшік немесе ауданаралық стационарға бағыттау тетігін қарастыру; неврология мен эндокринология бойынша қызмет көлемін нақты сұранысқа сай қайта бөлу; Сарыағаш пен Жетісай аудандарына бейінді мамандардың көшпелі бригадаларын жіберу.
Сондай-ақ қымбат тәулік бойғы стационарлық көмектің бір бөлігін амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және емханалардағы денсаулық мектептеріне бағыттаған жөн. Бұл пациентті қажетті көмек көрсетілетін деңгейге уақтылы бағыттап, стационарлардағы жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың 10 айында Қор филиалына СРМ желісінен 563 өтініш түсті. Оның 6-уы ұзақ күтуге қатысты болды. Бұл көрсеткіш ресми түрде түскен өтініштерді қамтиды, сондықтан өңірдегі кезектің жалпы ауқымын толық көрсетпейді. Филиал қараған арыздардың ішінен 2-3 мысал келтірсек.
1)Облыс тұрғыны анализ нәтижесі дер кезінде шықпаған соң, соң Қор филиалына жүгінді. Өтінішті қарау барысында бір айдан бері іш қуысы ағзаларының ультрадыбыстық зерттеуіне жазыла алмай жүргені белгілі болды. Медициналық ұйыммен бірлескен жұмыстың нәтижесінде пациент қажетті қызметті алды.
2)Пациенттен жоспарлы емді алу үшін ақы сұралғаны туралы өтініш түсті. Тексеру барысында жоспарлы емге пациентті жолдамамен жолдамағаны белгілі болды. Нәтижесінде Қор филианың араласуымен пациентке қажетті қызмет көрсетіліп, арызы кері қайтарылды.
3)Тұрғынның МӘМС мәртебесіне қатысты мәселе туындады. Оның себебі жұмыс беруші жұмысшыға тұрақты төлем жүргізбеген. Мәртебесі сақтандырылмаған науқас ақылы қызметке барғаны белгілі болды. Тиісті ұйыммен бірлесіп тұрғынның мәртебесі бойынша жұмыс жүргізіліп, азаматтың қажетті медициналық көмек алуына жағдай жасалды.
-Өңірде қандай медициналық қызметтерге сұраныс жоғары екенін қалай анықтайсыздар? Ауыл мен шалғай елді мекен тұрғындарының қажеттілігі қалай ескеріледі?
-Сұранысты бірнеше дерекке сүйеніп бағалаймыз: медициналық ұйымдарға берілген жолдамалар мен кезек туралы мәліметтерді, көрсетілген қызмет көлемін, аурушаңдық құрылымын, пациенттердің өтініштерін және медициналық ұйымдардың мүмкіндігін салыстырамыз. Осы талдау арқылы бейінді мамандардың консультациясы мен диагностикалық зерттеулерге қажеттілікті анықтаймыз.
Ауылдар мен шалғай елді мекендер бойынша мәліметтерді аудан және қала кесіндісінде қараймыз. Денсаулық сақтау басқармасы және медициналық ұйымдармен бірлесіп, көмекті тұрғынның тұрғылықты жеріне жақын ұйымдастыру, жолдама бағытын реттеу және қызмет көлемін нақты сұранысқа сәйкестендіру мәселелерін қарастырамыз.
Түркістан облысында алғашқы медициналық-санитариялық көмекке, зертханалық талдауларға, УДЗ, КТ және МРТ зерттеулеріне сұраныс жоғары. Сондай-ақ тұрғындар стоматолог, кардиолог, педиатр және гинеколог қызметтеріне жиі жүгінеді. Ауруханада көрсетілетін мамандандырылған көмекке де сұраныс бар.
Бұл қызметтерді қолжетімді ету үшін МӘМС аясындағы қызметтер кеңейтіліп, аудандар мен ауылдарда медициналық кабинеттер ашылып жатыр. Медициналық ұйымдар заманауи диагностикалық жабдықтармен және жылжымалы медициналық кешендермен қамтамасыз етілуде. Мобильді бригадалар ұйымдастырылып, қашықтан кеңес беру дамытылып жатыр.
Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірде көрсетілетін медициналық қызметтердің саны мен түрі көбейді. Жоғары технологиялық оталардың жергілікті жерде жасалатын үлесі де артты. Бұл жұмыстар ауруларды ерте анықтауға және тұрғындардың медициналық көмек алу уақытын қысқартуға бағытталған.
Кейбір ауылдарда бейінді мамандар мен диагностикалық жабдықтар әлі де жетіспейді. Мамандандырылған қызметтер барлық жерде бірдей қолжетімді болмағандықтан, шалғай елді мекендердегі медициналық инфрақұрылымды дамыту қажет.
-Көрсетілмеген немесе негізсіз тіркелген медициналық қызметтерді қалай анықтайсыздар?
- Қор медициналық ұйымдардың шарт бойынша көрсеткен қызметтерін тексереді. Ол үшін қызмет туралы мәліметтерді медициналық құжаттармен және ақпараттық жүйелердегі жазбалармен салыстырады. КМАЖ жүйесінде пациенттің жеке басы Face ID арқылы расталады. Пациенттің стационарда болғанына қатысты деректер сәйкес келмесе немесе азаматтан өтініш түссе, Қор қосымша тексеру жүргізеді.
Медициналық ақпараттық жүйелердегі деректер өзара салыстырылып, сәйкес келмейтін жазбалар анықталады. Мысалы, бір пациенттің бір уақытта екі стационарда ем қабылдағаны немесе стационарлық еммен қатар амбулаториялық қызмет алғаны көрсетілсе, цифрлық сүзгілер мұндай қайшылықты белгілейді. Сарапшылар медициналық құжаттар мен электрондық карталарды тексеріп, қызметтің нақты көрсетілгенін және пациенттің жағдайына негізделгенін қарайды.
Ақаулар ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының №321 бұйрығымен бекітілген жіктеуіш бойынша тіркеледі. 5.0 коды көрсетілмеген немесе құжатпен расталмаған қызметке, ал 1.0 коды пациентке медициналық тұрғыдан негізсіз көмек көрсетілген жағдайға қолданылады.
2026 жылдың алғашқы 9 айындағы Түркістан облысы бойынша мониторинг пен шағымдарды тексеру нәтижесінде:
1.0 коды бойынша негізсіз көрсетілген 7 824 жағдай анықталды. Бұл жалпы ақаулардың 9,6%-ын құрайды. Оның 1 362-сі стационарлық және стационарды алмастыратын көмекке қатысты;
5.0 коды бойынша көрсетілгені расталмаған 49 507 қызмет тіркелді — 61%;
медициналық көмек көлемін негізсіз арттырудың 16 652 жағдайы анықталды — 20,5%.
Ақпараттық жүйедегі белгі өздігінен бұзушылықты түпкілікті растауды білдірмейді: әр жағдай құжаттар мен тексеру нәтижелері бойынша сараланады.
Бұл кемшіліктер құқық қорғау органдары жүргізген тексерулер барысында анықталды. Сол кезде Қор филиалының тиісті ақпараттық жүйелерге кіруге рұқсаты болмағандықтан, медициналық қызмет көрсету кезінде орын алған кемшіліктерді дер кезінде анықтау қиын болды.
Тексеру қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылданып, жағдай біртіндеп жақсара бастады. Дегенмен, түпкілікті қорытынды жасауға әлі ерте. Кемшіліктерді жою және олардың қайталануына жол бермеу жұмыстары жалғасып жатыр.
– Азаматтар неге сақтандырылмай қалады және бұл мәселені шешу үшін қандай жұмыс жүргізіліп жатыр?
– Сақтандырылмаған мәртебенің жиі кездесетін себептері — жұмыс берушінің жарнаны уақытылы немесе толық төлемеуі, жеке кәсіпкерлер мен азаматтық-құқықтық шартпен жұмыс істейтін адамдардың төлем мерзімінің аяқталуы, жекелеген айлар бойынша берешектің болуы. Бұған қоса, мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі деректер кеш жаңаруы немесе өзара сәйкес келмеуі мүмкін. Кей жағдайда жеңілдік санатына жататын азамат туралы мәлімет жүйеде дұрыс көрсетілмейді. Шартты сақтандырылған мәртебесі бар азаматтар оның қолданылу мерзімі аяқталған кезде сақтандырылмағандар қатарына қосылуы ықтимал.
Жыл басында өңірде сақтандырылмаған 390 273 адам болса, 2026 жылғы қарашадағы мәлімет бойынша олардың саны 308 938 адамға дейін азайды. Бұл — 81 335 адамға немесе 20,8%-ға төмендеу.
Мәселені шешу үшін Қор филиалы сақтандырылмаған азаматтардың тізімін Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасына ай сайын жолдайды. Басқарма азаматтарды медициналық ұйымдар бойынша бөліп, олармен жеке жұмыс жүргізуді ұйымдастырады. Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасарының төрағалығымен өңірлік штаб тоқсан сайын жиналып, жауапты мекемелерге тұрғындарды МӘМС жүйесімен қамту бойынша тапсырмалар береді және олардың орындалуын бақылайды.
2026 жыл басынан қараша айына дейін тұрғындармен 70 ақпараттық кездесу өткізіліп, 10 064 адам қамтылды. Медициналық ұйым қызметкерлеріне арналған 24 кездесуге 3 110 адам қатысты.
Әр азамат сақтандыру мәртебесін Qoldau 24/7, SaqtandyryBot, eGov.kz немесе Қордың ресми сайты арқылы тексере алады. Егер ресми жұмыс істесеңіз, бірақ мәртебеңіз сақтандырылмаған деп көрсетілсе, жұмыс берушіден жарналардың төленгенін нақтылаңыз. Ал жеңілдік санатына жатсаңыз, өз деректеріңіздің мемлекеттік ақпараттық жүйеде дұрыс көрсетілгенін тексеріңіз.
-Qalqan платформасы бойынша қандай жұмыс жүргізіліп жатыр және оның пациентке пайдасы қандай?
-Qalqan — медициналық көмекті жоспарлау, тіркеу, бақылау және төлеу деректерін бір цифрлық ортада біріктіруге арналған платформа. Республикалық деңгейдегі жарияланған мәліметке сәйкес, платформа 207 клиникада пилоттық режимде сыналып, медициналық көмектің 92 түрінің 20-сы бойынша төлем жүргізілген, тағы 60 түрі тестілеуден өткен. Бұл пилот Астанада жүзеге асырылып жатыр.
Пациент үшін маңызды цифрлық мүмкіндік — eGov mobile қосымшасындағы «Денсаулық» → «Медициналық қызметтер тарихы» бөлімі. Онда көрсетілген медициналық көмектің атауын, күнін, уақытын және қаржыландыру көзін көруге болады. Егер бұл мәліметтер іс жүзінде алған көмегіңізге сәйкес келмесе, «Халықтық бақылау» сервисі арқылы Қорға өтініш жіберуге болады. 2026 жылғы 5 қарашадағы ресми ақпарат бойынша, сервис арқылы Қорға еліміз бойынша 6,3 мың өтініш түскен; өтініштер тексеріліп, нәтижесіне қарай шаралар қабылданады.
Qalqan платформасы медициналық көмекті жоспарлау мен қаржыландыру деректерінің ашықтығын арттыруға бағытталған. Ал пациент қазір eGov mobile арқылы өзіне көрсетілген қызметтерді тексеріп, сәйкессіздік байқаса, хабарлай алады.
– МӘМС пациентті қымбат медициналық қызметтерге кететін шығыннан қалай қорғайды?
– Сақтандырылған азаматқа МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтер тиісті көрсетілім мен дәрігер жолдамасы бойынша Қормен шарт жасасқан медициналық ұйымдарда көрсетіледі. Мұндай жағдайда пациент қызмет ақысын өз қалтасынан төлемейді.
2026 жылы өңірде медициналық көмек көрсетуге 281,2 млрд теңге қарастырылған. Оның 116,3 млрд теңгесі тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне (ТМККК), ал 164,9 млрд теңгесі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясындағы қызметтерге бөлінген.
Тұрғындарға 184 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Оның 44-і мемлекеттік, 140-ы жекеменшік.
МӘМС аясында өңірдегі көпбейінді ауруханаларда қымбат диагностика, күрделі ем мен операциялар қолжетімді. Мысалы, Түркістан облыстық клиникалық ауруханада кардиология және интервенциялық кардиология, неврология және нейрохирургия, нефрология және амбулаториялық гемодиализ, гастроэнтерология, эндокринология, пульмонология, аллергология және ревматология, гематология және онкология, жалпы хирургия, гепатопанкреатобилиарлық хирургия, асқазан-ішек және эндокриндік ағзалар хирургиясы, хирургиялық инфекциялар, травматология және ортопедия, тамыр және кеуде хирургиясы, урология және андрология, оториноларингология (ЛОР), офтальмология, жақ-бет хирургиясы, проктология, бариатриялық және метаболикалық хирургия, ағзаларды трансплантациялау бағытында мамандандырылған қызметтер көрсетіледі. Сондай-ақ ауруханада бейінді мамандардың консультациясы, зертханалық және аспаптық диагностика, соның ішінде КТ, МРТ, УДЗ, рентген және эндоскопиялық зерттеулер жүргізіледі.Ал, облыстық көпбейінді балалар ауруханасында балаларға бейінді мамандардың консультациясы, диагностикалық зерттеулер, сондай-ақ кардиохирургия, нейрохирургия, травматология мен ортопедия, офтальмология және онкогематология бағыттарында көмек ұсынылады. Түркістан қалалық орталық ауруханасында коронарография, стенттеу, жүрекке құрылғылар имплантациялау және басқа да жоғары технологиялық ем түрлері жүргізіледі.
Күрделі медициналық көмектің құны тек операцияның өзінен тұрмайды. Оған тексерулер, операция алдындағы дайындық, анестезия, дәрі-дәрмек, операциядан кейінгі бақылау және стационарлық ем де кіруі мүмкін. Осы шығындарды МӘМС есебінен қаржыландыру пациенттің қаржылық жүктемесін азайтады.
Қор медициналық ұйымдарға нақты көрсетілген қызмет үшін ақы төлейді және қаражаттың дұрыс жұмсалуын бақылайды. Егер МӘМС пакетіне кіретін қызмет үшін ақы сұралса, пациент медициналық ұйымның Пациенттерді қолдау қызметіне жүгіне алады.
-МӘМС аясында медициналық көмек алу үшін тұрғын неден бастауы керек?
-Алдымен азамат сақтандыру мәртебесін msqory.kz, Qoldau 24/7, SaqtandyryBot, eGov.kz немесе eGov Mobile арқылы тексере алады. Одан кейін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерге жүгінеді. Дәрігер жағдайын бағалап, медициналық көрсетілім болса, бейінді маманға, зерттеуге немесе емдеуге жолдама береді.
Мәртебе болмаса, алдымен оның себебін анықтаған жөн: жұмыс берушінің төлемдері түсті ме, азамат жеңілдік санатына жата ма, жеке деректері ақпараттық жүйелерде дұрыс па. Жеңілдік санатына жататын азамат мәртебесін анықтау үшін тиісті оқу орнына, жұмыс берушіге немесе жауапты мемлекеттік органға жүгінуі мүмкін. Жедел және ТМККК шеңберіндегі көмекті алу үшін сақтандыру мәртебесі талап етілмейтін жағдайлар бар.
-Жолдама берілмесе, кезек ұзақ болса немесе қызмет үшін ақы сұралса, қайда жүгіну керек?
- Егер емханада кезек тым ұзақ болса, қажетті маман болмаса немесе тексеруге керек құрылғы жоқ болса, дәрігер қызметтің медициналық тұрғыдан қажет екенін бағалайды. Қызмет қажет болса, дәрігер пациентке оны МӘМС аясында тегін алу үшін басқа клиникаға жолдама беруге міндетті.
Жолдама берілмесе, кезек себепсіз созылса немесе тегін қызметке ақы сұралса, алдымен сол медициналық ұйымдағы Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметіне хабарласыңыз. Олар жағдайды қарап, қажет болса ішкі тексеру жүргізеді.
Мәселе шешілмесе немесе МӘМС бойынша тегін қызметке ақы талап етілсе, Qoldau 24/7 қосымшасы немесе Қордың электрондық өтініш арналары арқылы Қорға шағым жіберуге болады. Медициналық көмектің сапасына қатысты шағымды Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаментіне e-Otinish арқылы да жолдай аласыз.
Өтініште оқиға болған күнді, медициналық ұйымның атауын және қай қызметке қатысты мәселе туындағанын жазыңыз. Растайтын құжаттарыңыз болса, оларды тіркеңіз.
-Тұрғындар МӘМС 2.0 нәтижесін қандай өзгерістерден сезінуі тиіс?
- МӘМС 2.0 жүйесінің мақсаты — тұрғындарға медициналық көмекті қолжетімді ету және қызметтің қалай көрсетілетінін ашық ету. Жүйе тұрғындарға қандай медициналық көмек қажет болатынын алдын ала жоспарлауға, қызмет сапасын бақылауға және ықтимал бұзушылықтарды ертерек анықтауға көмектеседі.
Денсаулық туралы кодекстің 61-бабының 7-тармағына сәйкес, әр медицина қызметкері ақпараттық жүйеге мәліметті дұрыс, сапалы және уақытында енгізуге заң алдында жауап береді.
Мәлімет қате немесе кеш енгізілсе, бұл ҚР ДСМ-321/2020 бұйрығындағы 2.0 ақау кодымен тіркеледі. Бұл медициналық ұйымды жоспардан тыс тексеруге негіз бола алады. Ал іс жүзінде көрсетілмеген қызмет жүйеге көрсетілді деп енгізілгені анықталса, медициналық ұйымға сол кезде қолданыста болған сатып алу шартында көзделген айыппұл салынады.
Өзгерістер кезең-кезеңімен енгізіледі. Олар кезекті қысқартуға, шағымдарды әділ қарауға және қаражатты тұрғындарға қажет қызметтерге бағыттауға көмектеседі.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.