

Түркістан қалалық орталық ауруханасында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған пресс-тур ұйымдастырылып, медициналық мекеменің қызметі мен соңғы жылдары қол жеткізген нәтижелері таныстырылды. Іс-шара барысында журналистер аурухананың бөлімшелерін аралап, жоғары технологиялық медициналық көмектің қалай көрсетіліп жатқанымен танысты.
Түркістан қалалық орталық ауруханасы – өңірдегі ірі көпсалалы медициналық ұйымдардың бірі. Медициналық мекеме Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасына қарасты және 2024 жылы І санатты аккредитациядан өтіп, сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсететін деңгейге көтерілді.
2025 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясындағы қызмет көлемі 28,16%-ға артты. Бүгінде жоспарлы еммен қатар шұғыл көмек пен тәулік бойғы стационарлық ем толық қаржыландырылып, компьютерлік томография, ангиография, эндоскопиялық зерттеулер сияқты қымбат диагностикалық қызметтер тұрғындарға тегін ұсынылуда.
Жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі 9,39%-ға өсті. 2023 жылдан бері жұмыс жасап жатқан интервенциялық кардиология бөлімшесінде 1700-ден астам коронарография және стенттеу операциясы орындалды. 2024–2025 жылдары жүрекке 8 автоматты кардиовертер-дефибриллятор және 3 CRT-D құрылғысы имплантацияланды. 2025 жылы қосымша 2 автоматты кардиовертер-дефибриллятор мен 1 CRT-D орнатылып, жыл соңына дейін тағы 3 құрылғы имплантациялау жоспарлануда.
Нейрохирургия саласында өткен жылы геморрагиялық инсультпен түскен науқастарға 20 шұғыл операция жасалды. Өңірде алғаш рет кезбе жүйкесін ынталандыратын (VNS) аппарат имплантацияланып, ішкі ұйқы артериясын стенттеу отасы орындалды. Сонымен қатар селективті церебральды ангиография жүргізіліп, эндоваскулярлық әдістер енгізілуде.
Түркістан облысында алғаш рет кохлеарлық имплантация енгізіліп, 2025 жылы 40 пациентке ота жасалды. Травматология және ортопедия бөлімінде жамбас және тізе буындарын протездеу бойынша 85 ота жүргізілді, ал омыртқа патологиясына байланысты 5 науқасқа вертебропластика жасалды.
2022 жылдан бері жұмыс істейтін жақ-бет хирургиясы бөлімшесінде 1800-ден астам реконструктивті операция орындалды. 2025 жылы туа біткен және жүре пайда болған жақ-бет ақауларына 227 ота жасалды. Ауруханада Түркістан облысынан бөлек, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан және Шымкент қаласынан келген науқастарға да медициналық көмек көрсетілді.
Перинаталдық өңірлендіру қағидаттарына сәйкес 2025 жылы 1284 жүкті әйел мен 110 босанғаннан кейінгі пациентке жоғары деңгейлі көмек көрсетілді. Аурухана Сауран, Созақ, Отырар, Бәйдібек аудандары және Кентау қаласының тұрғындарына стационарлық қызмет көрсетеді. Сонымен қатар телемедицина және медициналық авиация арқылы 20-дан астам шалғай елді мекен тұрғынына кеңес берілді.
2026 жылы аурухана 570 төсек орындық жаңа облыстық көпсалалы ауруханаға көшуге дайындалуда. Стратегиялық жоспар аясында жоғары технологиялық медициналық көмекті кеңейту, нейрохирургия мен эндоваскулярлық хирургияны дамыту, гемодиализ және онкологиялық қызметтерді күшейту, кардиохирургия бағытын жолға қою және күйік бөлімшесін ашу көзделіп отыр.
Аурухана басшысы Гүлмира Ахметованың айтуынша, медициналық ұйымның басты мақсаты – өңір тұрғындарына жоғары технологиялық, қауіпсіз әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету.
«Біз заманауи технологияларды енгізу арқылы күрделі оталарды облыс деңгейінде жасау мүмкіндігін арттырып келеміз. Алдағы уақытта жаңа облыстық аурухана базасында қызмет аясын кеңейтіп, республика деңгейіндегі клиникалық орталыққа айналуды көздейміз», – деді ол.
Түркістан қалалық орталық ауруханасы өңірде жоғары технологиялық және мамандандырылған медициналық көмекті дамыту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, нақты нәтижелерге қол жеткізуде.