Созақ ауданында «Таза ауыл» экоакциясы аясында аудан көлемінде ауқымды сенбілік ұйымдастырылды.
Аудан әкімінің тапсырмасымен бастау алған сенбілікке аудан әкімдігіне қарасты бөлімдер мен бюджеттік мекеме мамандары, барлық ауыл, кент округтері белсене қатысты.
Аудан басшысы Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелерін, «Біресек» каналы мен теміржол бойын аралап, бөлім, мекеме қызметкерлерінің сенбілік аясында атқарған жұмыстарының басында болды. Онда аудан орталығын көркейтіп, абаттандыру мақсатында атқарылу керек жұмыстарды пысықтап, көркейту жұмыстарын қарқынды іске асыру мақсатында жауаптыларға қосымша тапсырмалар жүктеді.
Сонымен қатар Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына барып, биыл отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін бақылады.
Айта кетейік, бүгінгі ұйымдастырылған сенбілікке 1855 адам, 13 арнайы техника жұмылдырылды. 44 шақырым көше бойлары мен 14 шақырым аяқжолдары ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 20 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында жинақталған 155 тоннаға жуық қоқыс тасымалданды.
Сондай-ақ көше бойындағы талдардың түптері әктеліп, «Жасыл белдеу» аумағына 1000-ға жуық қара тал көшеттері отырғызылды.
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter