Түркістан қалалық орталық ауруханасында бір мезетте 11 пациентке кохлеарлық имплантация отасы сәтті жасалды. Барлығы 12 имплант орнатылды. Операциялар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді.
Бұл жолғы оталардың ерекшелігі – олардың барлығын аурухананың өз оториноларинголог дәрігерлері орындады. Бұл өңірлік мамандардың кәсіби деңгейінің артқанын және жоғары технологиялық күрделі оталарды өздігінен жүргізе алатын мүмкіндігі бар екенін көрсетеді.
Отадан кейін пациенттер оңалту шараларынан өтті. Балаларға арнайы коррекциялық-педагогикалық қолдау ұйымдастырылды, ал ересектерге дыбысты тану және сөйлеу қабілеттерін қалпына келтіруге бағытталған бейімдеу жұмыстары басталды.
Бұған дейін мұндай оталар тек республикалық деңгейдегі клиникаларда жасалса, бүгінде Түркістан қалалық орталық ауруханасында да қолжетімді болып отыр. Бұл өңірлік медицинаның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және мамандардың кәсіби тәжірибесін нығайтуға ықпал етуде.
Аурухана алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстарды жалғастырып, облыс пен көршілес өңірлер тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмекті қолжетімді етуді жоспарлап отыр.