

Түркістан қалалық орталық ауруханасында асқазанның қатерлі ісігі диагнозы қойылған науқасқа алғаш рет кеңейтілген толық гастрэктомия – асқазанды толық алып тастау арқылы күрделі онкохирургиялық ота сәтті жүргізілді.
Отаға онкохирург, жоғары санатты дәрігер Ержан Тұрарбекұлы, ота бөлімінің меңгерушісі Асылбек Орынбасарұлы және хирургия бөлімінің меңгерушісі Ержігіт Полатұлы бастаған тәжірибелі мамандар тобы қатысты.
Көпсағаттық операция жоғары деңгейде ұйымдастырылып, хирургиялық араласу асқынусыз аяқталды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, операциядан кейінгі кезең дәрігерлердің бақылауында өтуде.
Аталған клиникалық жағдай өңірде жоғары технологиялық медициналық көмектің дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, мұндай күрделі онкохирургиялық оталардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында қолжетімді болуы – тұрғындар үшін үлкен мүмкіндік.
Мамандардың айтуынша, асқазан обырының ерте кезеңде анықталуы ем нәтижесін айтарлықтай жақсартады. Осыған байланысты тұрғындарға профилактикалық тексерулерден уақтылы өтіп, денсаулыққа жауапкершілікпен қарау ұсынылады.