Донор болған науқас жол апатынан кейін облыстық клиникалық ауруханасына ауыр халде түскен. Ауыр жарақат салдарынан бас миы қайтыс болған 18 жастағы жігіттің туыстары марқұмның ағзасын алуға заңды түрде рұқсат берген. Дәрігерлердің сөзінше, ағзаны алуға арнайы жасақталған екі бригада Алматы мен Астана қаласынан ұшып келген. Мәйіттен алынған бауыр, екі бүйрек пен жүрек, өкпе тізім бойынша трансплантация отасы қажет науқастарға хиругиялық жолмен салынады. Айта кетейік, мәйіттік донордың ағзасын алуға туыстары заңды түрде рұқсат берген.
Түркістан облысында медицина саласы жаңа деңгейге көтерілді. Дәрігерлер мәйіттік донордан алынған ағза алмастыру отасын сәтті жасап шықты. Трансплантация тараздық тұрғын, 6 баланың әкесі Дархан Оспановқа жасалған болатын.Дәрігерлер донордың бүйрегі еліміздегі үш адамға сай келгенінен, бірақ дәл осы науқастың сәйкестігі басым болғанын айтты. Мұндай ота Түркістан облысында алғаш рет жасалып отыр.
«Қазіргі жағдайда ол кісінің жағдайы тұрақты, наркоздан толығымен оянған. Салынған бүйрек толығымен жұмысын атқарып отыр. Салынған бүйректен 2-литрден астам зәр шығып отыр. Бұл дегеніміз бүйрек өз жұмысын орындап денеден барлық улы заттарды шығарып отыр. Болашақта бұл бүйрек дұрыс жұмысын атқарса, бұл науқасқа гемодиалез мүлдем қажет болмайды», — дейді. Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Жанболат Ділдәбеков.
Рецепиенттің жұбайы Перизат Әбдраимова күйеуіне бүйрегін беруге 1 айдан бері дайындалып, анализ тапсырып жүрген. Беларусь Республикасында бүйрек ауыстыру отасын жасауға 30 млн теңгеден астам ақша сұраған көрінеді. Дәрігерлер алты баланың әкесі Дархан Оспановқа хабарласып, «сізге донор табылды» деп айтқанда, олар бұған сенбепті. Кейін жергілікті дәрігер хабарласып, растаған соң, бірден заттарын жинап, жолға шыққан. Айта кетерлігі, аталмыш ота МӘМС есебінен жүргізілді.
Донордың екінші бүйрегі 16-жасар балаға Астана қаласында салынды. Бауыр Алматы қаласының тұрғынына салынды. Ал, жүрек Шымкент қаласының жүрек орталығында 58 жастағы ер адамға салды. Оталар сәтті өтіп, науқастар естерін жиды.