

Түркістан қалалық орталық ауруханасында бас миының үлкен көлемді ісіктерін алу бойынша күрделі нейрохирургиялық ота сәтті жүзеге асырылды. Жоғары технологиялы медициналық көмектің бұл түрі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін көрсетілді.
Ауруханаға 1958 жылы туған науқас инсультке күдікпен, айқын когнитивті бұзылыстар белгілерімен жеткізілген. Жүргізілген кешенді диагностикалық зерттеулер нәтижесінде науқастың бас миында көлемді ісіктер анықталды.
Дәрігерлік консилиум шешіміне сәйкес науқасқа «оң жақ маңдай–төбе–самай сүйектерінің костно-пластикалық трепанациясы, бас миының оң жақ төбе және маңдай–самай бөліктеріндегі көлемді түзілістерді микрохирургиялық жолмен алып тастау, қатты ми қабығын (ТМО) пластикасы» атты күрделі операция жасалды.
Ота барысында бас миындағы екі ірі көлемді ісік толықтай алынды. Күрделі хирургиялық араласуды аурухананың тәжірибелі нейрохирургтері Асқар Бахтияров пен Әлібек Хамит сәтті орындады.
Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, ол жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында тұр. Операция кезінде алынған ісік тіндері гистологиялық зерттеуге жіберілді. Зерттеу қорытындысына сәйкес науқастың әрі қарайғы емдеу тактикасы айқындалатын болады.
Айта кету керек, Түркістан қалалық орталық ауруханасында мұндай жоғары технологиялық әрі күрделі нейрохирургиялық оталар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жүргізіледі. Бұл тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.