О системных коррупционных рисках в сфере строительства автодорог заявляет Антикор

Түркістанда МӘМС аясында төртінші рет бауыр трансплантациясы жасалды

14 мая, 05:38
2 мин. чтения
588
Түркістанда МӘМС аясында төртінші рет  бауыр трансплантациясы жасалды
МӘМС

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасында жоғары технологиялық медициналық көмектің ең күрделі түрлерінің бірі — бауыр трансплантациясы сәтті жасалды. Бұл — өңірде жүзеге асырылған төртінші бауыр трансплантациясы.

Күрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жүргізілді. Соның арқасында пациент өмірлік маңызы бар жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алу мүмкіндігіне ие болды.

Отаға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы басқарма төрағасы, профессор, академик Болатбек Баймаханов жетекшілік еткен тәжірибелі мамандар тобы қатысты.

Науқас — 39 жаста. Оған созылмалы В вирусты гепатиті мен дельта агент аясында дамыған бауыр циррозы диагнозы қойылған. Сонымен қатар, порталдық гипертензия, өңеш көктамырларының варикоздық кеңеюі, гиперспленизм синдромы, асцит және бауыр энцефалопатиясы сияқты ауыр асқынулар анықталған. Пациент 2015 жылдан бері диспансерлік есепте тұрады.

Дәрігерлердің айтуынша, аурудың асқынуына байланысты бауыр трансплантациясы пациенттің өмірін сақтап қалудың жалғыз тиімді тәсілі болған.

Донор ретінде науқастың 36 жастағы туған сіңілісі өз еркімен келісім берген. Ол толық медициналық тексеруден өтіп, донорлыққа қарсы көрсетілімдер анықталмаған.

Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты. Ол дәрігерлердің тұрақты бақылауында. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, трансплантацияланған бауырдың қызметі біртіндеп қалпына келуде.

Мамандардың пікірінше, мұндай күрделі оталардың өңірде жасалуы трансплантология саласының дамуына серпін беріп, тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі.

Бүгінде МӘМС жүйесі арқылы азаматтар құны миллиондаған теңгені құрайтын жоғары технологиялық операцияларды тегін алып, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік алуда.

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Вчера
01 июня
31 мая