Елімізде азаматтардың жекелеген санаттары үшін шұғыл және жоспарлы стоматологиялық көмекті қаржыландыру 6%-ға артты. Мысалы, 2023 жылы 4,1 млрд теңге болса, биылғы жылы 6,2 млрд теңге бөлу жоспарланды. Осы ретте, медициналық сақтандыру қорының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Нұрлан Қыдырбаевқа сұрақтар қойып, жауап алған едік.
-МӘМС есебінен кімдер тісті ақысыз емдетеді?
-Стоматологиялық көмек жоспарлы және шұғыл тәртіпте 18 жасқа дейінгі балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі.
Шұғыл тәртіпте азаматтардың жекелеген санаттарына: ҰОС ардагерлеріне; 1, 2, 3 топтағы мүгедектігі бар адамдар; атаулы әлеуметтік көмекті алушылар, жасы бойынша зейнеткерлер, инфекциялық, әлеуметтік мәні бар аурулармен және айналасындағылар үшін қауіп төндіретін аурулармен ауыратын науқастар, мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын және бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар, сондай-ақ «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналар.
-Жоспарлы стоматологиялық көмекке не кіреді?
-Жоспарлы стоматологиялық көмек – бұл ауыз қуысының, тіс пен қызыл иектің саулығын сақтау үшін операциялық емдеу шарасы. Атап айтсақ, тұрақты тексерулер, профилактикалық процедуралар, тісжегіні емдеу, тіс өңезін және тіс тасын алу, химиялық қатайтылған композиттік материалдардан жасалған пломбаны дайындау және салу.
-Шұғыл стоматологиялық көмекке не кіреді?
-Шұғыл стоматологиялық көмек амбулаториялық деңгейде консультациялық-диагностикалық көмек түрінде де, стационарлық жағдайда да көрсетілуі мүмкін. Бұған күрделі тісжегіні, пульпитті, периодонтитті, альвеолитті, невралгияны, невритті, стоматиттің ауыр түрлерін емдеу, күрделі тісті жұлу, абсцессті ашу, одонтогендік жылауықты алып тастау, жоғарғы-төменгі жақ буынының қисаюын түзету, тістердің бөлінуін уақытша бекіту, қатерсіз өсінділер мен эпулисті (жергілікті тітіркендіргіш факторлардың әсерінен пайда болатын ісік тәрізді өсінді) алып тастау. Еріннің, тілдің жүгеншігі пластикасының операциясы да МӘМС қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
Егер тексеру нәтижелері бойынша тіс дәрігері амбулаториялық жағдайда көмек көрсету мүмкін емес деген объективті шешім қабылдаса, ол науқасқа бас тартуға және оны жедел жәрдем арқылы ауруханаға жіберуге құқылы. Жедел госпитализацияның көрсеткіштері созылмалы одонтогенді және неодонтогенді қабыну ауруларының жедел немесе асқынуы немесе жақ-бет аймағының жарақаты, қан кету және шұғыл емдеуді қажет ететін шұғыл жағдайлар болып табылады.
-Ортодонтиялық көмек МӘМС есебінен жүргізіледі ма?
-Иә. Ортодонтиялық көмек жақ-бет аумағының туа біткен патологиясы бар балаларға, ҚР «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» Заңына сәйкес, тіс-жақ аномалияларының әртүрлі түрлері бар аз қамтылған отбасылардан шыққан 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларға көрсетіледі. Атап айтқанда, жақ-бет аймағының туа біткен патологиясы бар балаларға, сондай-ақ ортодонтиялық алмалы-салмалы аппаратты (ортодонтиялық пластина) пайдалана отырып, тіс-жақ ауытқуларын жою үшін аппаратты пайдалана отырып, сондай-ақ тіс-жақ ауытқуларының әртүрлі түрлері бар балаларға көрсетіледі.
-Ақысыз стоматологиялық көмекті қайдан алуға болады және көмекті алу үшін емхананың учаскелік дәрігерінен жолдама қажет пе?
-Жоқ, емханадан жолдама талап етілмейді. Стоматологиялық көмекті емханалар жанындағы стоматологиялық кабинеттен де, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен шарт жасасқан жеке стоматологиялық клиникалардан да алуға болады. Өзекті тізбені Қордың fms.kz ресми сайтындағы «Медициналық қызметтерді сатып алу – КДҚ жеткізушілер» бөлімінен таба аласыздар https://fms.kz/zakupki/postavshchiki-kdu-uslug/. Сонымен қатар 1414 нөмірі бойынша Бірыңғай байланыс орталығына жүгінуге болады.
Айта кетейік, 1 ақпандағы жағдай бойынша МӘМС шеңберінде стоматологиялық көмек көрсететін Түркістан облысы бойынша 104 медициналық ұйыммен шарттар жасалды. Оның ішінде 85 – жекеменшік, 19 – мемлекеттік емханалар мен ауруханалар.
-Мәселен тісті емдеуден бұрын аллергиялық сынама жасау МӘМС есебінен төленеді ме?
-Иә, егер бұл үшін медициналық көрсеткіш болса төленеді. Тіс дәрігерінен консультативтік парақ болған жағдайда тіркелген жері бойынша учаскелік дәрігер қосымша тексерулерге жолдама бере алады. МӘМС шеңберінде аппликациялық, өткізгіштік, инфильтрациялық анестезия төленеді.
Тісжегінің көптеген асқынулары бар 4 жасқа дейінгі балаларға, сондай-ақ орталық жүйке жүйесінің функционалды және органикалық зақымданулары, психикалық, мінез-құлық бұзылыстары (белгіленген мүгедектік) және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы, асқынулар мен ауырсыну қаупі бар медициналық көрсеткіштер бойынша санация жалпы ауырсынуды басу және седациямен «анестезиология және реаниматология» кіші түрі бойынша медициналық қызметке лицензияға қосымшасы және реанимациялық іс-шараларға арналған жағдайлар қарастырылған стоматологиялық ұйымдарда жасалатынын білу маңызды.