

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) туралы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, азаматтардың жаңа санаттары үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет қаражаты есебінен төлеу басталды.
Осы өзгерістерді түсіндіру мақсатында Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының бірлескен отырысы өтті. Жиынға Келес, Шардара, Жетісай, Мақтаарал, Қазығұрт, Сарыағаш, Төлеби және Сайрам аудандарындағы медициналық ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Қор филиалының бас сарапшысы Н. Жарқынбек МӘМС жүйесіндегі жаңа өзгерістер екі санаттағы азаматтарға қатысты екенін түсіндірді.
Бірінші санатқа жұмыспен қамту орталықтарында ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жатады. Бұл азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет қаражаты есебінен ай сайын автоматты түрде төленеді.
Екінші санат – әлеуметтік әл-ауқатының дағдарыстық (D) және шұғыл (E) деңгейіне жататын, жұмыс істемейтін әрі соңғы үш айда міндетті зейнетақы жарналарын төлемеген азаматтар. Бұл санаттағы азаматтарға медициналық көмекке алғаш жүгінген кезде МӘМС жүйесінде шартты түрде мәртебе беріледі. Олардың жарналары да жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Аталған санаттарға жататын азаматтар туралы деректерді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі қалыптастырып, Қорға ұсынады. Қор жеңілдік санаттарының тізімін қалыптастырмайды, ұсынылған мәліметтер негізінде азаматтарға МӘМС жүйесінде тиісті мәртебе береді.
Осыған байланысты медициналық ұйымдарға ресми жұмыссыздарды, сондай-ақ D және E санаттарына жататын азаматтарды дер кезінде анықтап, олардың МӘМС жүйесі арқылы медициналық көмек алуына жағдай жасау тапсырылды.
Жиында азаматтардың МӘМС жүйесіндегі мәртебесін уақытылы анықтау, ақпараттық жүйелердегі деректерді өзектендіру және тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігі атап өтілді.
Сондай-ақ медициналық ұйымға тіркелген тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз ету және аулаларды аралау барысында халыққа МӘМС жүйесінің мүмкіндіктері мен артықшылықтарын түсіндіру мәселесіне назар аударылды.
МӘМС жүйесіне азаматтардың жаңа санаттарын қосу – әлеуметтік осал тұрғындардың медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.