Жетісу жерінде мемлекеттік тілді дамыту және өңірде тіл саясатын жүзеге асыруға бағытталған іс-шаралар жүйелі түрде кезең-кезеңімен атқарылуда. Мемлекеттік тілдің маңызын арттырып, қолданыс аясын кеңейтуді мақсат еткен осындай шаралардың бірі бүгін, яғни 2023 жылдың 25 қаңтарында облыстық тілдерді дамыту басқармасының бастамасымен Талдықорған қаласындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында өтті. Шараға облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма мен Кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері қатысты.
Қазақстан Репсубликасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басым бағыттарының бірі – көрнекі ақпарат пен жарнама тілін реттеу екені белгілі. Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама – қоғамдық сананы қалыптастыратын қозғаушы күштің бірі. Бүгінгі таңда қала көшелері мен халыққа қызмет көрсету орындарында орналасқан сыртқы көрнекі ақпарат мәтіндеріндегі әріптік қателер, тұрпайы түсінік тудыратын жарнамалар мен мағынасыз аудармалар, бір сөзбен айтқанда көрнекі ақпараттың мемлекеттік тілде сауатты және жүйелі сипат алмауы жұртшылық тарапынан жиі сынға ұшырап, наразылық тудыруда. Осы және халыққа қызмет көрсету орындары мен кәсіпкерлік саласында мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған өзге де мәселелерді реттеу бойынша бірлесіп жұмыс атқару мақсатында облыстық тілдерді дамыту жөніндегі басқарма Жетісу облысының Кәсіпкерлер палатасымен өзара ынтымақтастықты дамыту жөнінде Меморандумға қол қойды.
Шара барысында аталған құрылымдардың басшылары «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Жарнама туралы», «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңдарын және «Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексі», «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының Кодекстерін басшылыққа ала отырып, көрнекі ақпарат саласындағы ынтымақтастықты жетілдіру және ел бірлігінің басты факторы ретінде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бойынша бірлесіп жұмыс жасауға уағдаласты.