

Түркістанда нейрохирургия саласында заманауи технологиялар кеңінен қолданылып, күрделі операциялар аз инвазивті әдіспен жасалуда. Мұндай тәсіл науқастың ағзасына түсетін жүктемені азайтып, операциядан кейінгі қалпына келу уақытын едәуір қысқартады.
Соның жарқын мысалдарының бірі – биіктіктен құлап, омыртқасынан ауыр жарақат алған 18 жастағы пациентке жасалған жоғары технологиялық операция. Нейрохирург дәрігерлер вертебропластика әдісін қолданып, отаны сәтті орындады.
Операцияның нәтижесінде науқас небәрі 30 минуттан кейін өздігінен орнынан тұрып, жүре бастады. Бұл аз инвазивті хирургияның тиімділігін айқын көрсетеді.
Аз инвазивті операциялардың негізгі артықшылықтары:
· тіндердің аз зақымдануы;
· қан жоғалтудың төмен болуы;
· операциядан кейінгі ауырсынудың азаюы;
· науқастың қысқа мерзімде қалыпты өміріне оралуы.
Аталған жоғары технологиялық медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді. Бұл сақтандырылған азаматтарға медициналық көрсетілім болған жағдайда күрделі әрі қымбат нейрохирургиялық емді қосымша қаржылық шығынсыз алуға мүмкіндік береді.
Заманауи медициналық технологияларды енгізу өңір тұрғындарына жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттырып, күрделі операцияларды өз өңірінде сапалы әрі уақытылы алуға жағдай жасап отыр.