Түркістан қалалық орталық ауруханасының дәрігерлері инсульттың асқынуымен түскен науқасқа қоректік зондты орнату үшін аз инвазивті эндоскопиялық операцияны тәжірибеге енгізді. Аталмыш операция МӘМС есебінен жүзеге асырылды.
Түркістан қалалық орталық ауруханасында инсульттың ауыр көрінісі болып саналатын жұтыну функциясының айқын бұзылысы бар 65 жастағы У есімді пациентке тері арқылы (чрескожная) эндоскопиялық гастростомия жасалды. Кіші инвазивті эндоскопиялық операцияны хирургия бөлімінің меңгерушісі А.Түймебаев пен хирург – эндоскопист дәрігері Б.Асибеков жасады.
Тері арқылы эндоскопиялық гастростомия – эндоскоптың бақылауымен іштің алдыңғы қабырғасының терісіне кішкене (шамамен 3 мм) кесу арқылы асқазанға тамақтану үшін арнайы зондты орнату. Гастростома ауызды айналып өтіп, тамақты тікелей асқазанға жеткізуге мүмкіндік береді. Осының арқасында ауыз қуысы бос, науқас сөйлесе алады және жұтыну функциясын қалпына келтіру үшін оңалтумен айналыса алады. Ал түтікке қажеттілік жоғалған кезде оны асқазанға әсер етпестен алып тастау оңай болады.
Хирургиялық тәжірибеде гастростоманы лапаротомиялық (іш қуысын кесіп ашу отасы) қолданудың көптеген әдістері бар, бірақ олардың басым көпшілігі заманауи талаптарды қанағаттандырмайды және көптеген асқынулармен бірге жүреді. Олардың ең көп тарағандары: асқазан қалдықтарының іш қуысына ағып кетуі, гастростомиялық түтіктің миграциясы, операциядан кейінгі жараның іріңдеуі және т. б. Сол себепті эндоскопиялық гастростомия дәстүрлі хирургиялық әдістерінен асып түседі және таңдау әдісі болып табылады.
Пациенке жұтыну функциясының бұзылуына байланысты назогастральды түтік (ауыз немесе мұрын арқылы орнатылады) орнатылған болатын, алайда зондты ұзақ уақыт қолдану физикалық және психологиялық ыңғайсыздық тудырып, тұрған орнының жарақаттануына (пролежни), асқазандағы тамақ қалдықтарының өңеш-асқазан саңылауына, ауыз қуысына және өкпеге өтіп, аспирациялық пневмонияға әкеліп соқтырды, сондықтан жоғарыда аталған шара қолданылды. Науқас операциядан соң 2 тәуліктен кейін ауруханадан шығарылды.
Ауруханада тері арқылы эндоскопиялық гастростомияны жүргізудің алғашқы тәжірибесі МӘМС есебінен 2022 жылдың қыркүйек айынан басталған. Осы уақыттан бері бұл өңештің немесе асқазанның емделмейтін кең таралған ісік зақымдануында, бронх – өңештік жыланкөздерде, күйік немесе жарақат нәтижесінде өңеш тіндерінің тыртықтары кезінде 52 ота сәтті өткізілді.