Облыстық балалар ауруханасында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында жаңа туған нәрестедегі аналық безінің ісігін алып тастау бойынша жоғары технологиялық ота сәтті жүргізілді.
Қазіргі таңда жаңа туған нәрестелердегі аналық без ісіктері мәселесі тек балалар гинекологтарының ғана емес, сонымен қатар балалар хирургтарының да ерекше назарын аударып отыр. Мұндай жағдайларда диагноз қою, оны басқа патологиялардан ажырату, сондай-ақ хирургиялық араласудың тиімді уақыты мен әдісін таңдау – өзекті мәселелердің бірі.
Мамандардың айтуынша, аналық без ісіктері мен ісік тәрізді түзілімдер кез келген жастағы қыз балаларда кездескенімен, неонаталдық кезеңде сирек анықталатын патология саналады.
Облыстық балалар ауруханасына жедел түрде 12 тәуліктік жаңа туған нәресте облыстық перинаталдық орталықтан «аналық безінің ісігі» диагнозымен ауыстырылған. Аталған патология нәрестеде антенаталдық кезеңде, яғни жүктілік барысында анықталған.
Ота алдында қажетті дайындық шаралары толық жүргізіліп, сәбиге кіші инвазивті әдіспен лапароскопиялық аднексэктомия операциясы жасалды. Заманауи технологияларды қолдану арқылы өткен хирургиялық араласу сәтті аяқталды.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Нәресте екінші тәулікте жағдайының жақсаруына байланысты жаңа туған нәрестелер бөліміне ауыстырылды.
Дәрігерлердің кәсібилігі мен заманауи медициналық әдістердің арқасында мұндай күрделі жағдайларда да тиімді ем жүргізуге мүмкіндік бар.