Кенеттен сырқаттанған немесе өміріне қауіп төнген адам үшін жедел жәрдемнің әр минуты шешуші рөл атқарады. Сондықтан бұл қызметтің үздіксіз әрі сапалы жұмыс істеуі – денсаулық сақтау саласындағы басты міндеттердің бірі. Түркістан облысында жедел медициналық жәрдем қызметінің жұмысы қалай ұйымдастырылған? Қызметтің мүмкіндіктері қандай және алдағы жоспарлары қандай? Осы және өзге де сұрақтарға Түркістан облыстық жедел медициналық жәрдем станциясының басшысы Бақытжан Мырзалиев жауап берді.
– Түркістан облысындағы жедел жәрдем қызметі қалай ұйымдастырылған?
– Бүгінде Түркістан облысында 2 миллионнан астам тұрғынға жедел медициналық көмек көрсетіледі. Қызмет құрамында 1 жедел жәрдем станциясы, 6 бекет, 17 бөлімше және 48 тәулік бойы жұмыс істейтін пост бар. Барлығы 167 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Бір бригада тәулігіне орта есеппен 9–10 шақыртуға шығады.
– Жедел жәрдем қызметінде кадр тапшылығы бар ма?
– Қазіргі таңда кадр тапшылығы жоқ. Облыстық жедел жәрдем қызметінде 2 525 қызметкер еңбек етеді. Оның ішінде 187 дәрігер, 1 449 орта буын медицина қызметкері және 777 жүргізуші бар.
– Жедел жәрдем көліктері қаншалықты жаңартылған?
– 2025 жылы облыстық бюджет есебінен 60 жаңа санитарлық автокөлік пен 2 неонаталдық реанимобиль сатып алынды.
– Негізсіз шақыртулар қаншалықты жиі кездеседі?
– 2026 жылдың алғашқы алты айында 449 негізсіз шақырту тіркелді. Бұл барлық шақыртудың небәрі 0,1 пайызын құрайды. Мұндай шақыртулар аз болғанымен, олар шын мәнінде көмекке мұқтаж науқастарға уақытында жетуге кедергі келтіреді.
– Ауыл мен қаладағы жедел жәрдем қызметінің айырмашылығы қандай?
– Негізгі ерекшелік – қашықтықта. Кейбір ауылдар жедел жәрдем бөлімшелерінен 25 шақырымнан 200 шақырымға дейін алыс орналасқан. Таулы аймақтар мен шалғай елді мекендерге жету көп уақытты қажет етеді.
– МӘМС жүйесінің медицина саласына тиімділігі неде?
– МӘМС жүйесі денсаулық сақтау саласының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етіп, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің көлемі мен сапасын арттыруға мүмкіндік берді.
Бүгінде сақтандырылған азаматтар қымбат диагностикалық зерттеулерді (КТ, МРТ, УДЗ, зертханалық талдаулар), бейінді мамандардың консультациясын, жоспарлы емдеуді, жоғары технологиялық операцияларды, медициналық оңалтуды және диспансерлік бақылаудағы емді қосымша ақысыз ала алады.
Сонымен қатар, МӘМС медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға, заманауи медициналық жабдықтар сатып алуға, жаңа технологияларды енгізуге және күрделі операцияларды өңірлерде жасауға мүмкіндік беріп отыр.
Тағы бір маңызды артықшылығы – медициналық ұйымдар арасында бәсекелестік қалыптасты. Соның нәтижесінде тұрғындар мемлекеттік немесе жекеменшік емхананы өз қалауынша таңдап, сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік алды.
Қарапайым тілмен айтқанда, МӘМС – азаматтарға қажетті медициналық көмекті уақытында әрі қолжетімді алуға, ал денсаулық сақтау ұйымдарына көрсетілетін қызметтің сапасын жақсартуға мүмкіндік беретін жүйе.
– Жедел жәрдемнен кейін пациенттің әрі қарай емделуі қалай ұйымдастырылады?
– Егер науқасты ауруханаға жатқызу қажет болмаса, оған әрі қарай емханаға қаралу жөнінде ұсыным беріледі. Ал учаскелік дәрігердің бақылауы қажет болса, жедел жәрдем қызметі емханаға арнайы хабарлама (актив) жолдайды.
– Телемедицина қолданыла ма?
– Иә. Медициналық авиация бөлімшесі қашықтан консультация беру жұмыстарын жүргізеді. 2026 жылдың алғашқы алты айында 1 237 бейнеконференция өткізілді. Оның ішінде 515-і облыстық клиникалық ауруханамен, 722-сі облыстық балалар ауруханасымен ұйымдастырылды.
– Алдағы жылдары жедел жәрдем қызметін дамыту бойынша қандай жоспарлар бар?
– Алдағы уақытта 49 жаңа бригада ашу, жаңа модульдік бекеттер салу, автопаркті жаңарту, қызметкерлерді халықаралық стандарттар бойынша толық оқыту және шақыртуларға жету уақытын қысқарту жоспарланған.
– Болашақта жедел жәрдем мобильді клиника ретінде жұмыс істеуі мүмкін бе?
– Иә, мұндай бағыт қарастырылып жатыр. Болашақта жедел жәрдем көліктері өкпені жасанды желдету аппараты, дефибриллятор, портативті УДЗ, телемедицина жүйесі және басқа да заманауи жабдықтармен толық қамтамасыз етіліп, оқиға орнында кең көлемді медициналық көмек көрсететін мобильді клиника деңгейіне жеткізілуі мүмкін.