МӘМС жүйесімен жұмыс жасап жатқан жеке меншік ұйым «Ақзере – ТМ» емханасы. Жалпы, медициналық мекемеде жасалып жатқан жұмыс және алдағы жоспарлары жөнінде директор Ақмарал Мұхтарқызымен сұхбаттасқан едік.
-Қандай медициналық бағыттарда қызмет көрсетесіздер?
-Біздің клиникамызда бірнеше негізгі медициналық бағыттар бойынша кешенді қызметтер көрсетіледі. Әр саланы тәжірибелі мамандар жүргізіп, заманауи әдістер мен жабдықтарды қолданамыз.
Басты бағыттарымыз:
Терапия – ЖРВИ, тұмау, асқазан-ішек аурулары, қан қысымы және басқа да жалпы сырқаттар.
Педиатрия – балаларға бақылау, вакцинация, даму ерекшеліктерін қадағалау.
Гинекология – әйелдер денсаулығын тексеру, жүктілікті жоспарлау және бақылау.
Кардиология – жүрек-қан тамырлары ауруларын анықтау және емдеу (ЭКГ, холтер).
Неврология – бас ауруы, ұйқысыздық, стресс, омыртқа аурулары.
Эндокринология – қант диабеті, қалқанша безі, гормоналды бұзылыстар.
Қосымша қызметтер: зертханалық тексерулер, УДЗ, вакцинация, МРТ-ға жолдама, массаж, реабилитация, медициналық анықтамалар беру.
-МӘМС жүйесі және ерікті сақтандыру аясында көрсетілетін қызметтер бар ма?
-Иә, біздің емханада Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру және ерікті медициналық сақтандыру (ЕМС / ДМС) аясында бірқатар қызметтер көрсетіледі.
Егер пациент МӘМС жүйесіне сақтандырылған болса, амбулаториялық көмек (учаскелік дәрігер, терапевт, педиатр), мамандандырылған медициналық көмек, скринингтер мен профилактикалық тексерулер, созылмалы ауруларды бақылау және емдеу қызметтерімен қамтылады.
Сонымен қатар, пациенттің ерікті медициналық сақтандырумен келісімі болса, емханаға сақтандыру құжатын немесе компания атауын айтса жеткілікті. Мамандар тексеріп, нақты қандай қызметтер көрсетілетіні бойынша кеңес береді.
-Жұмыс барысында қандай заманауи жабдықтар немесе технологияларды қолданып жүрсіздер?
- Соңғы жылдары біздің емханада заманауи медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында бірнеше жаңа жабдықтар мен технологиялар енгізілді. Бұл жаңалықтар науқастарды дәлірек, жылдамырақ әрі қауіпсіз тексеріп, тиімді ем жүргізуге мүмкіндік береді.
1. Цифрлық зертханалық диагностика (анализдер автоматтандырылған жүйеде өңделеді):
· Жаңа буындағы анализаторлар (гематологиялық, биохимиялық, иммунологиялық) орнатылды
· Нәтижелердің дәлдігі артып, алу уақыты қысқарды
· Кейбір нәтижелерді сол күні-ақ алуға болады
2. Сандық УДЗ (Ультрадыбыстық зерттеу) құрылғылары:
-3D/4D ультрадыбыстық зерттеу мүмкіндігі — әсіресе жүктілік кезінде өте тиімді
- Қалқанша, ішкі ағзалар, жүрек (ЭХО-КГ) және қан тамырларын жоғары дәлдікпен тексеру.
Пациентке қажетті тексерулер емханада болмаса, онда келісімшарт негізінде бірлесіп орындайтын мекемелерге жолданады.
-Алдағы уақытта клиниканы кеңейту немесе жаңа бөлім ашу жоспарыңыз бар ма?
-Бізде жақында ересектер және балаларға арналған қызметтерді көрсететін оңалту орталығы іске қосылады.Заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, физиотерапия, массаж, қозғалыс терапиясы бағыттары қамтылады.
Мұнан бөлек, алдағы уақытта аурухана ашу жоспарымыз бар.
-Еліміздегі медициналық қызмет сапасын арттыру бойынша қандай ұсыныс бересіз?
-Жалпы, медициналық қызмет сапасын арттыру — елдің денсаулық сақтау жүйесі үшін стратегиялық маңызды міндет.
Біріншіден, медициналық кадрлардың біліктілігін арттыру үшін үздіксіз оқыту жүйесін күшейту қажет.
Екіншіден, денсаулық сақтау мекемелерін цифрландыруды толық аяқтау маңызды.
Үшіншіден, заманауи жабдықтарды облыстық және аудандық деңгейде қолжетімді ету керек.
Төртіншіден, пациентке бағытталған сервисті дамыту қажет — бұл сенім мен нәтиженің кепілі.