Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құру жолында жемқорлықсыз қоғам қалыптастыруды басты назарға алды. Осы бағытта құқық қорғау органдарының жұмысынсыз сыбайлас жемқорлықпен тиімді күрес жүргізу мүмкін еместігін айтты. Сондай-ақ, бұған дейін аталған мәселенің шығу себебі мен жағдайларына ешкім үңілмегенін, пара алушыларды қылмыс үстінде ұстап, түрмеге тоғытумен ғана шектелгенін жеткізді. Президентіміз қоғамды пара алушылардан тазарту үшін жемқорлыққа жеткізетін жағдайлар мен оның түпкі себептерін анықтауды тапсырды.
Бұл бағытта Жетісу облысы Полиция департаментінің жеке құрам қызметкерлері арасында жемқорлыққа қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Алайда, оған қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел шаралар кезінде 1 дерек орын алып, жемқорлықпен айналысқан 2 полиция қызметкері ұсталды. Тәртіп сақшыларына қатысты «Антикор» қызметкерлері - 2, Өзіндік қауіпсіздік басқармасы 1 қылмыстық іс қозғады.
Атап айтқанда, 2022 жылдың қазан айында "Алматы-Өскемен" тас жолында патрульдік полиция батальонының екі қызметкері, өздеріне жүктелген міндеттеріне қарамастан, масаң күйде болған жүргізушіні әкімшілік жауапкершіліктен босату үшін 135 000 теңге мөлшерінде пара алған. Жасалған қылмыс үшін аталған екі қызметкер ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі болып танылды.
Тәртіп сақшыларына қатысты орын алған осындай келеңсіз жайттар бүкіл полицияның имиджіне зор нұқсан келтіруде. Қылмысқа қарсы күрес саласында полицейлер тарапынан құқық бұзушылыққа жол беру қызметімізге сын. Сыбайлас жемқорлықтың себебін анықтау, алдын алу және оны болдырмау мақсатында жеке құрам қызметкерлері арасында профилактикалық шаралар тұрақты түрде өткізілуде.
Тек 2023 жылдың 3 айында департаментте 5 тәртіптік комиссия отырысы өтті. Онда 27 қызметкерге қатысты 6 материал қарастырылды. Нәтижесінде 21 полиция қызметкері (оның ішінде 18 басшы құрам) тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде, 2 тұлға жұмыстан босатылып, 11 полицей атқарып отырған қызметінен шеттетілді және т.б.
Қазіргі таңда, Жетісу полицейлері арасындағы жемқорлықтың жолын кесу жұмыстарын қатаң бақылауға алдым. Заңды ескермеген кез-келген қызметкер тиісті жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, Сіздерді де жемқорлыққа қарсы бірге күресуге шақырамын! Полиция қызметкерлері тарапынан болған жемқорлықтың құрбаны немесе куәсі болсаңыздар менің жекеме хат қалдырып, міндетті түрде хабарлаңыздар. Сіздер әділдікті талап еткенде ғана, таза қоғам қалыптастыра аламыз.