Жетісай аудандық орталық ауруханасында алғаш рет жоғары деңгейдегі травматологиялық-ортопедиялық ота сәтті өтті. Дәрігерлер жол-көлік апатынан ауыр жарақат алған науқасқа жамбас сүйектерінің екі жақты сынуын ашық репозиция және металлоостеосинтез әдісімен қалпына келтірді.
Науқас Ү.Оразов ауруханаға ауыр халде жеткізіліп, жансақтау бөлімінде бірнеше рет өмірлік маңызы бар ота жасалды. Соның ішінде ең күрделісі – жамбас сүйектерінің сынуы кезінде орындалған ашық репозиция мен сүйек фрагменттерін металлоконструкциялар арқылы бекіту. Аталған операцияның ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) есебінен төленді.
Аурухана басшысы Бейбіт Орынбекұлы бұл жетістікті Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында көрсетілгендей, сапалы медициналық көмекті тұрғындарға жақындатудың нақты нәтижесі деп атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде аудандық ауруханада заманауи медициналық қызметтерді дамытуға басымдық беріліп, күрделі оталар жергілікті деңгейде жасалып келеді.
Айта кетейік, мұндай операция Жетісай аудандық орталық ауруханасында алғаш рет жасалды. Бұған дейін осындай араласулар қажет болған науқастар облыс орталығына немесе республикалық клиникаларға жіберілетін. Енді ауыл тұрғындарына да күрделі медициналық көмекті жергілікті жерде алу мүмкіндігі бар.
Күрделі отаны травматолог П.Сыдыков, бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары, травматолог М.Бугибаев, анестезиолог-реаниматолог Н.Шойбеков, жалпы хирург А.Мырзабеков сынды білікті мамандар бірлесіп жүргізді.
Жетісайдағы бұл маңызды оқиға – аудан медицинасының жаңа даму кезеңінің айқын дәлелі. Жоғары деңгейдегі медициналық көмектің қолжетімді болуы тек бір науқастың өмірін сақтап қалумен шектелмей, ауыл тұрғындарының сенімін арттырып, өңірде денсаулық сақтау саласының сапалы дамуына жол ашып отыр.