«ҚазТрансГаз» ҰК АҚ Қарағанды мен Теміртаудан кейін «Сарыарқа» магистральдық газ құбырына Жезқазған қаласын қосты.
ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Қарағанды мен Теміртау қалаларының алғашқы тұтынушылары газға қосылған болатын. Енді осындай мүмкіндікке жезқазғандықтар ие болды. Талап ауылындағы Бектепбергенов пен Молодежная көшелеріндегі үйлерде «көгілдір отын» лаулады. «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалының директоры Талғат Қызылбаев бұл жобаның өңірді дамытудағы маңыздылығын жоғары бағалады.
«Жезқазған – кең байтақ Отанымыздың орталығы. Солтүстік пен Оңтүстікті, Батыс пен Шығысты байланыстыратындықтан, Қазақстанның логистикалық орталығына айналуға мүмкіндігі зор. Ал көгілдір отын жаңа инфрақұрылымдық жобаларға серпін береді, тұрғын үй құрылысына әсер етеді және әрине экологияны жақсартады», – деді филиал басшысы.
Жезқазғанды газдандыру 2027 жылға дейін үш кезеңде жүзеге асырылады. Биыл жоспар бойынша Талап және Пристанционный ауылдарына тарату желілері салынды. Құбырлардың ұзындығы 36,8 шақырымды құрап, 519 абонентті газға қосуға мүмкіндік берді. Жалпы, 2027 жылға қарай 7800 абонент газға қосыла алады.
Үйіне көгілдір отын қосылған ауыл тұрғындары қолы ұзарып қалғанын айтып, қуаныштарын жеткізді.
«Бүгін қуанып жатырмыз. Үйімізге газ келіп жатыр. Бұрын пеш жағатынбыз. Пеш жағу қиын еді. Таңертең ерте тұруымыз керек. Қазір үйіміз жып-жылы. Рахаттанып жүрміз. Тамақты да газға пісіреміз. Қуанып жатырмыз», – дейді Талап ауылының тұрғыны Гүлжан Сағатова.
«Бүгінге дейін отбасымыз пеш жағып, көмір сатып алып, ол көмірдің өзін қораға кіргізу де бір проблема еді. Одан қалса отын түсіру де проблема болатын. Сосын пешті жағып, күні-түні сол пештің жанында қара күйе боп жүрген күндеріміз де болды. Енді ауылымыз көркейе түседі деп ойлаймын», – дейді тағы бір тұрғын Жанна Ахметова.
Көшеаралық газ тарату желілерін мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жергілікті атқарушы органдар жүргізеді. Дайын желілер «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалына Сенімгерлік басқару шартына (ТБК) сәйкес берілді.
Облыс бойынша жоспарланған 1529,8 км құбырдың 129 шақырымы пайдалануға берілді.
«Бүгін біз үшін қуанышты күн. Мен бұл жерде 1973-ші жылдан бері тұрамын. Арманымыз орындалды десе болады.Өйткені бізге, қарттарға көп нәрсе керек емес, жылу мен жайлы өмір болса болды. Міне соның бәрін бүгін келген газ ала келді. Қиындық ұмытылады, жақсы нірсе есте қалады. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында үйімізге газ келіп қуанып жатырмыз» – дейді Талап ауылының тұрғыны Аксения Аретная ағынан жарылып.
«Ауылымызға газ келді деп қуанып едік, енді үйге кіргіздік деп қуанып отырмыз. Міне, газ қосылды. Қызығын көріп жатырмыз. Бұрын пешпен алысып отыратын едік. Мынау енді тыныш екен жанға», – деп қостады Әбдіраш Жолаев.
Талап ауылының тағы бір тұрғыны Мақпал Қуандықова да енді от жағып, күл шығарудың әуресінен құтылғанына қуанышты екенін жеткізді.
«Үйімізге көгілдір отын кіріп жатыр. Қуаныштымыз. Шайымызды қайнатып, осыменен тамағымызды істеп, қолымыз да жеңілдеп жатыр. Келін боп түскеніме осы 10 жылдың жүзі болды. Сол уақыттар аралығында от жақтық. Енді газ келіп, осылай «қалалық келін» атанып жатырмыз. Ауылымыздың келіншектерінің де осылай қолдары жеңілдеп, от жақпай, осылай үйлеріне газ тарта берсін, қатарымыз көбейе берсін», – дейді тұрғын.
2019 жылдың қараша айында газды тарату жүйелері арқылы тасымалдау және аймақтағы әр тұтынушыны газбен қамтамасыз ету мақсатында «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қарағанды өндірістік филиалы құрылды. Қазіргі уақытта Филиал тұтынушыларға газбен жабдықтау жүйесіне қосылу үшін техникалық шарттарды берумен айналысуда.
Бүгінгі таңда ҚазТрансГаз 20 мың шақырымнан астам магистральдық және 56 мың шақырымнан астам тарату желілерін басқарады. 21 жылдың ішінде компания елімізде бұрын-соңды болмаған ауқымды жұмыстар атқарды. ҰЛТТЫҚ КОМПАНИЯ 10 миллионнан астам отандасымызды қолжетімді, жайлы және экологиялық таза отынмен қамтамасыз етеді.