

Президент Жолдауындағы негізгі міндеттердің бірі - МӘМС жүйесін жаңғыртуға байланысты осы ретте «Амина» медициналық орталығының директоры Бағдат Ермаханмен сұхбаттасқан едік.
– Президент Жолдауында жеке медицинаны дамыту, цифрландыру және кадр тапшылығын шешу мәселелері айтылды. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Иә, Жолдауда айтылған бағыттар біз үшін басым.
Біріншіден, қызмет түрлерін кеңейттік – бейінді мамандар мен диагностикалық тексерулер көбейді.
Екіншіден, толық цифрландыру енгізілді: электрондық денсаулық паспорты, онлайн қабылдау, зертханалық нәтижелер цифр түрінде беріледі.
Үшіншіден, кадр тапшылығын шешу үшін жас мамандарды тарту, оқыту, біліктілікті арттыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеміз.
– Клиниканың басты ұстанымы мен миссиясы қандай?
– Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық көмек көрсету. «Амина медицина орталығының» басты ұстанымы – «Пациент – басты құндылық». Әрбір адамға құрметпен, түсіністікпен қарап, емдеу барысында оның қауіпсіздігі мен құқықтарын бірінші орынға қоямыз.
Сонымен қатар, қызмет сапасын арттыру үшін пациенттердің пікірін үнемі ескеріп, кері байланыс орнатуға тырысамыз. МӘМС жүйесі арқылы тегін қызмет көрсетіп, халықтың денсаулығын жақсартуға үлес қосып келеміз.
– МӘМС жүйесі арқылы клиникада қандай қызметтер көрсетіледі?
– Біз Медициналық әлеуметтік сақтандыру қорымен келісімшартқа отырып, медициналық көмек көрсету міндетін атқарамыз. Сондықтан сақтандырылған азаматтар бізден тегін қызмет ала алады.
МӘМС аясында:
Тар бейінді мамандардың (кардиолог, эндокринолог, невропатолог және т.б.) қабылдауы;
УДЗ, рентген, зертханалық талдаулар сияқты диагностикалық тексерулер;
Жоспарлы және шұғыл стационарлық көмек;
Жүкті әйелдер мен балаларға профилактикалық қызметтер;
Паллиативтік көмек пен мейірбикелік күтім көрсетіледі.
Ал сақтандырылмаған азаматтарға тек шұғыл жағдайларда және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша көмек көрсетіледі.
– Жеке клиникалардың МӘМС жүйесіне қатысуы пациенттерге не береді деп ойлайсыз?
– Бұл – халық үшін үлкен мүмкіндік. Енді адамдар тек мемлекеттік емес, жеке клиникалардан да тегін көмек ала алады.
Біріншіден, таңдау еркіндігі пайда болды.
Екіншіден, жеке клиникалар заманауи құралдармен жабдықталған, қызмет көрсету мәдениеті жоғары.
Үшіншіден, бәсекелестік күшейген сайын сапа да артады.
Төртіншіден, шалғай жерлердегі халыққа да сапалы қызмет қолжетімді бола бастады.
– Сақтандырылған және сақтандырылмаған азаматтармен жұмыс істеу тәжірибеңіз қандай?
– Біз үшін ең маңыздысы – әр адам өз мәртебесін түсініп, сақтандыру жүйесіне қатысуының артықшылығын білуі.
Сақтандырылғандар барлық қызметті тегін алады. Ал сақтандырылмағандарға тек шұғыл көмек көрсетіледі, сонымен қатар оларға жүйеге қалай қосылуға болатынын түсіндіреміз.
Клиникамызда арнайы кеңес беру бұрышы бар. Онда әр адам өзінің мәртебесін тексеріп, МӘМС бойынша сұрақтарына жауап ала алады.
– Мемлекеттік және жеке сектордың серіктестігі денсаулық сақтау сапасына қалай әсер етеді?
– Бұл серіктестік екі жаққа да тиімді.Мемлекет жеке сектордың тәжірибесі мен инвестициясын пайдаланады, ал жеке клиникалар халыққа кеңірек қолжетімді болады.
Бәсекелестік артқан сайын қызмет сапасы жақсарады. Сонымен қатар, жаңа технологиялар мен заманауи басқару тәсілдері енеді.
– Медициналық қызмет сапасын қалай бақылайсыздар?
– Клиникада ішкі аудит пен сапаны бақылау жүйесі жұмыс істейді.Арнайы комиссия қызмет сапасын, стандарттардың сақталуын және пациенттердің пікірін үнемі тексеріп отырады.Кері байланыс жүйесі де бар – әр науқастың пікірі біз үшін маңызды.
Сонымен бірге, қызметкерлерді тұрақты оқытып, кәсіби деңгейін көтеріп отырамыз.