

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы жұмыс берушілерге МӘМС төлемдерін дұрыс есептеу және аудару жөнінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын бастады.
Осы жұмыс аясында филиал мамандары Түркістан облысының «Еңбек мобильділігі орталығы» КММ қызметкерлерімен кездесті. Қатысушыларға жұмыс беруші мен жұмыскердің МӘМС төлемдері, оларды аудару тәртібі және жиі кездесетін қателер түсіндірілді.
«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңға сәйкес, жұмыс берушілер жұмыскерлер үшін МӘМС аударымдары мен жарналарын уақтылы және толық көлемде есептеп, аударуға міндетті. Бұл — төлем коды бөлек көрсетілетін екі түрлі төлем.
Аударымдар жұмыс берушінің өз қаражаты есебінен төленеді және жұмыскердің жалақысынан ұсталмайды. Мөлшері — есептеуге алынатын табыстың 3%-ы, төлем тағайындау коды — 121.
Жарналар жұмыскердің жалақысынан 2% мөлшерінде ұсталып, жұмыс беруші арқылы аударылады. Төлем тағайындау коды — 122. Сондықтан жұмыс беруші жарнасын ұстап, аударып отырған жалдамалы жұмыскерге өзі үшін қосымша дербес жарна төлеу қажет емес.
2025 жылы ай сайынғы төлемнің шекті мөлшері аударымдар үшін 25 500 теңгені, ал жарналар үшін 17 000 теңгені құрады. Бұл шектер ең төменгі жалақының 10 еселенген мөлшері негізінде есептелген.

Қор филиалының бас сарапшысы Нұрдәулет Жарқынбектің айтуынша, талдау барысында кейбір жұмыс берушілердің аударымдар мен жарналарды біріктіріп, жалпы соманы 121 кодымен аударатыны анықталған.
«Мұндай жағдайда 122 кодымен аударылуға тиіс жарналар қате кодпен түседі. Бұл төлемдердің дұрыс есепке алынуына кедергі келтіреді. Сондықтан аударымдар мен жарналарды тиісті кодтарын көрсетіп, бөлек аудару қажет», — деді сарапшы.
МӘМС аударымдары мен жарналарын төлемеу, кешіктіру немесе толық аудармау міндетті төлемдер жөніндегі талаптарды бұзу болып саналады.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 92-1-бабына сәйкес, мұндай құқық бұзушылық алғаш рет жасалса, ескерту беріледі. Бір жыл ішінде қайталанса, субъектінің түріне қарай төленбеген, уақтылы немесе толық төленбеген аударымдар мен жарналар сомасының 30–50%-ы мөлшерінде айыппұл салынады.
Кездесуде төлем аудару кезінде жүйелі түрде жіберілетін қателердің себептерін дер кезінде анықтау және оларды түзету мәселелері де қарастырылды. Мамандар жұмыс берушілерге әр төлемнің сомасын, кезеңін және төлем кодын мұқият тексеру қажеттігін түсіндірді.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.