Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары тізе буын жарақаттарын артроскопия әдісімен емдеуді меңгерді. Артроскопия – үлкен тілік жасамай, шағын құралдар мен арнайы камера арқылы орындалатын минималды инвазивті, жоғары дәлдіктегі хирургиялық тәсіл. Осы мақсатта ауруханаға заманауи артроскопия аппараты орнатылып, тізе буынына тіліксіз ота жасауға толық жағдай жасалды.
Балалар артроскопиясы бойынша шеберлік сыныбына денсаулық сақтау магистрі, жоғары санатты дәрігер, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақов арнайы қатысты. Шеберлік сабақ тәжірибе алмасуға, сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердегі ортопедиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи тәсілдерін көрсетуге бағытталды.
ДДҰ деректеріне сүйенсек, аз инвазивті технологияларды қолдану пациенттің ауруханада жату уақытын 30–50 пайызға қысқартып, операциядан кейінгі асқынуларды шамамен 20 пайызға азайтады. Қазақстанда балалар артроскопиясын дамыту соңғы жылдары бастау алғанымен, бұл бағытта тұрақты ілгерілеу байқалады.
Облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы, медицина ғылымдарының кандидаты Еркебай Бектаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының медицина саласын жаңғыртуға бағытталған шаралары МӘМС жүйесінің тиімділігін арттырып, өңірдегі денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Соның нәтижесінде аурухана жаңа жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталып, пациенттерді емдеудің жаңа әдістері енгізілуде.
Қазіргі уақытта ауруханада артроскопия әдісімен бес балаға ота жасау жоспарланған. Тәжірибе алмасқан жергілікті мамандар алдағы уақытта бұл оталарды өз бетінше жасап, балаларды өзге қалаларға жібермей, өңір ішінде сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігін кеңейтетін болады.