Осенью будет проще: мажилисмен прокомментировал инициативу о введении единого часового пояса в Казахстане

Қазығұртта ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтерілді

Вчера, 14:21
4 мин. чтения
88
Қазығұртта ауыл медицинасы жаңа деңгейге көтерілді
МӘМС

Мемлекет басшысының Жолдауында ауылдық жерлердегі фельдшерлік пункттерден бастап мамандандырылған ауруханаларға дейінгі медициналық мекемелер желісін күшейтіп, жаңарту қажеттігі атап өтілген болатын. Бұл – медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру және сапасын жақсартудағы маңызды қадам. Айта кетерлігі, осы игі бастамалардың жүзеге асуына МӘМС жүйесі енгізген өзгерістер де айрықша ықпал етіп отыр.

Президент тапсырмасына сәйкес, елімізде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қазығұрт ауданында бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Аудандық орталық ауруханада тәуліктік стационарда 19 төсек орындық оңалту бөлімі ашылды. Оның ішінде: кардиология – 3, ересектерге арналған неврология – 5, балалар неврологиясы – 3, балалар травматологиясы – 3, ересектер травматологиясы – 5 төсек орын. Бұдан бөлек, 13 төсек орынға арналған инсульт орталығы іске қосылып, ашылған күннен бастап 125 науқас ем қабылдап, 2 науқасқа күрделі ота жасалды.

Сонымен қатар, ауруханаға орнатылған компьютерлік томография аппараты 2024 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істеп, бір жыл ішінде 2511 тұрғын тексеруден өтті. Халық санының артуына байланысты аусымына 250 адам қабылдайтын жаңа типтік №2 аудандық емхана салу да жоспарланып отыр.

Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында да жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Аурухананың инфекция бөлімшесі мен «Қаратас» ауылдық емханасы күрделі жөндеуден өтті. Алдағы уақытта Шарбұлақ, Рабат және Атбұлақ дәрігерлік емханаларына да жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Талдыбұлақ, Ескі Шанақ, Станция Шанақ, Бақабұлақ медициналық пункттері және Ақжар фельдшерлік амбулаториясының жылыту жүйесі газға ауыстырылды.

Кадрлық әлеуетті нығайтуға да баса мән берілуде. 2024 жылы – 17, ал 2025 жылы – 24 медицина қызметкері жұмысқа қабылданып, тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұдан бөлек, ағымдағы жылы 100 дәрігер мен 210 орта буын маманның біліктілігін арттыру жоспарланған. Бұл мақсатта шетелдік, республикалық және облыстық деңгейде семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.

Қорыта айтқанда, Қазығұрт ауданында медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және кадрлық әлеуетті арттыру шаралары жүйелі түрде іске асырылып келеді. Нәтижесінде аудан тұрғындарына қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсетудің жаңа мүмкіндіктері ашылып отыр.

 

А.Ақынғазиева, Қазығұрт аудандық орталық аурухана басшысының емхана ісі жөніндегі орынбасары                                

Подписывайтесь и следите за нашими новостями в социальных сетях
Ошибка в тексте? Сообщите нам. Выделите ошибку и нажмите Ctrl + Enter

Последние новости

Вчера