МӘМС жүйесінің медицина саласына қаншалықты өзгерістер алып келгені жөнінде Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Боташева Меруерт Тұрғымбекқызы пікірін білген болатынбыз.
-МӘМС жүйесі енгізілгелі бері Түркістан облысы қандай игіліктерге қол жеткізді? Яғни, жүйе іске қосылмай тұрған кезбен салыстырғанда, өңірде қандай өзгерістер бар?
- Соңғы жылдары елімізде медициналық көмекті қаржыландырудың өсуі халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің көлемін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. МӘМС қаражатының есебінен еліміздің бір тұрғынының денсаулығына арналған шығыстарды 56 мың теңгеден 122 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік туды. Мәселен, егер медициналық көмек бөлінісінде қарайтын болсақ, күндізгі стационар, жоғары технологиялық медициналық көмек, жүрек-қан тамырлары, неврологиялық, онкологиялық аурулар мен жарақаттар кезінде медициналық оңалту қолжетімді болды, ол бұрын іс жүзінде көрсетілмейтін.Сонымен қатар, халықтың медициналық қызметтерге ақы төлеуге арналған қалта шығыстарының үлестері де төмендеді.
Мұнан бөлек, тұрғындарды МӘМС жүйесіне қамтуға байланысты өңірде штаб құрылып, тұрақты ұйымдастыру шаралары қолға алынып жатыр. Әсіресе, жүйеге тұрақты төлемдерді жасамағанның салдарынан мәртебесі сақталмай қалған тұрғындардың жұмыс берушілеріне МӘМС жүйесінің тиімділігін Қор филиалы, денсаулық басқармасы және медициналық ұйымдары бірлесіп, ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұлда болса, жүйеге қатысушылар саның көбейтудің нәтижесінде медициналық көмектің сапасына көңіл бөлу.
- Меруерт Тұрғымбекқызы, Түркістан облысында кадр тапшылығы жиі байқалады. Жалпы, медициналық ұйымдарды кадрмен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешімін тауып жатыр?
-Облыста кадр тапшылығының болуы заңды құбылыс. Өйткені, өңір халқының саны жылдан жылға көбейіп жатыр. Осының салдарынан да, әрі халықтың басым бөлігі ауылда тұрады. Ал, ауылды жердегі медициналық ұйымдарды маманмен толықтай қамту мүмкін емес.
Осы ретте, облыс әкімінің қолдауымен резентураларға грант жарияланды. Жақында білімін жетілдірген 37 бейінді маман аудан, қалаларға жұмысқа орналасатын болады.
Биыл бейінді мамандар саның 70 % арттыру бойынша жұмыс жасалып жатыр. Республикалық деңгейде білім алып жатқан мамандар да аудан, қалаларға жұмысқа жолданады. Осылайша медицина саласындағы маман тапшылығы мәселесін кезек-кезекпен шешуге мүмкіндік жасалады.
-Облыста ауыл медицинасына қаншалықты көңіл бөлінді?
- Облыс аумағында алғашқы медициналық көмек көрсететін 22 нысанның құрылысы басталып, былтыр 14 нысан пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, жеке инвесторлар есебінен 31 нысан ашылды. Жедел медициналық жәрдем көмегін сапалы көрсету мақсатында қосымша 75 жедел жәрдем көлігі аудан, қалалардың денсаулық ұйымдарына тапсырылды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдарда 49 жаңа нысан салу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, 4 аудандық орталық ауруханаларды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланған. 2023 жылы 9,3 млрд. теңгеге 712 дана, оның ішінде ауыр – 32 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Медициналық ұйымдарға үнемделген қаржы есебінен 75 дана 4 санаттағы жедел-жәрдем автокөлігі және 716 дана компьютер берілді. Облыс бойынша медициналық техникамен жабдықтау пайызы – 84 % болса, 2024 жылы 89 %-ға көтеру жоспарлануда. Мұнан бөлек, 30-ға жуық маман ауылды жерге жұмысқа орналасты.
Жалпы, ауылдық жерлерде көрсетілген медициналық қызмет алғашқы медициналық-санитариялық, консультациялық-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, тәулік бойғы және күндізгі стационарларда ем алу, МӘМС қаражатына медициналық оңалту, дәрігердің қашықтан кеңес беруі, автомобильдік жылжымалы медициналық кешендер қызметі жақсы қолға алынған.