Түркістан облыстық балалар ауруханасының неонаталдық хирургтары өңеш атрезиясы диагнозы қойылған шала туған нәрестеге мини-торакотомиялық қолжетімділік арқылы сәтті ота жасады. Бұл — өңештің туа біткен өткізгіштігінің бұзылуымен сипатталатын ауыр даму ақауы, шұғыл хирургиялық араласуды талап етеді. Айта кетерлігі, мұндай ота МӘМС есебінен жүзеге асырылады.
Жүктіліктің 34-аптасында небәрі 2000 грамм салмақпен дүниеге келген нәрестеге өмірінің бірінші күнінде ота жасалды. Науқастан өңеш атрезиясы диагнозы перинаталдық орталықта анықталысымен, шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына ауыстырылды. Қажетті тексерулер мен операция алдындағы дайындықтан соң, балаға жаңа, аз инвазиялық әдіспен — мини-торакотомиялық қолжетімділік арқылы өңешке ота жасалды.
Операцияны жоғары білікті мамандар — Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас балалар хирургі, неонаталдық-хирург С.Маутайұлы, неонаталдық-хирург Ж.Бердікулова, анестезиолог-реаниматолог, жансақтау бөлімінің меңгерушісі Қ.Үсенұлы жүргізді.
Бүгінде сәбидің жағдайы тұрақты. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтіп, емдеу шаралары реанимация және интенсивті терапия бөлімінде жалғасуда.
Өңеш атрезиясы (ӨА) — өңештің үздіксіздігі бұзылған, яғни жоғары және төменгі бөліктері бір-бірімен жалғанбаған күрделі туа біткен ақау. Ол асқазан-ішек жолының өткізгіштігінің толық бұзылуына әкеледі. Медициналық деректерге сүйенсек, ӨА — өңештің ең жиі кездесетін ақауы және асқазан-ішек жолдарының барлық атрезияларының шамамен 30%-ын құрайды.
Бұл диагнозбен өмір сүру мүмкін емес деуге болады, себебі сәби тамақты жұта алмайды, ал сілекейі мен асқазанда жиналған сұйықтық тыныс жолдарына түсіп, өкпенің зақымдануына алып келеді. Сондықтан мұндай жағдайда хирургиялық ем — жалғыз тиімді жол.
Соңғы жылдары елімізде, соның ішінде Түркістан облысында да неонаталдық хирургия саласы белсенді дамуда. Қазіргі заманғы технологиялар мен заманауи хирургиялық тәсілдер дәрігерлерге күрделі де нәзік операцияларды сәтті жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Ерте диагностика, тиімді анестезия, жасанды тыныс алдыру, антибиотикотерапия және дұрыс ұйымдастырылған күтім — мұның бәрі нәресте өмірін сақтап қалуға сеп.
Дегенмен, ота сәтті өткеннің өзінде, ас қорыту және тыныс алу жүйесі тарапынан болатын асқынулар баланың кейінгі өмір сүру сапасына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай пациенттер ұзақ мерзімді бақылауды қажет етеді.