

48 жастағы ер адам өзінің өгей анасын ұрды деген күдікке ілініп, қылмыстық жауапкершілікке тартылуда.
66 жастағы қарт әйелдің денсаулығына зиян келтіргені медициналық сараптамамен расталып, оның қорытындысы тәртіп сақшыларына ҚР ҚК-нің 107-бабы 2-бөлігінің 3-тармағында (Аса қатыгездiкпен, сол сияқты кiнәлi адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кінәлі адамға материалдық жағынан немесе өзгеше түрде тәуелді адамға қатысты) көзделген факті бойынша қылмыстық істі қозғауға мүмкіндік берді.
Аталған деректі учаскелік полиция инспекторы анықтаған, оның барлық мән-жайы тергеу барысында белгілі болады. Күдіктіге қатысты «Ешқайда кетпеу туралы қолхат» түрінде бұлтартпау шарасы таңдалды.
Жалпы, жыл басынан бері облыста отбасылық-тұрмыстық салада 1000-ға жуық құқық бұзушылық тіркелген. 1 шілдеден бастап заңнамаға енгізілген өзгертулерді ескере отырып, полиция қызметкерлері отбасылық жанжал бойынша фактілерді анықтай отырып, құқық бұзушыларды жауапкершілікке тарту бойынша жұмысты күшейтті.