Новости

2026 жылдың қаңтар айында МӘМС аясында жасалған топ 10 операция

Yesterday, 05:11
5 mins read
228
2026 жылдың қаңтар айында МӘМС аясында жасалған топ 10 операция
МӘМС

МӘМС қаражаты есебінен жасалатын ота түрлері мыңдаған адамның өміріне араша болуда. Жоғары технологиялы медициналық көмек – дәрі-дәрмек пен басқа да ем-шаралардан нәтиже болмаған жағдайда адам өмірін сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Кезінде қазақстандықтар шет ел асып жасататын күрделі операциялар бүгінде еліміздегі медициналық ұйымдарда жасалуда. Мақаламызда жылдың алғашқы айында отандық медицинада жасалған күрделі 10 операцияны жинақтадық.

Алматы облысының Қарасай ауданында алғаш рет перкутандық эндоскопиялық гастростомия операциясы жасалдыЗаманауи, аз инвазивті бұл әдіс жұтыну қызметі бұзылған және өңештің ауыр ауруларына шалдыққан науқастарға қолданылады. Күрделі ота МӘМС аясында 1952 жылы туған науқасқа жүргізілді. Оған оң жақ өкпенің төменгі бөлігінің III сатыдағы орталық обыры диагнозы қойылған. Ауру өңештің ортаңғы және төменгі бөліктерінің стенозымен асқынып, науқастың табиғи жолмен тамақтануына мүмкіндік бермеген.Клиникалық көрсеткіштерді ескере отырып, дәрігерлер эндоскопиялық бақылау арқылы асқазанға жасанды жол ашатын перкутандық эндоскопиялық гастростомия жасау туралы шешім қабылдады. Бұл әдіс науқасты энтеральды тамақтандыруға мүмкіндік береді. Аталған операция хирургиялық тіліксіз орындалады, жарақаттау деңгейі төмен және асқыну қаупі аз. Сонымен қатар, бұл тәсіл науқастардың өмір сүру сапасын жақсартып, әрі қарай арнайы ем жүргізуге жағдай жасайды.

Солтүстік Қазақстанда пациенттің операциядан кейін саусақтарының қозғалысы қалпына келтірілдіОблыстық көпсалалы ауруханасында бір жылдан астам уақыт бойы саусақтарының қимылы шектелген науқастың саусақ қозғалысы толық қалпына келтірілді.Дәрігерлер оған күрделі білек ауруы диагнозын қойып, жоспарлы операция жасады. Тексеру барысында саусақ қимылына жауап беретін жүйкенің қысылғаны анықталған. Мамандардың айтуынша, білек өзегі синдромы көбіне кеңсе қызметкерлері мен қол еңбегімен көп айналысатын адамдарда кездеседі. Ауру ұзақ уақыт емделмесе, саусақтардың қозғалысы айтарлықтай шектелуі мүмкін.Алдымен науқасқа консервативті ем тағайындалған. Алайда нәтиже болмаған соң, МӘМС аясында хирургиялық араласу жүргізу туралы шешім қабылданды. Операция уақыты шамамен 40 минутқа дейін жалғасады. Отадан кейін саусақтардың қозғалысы қалпына келіп, пациент қалыпты өмірге оралды.

Түркістанда бас миының ірі ісіктеріне күрделі нейрохирургиялық ота жасалдыҚалалық ауруханада бас миының үлкен көлемді ісіктерін алу бойынша күрделі ота сәтті жүзеге асырылды. Жоғары технологиялы медициналық көмектің бұл түрі МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетілді.Ауруханаға 1958 жылы туған науқас инсультке күдікпен, айқын когнитивті бұзылыстар белгілерімен жеткізілген. Жүргізілген диагностикалық зерттеулер нәтижесінде науқастың бас миында көлемді ісіктер анықталды. Науқасқа оң жақ маңдай–төбе–самай сүйектерінің костно-пластикалық трепанациясы, бас миының оң жақ төбе және маңдай-самай бөліктеріндегі көлемді түзілістерді микрохирургиялық жолмен алып тастау отасы, қатты ми қабығының пластикасы жасалды. Ота барысында бас миындағы екі ірі көлемді ісік толықтай алынды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы тұрақты, жансақтау бөлімінде дәрігерлердің тұрақты бақылауында.

Маңғыстау облысында алғаш рет кардиостимулятор орнату бойынша заманауи операция сәтті жүргізілдіКүрделі операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында Тараз қаласынан келген пациентке жасалды. Медициналық құрал-жабдық пациенттің жүрек қызметін және орнатылған кардиостимулятордың жұмысын тәулік бойы автоматты түрде бақылауға мүмкіндік береді. Пациент үй жағдайында бола отырып, дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады.Халықаралық клиникалық зерттеулерге сәйкес, BIOTRONIK Home Monitoring жүйесін қолдану пациенттердің қауіпсіздігін арттырып, операциядан кейінгі асқынулардың қаупін төмендетеді.

Шымкенттік дәрігерлер ішегі бірнеше жерден тесілген азаматты құтқардыҚалалық №1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері 38 жастағы азаматты ажалдан арашалап қалды. Науқас ауруханаға ауыр халде жеткізілген. Тексеру барысында оның ас ішегі 3-4 жерден тесіліп, іш қуысына инфекция тарағаны анықталды. Дәрігерлердің айтуынша, асқазаннан өткен ұзындығы шамамен 3 сантиметр болатын өткір сүйек ішекті тесіп, перфорацияға әкелген. Соның салдарынан перитонит – іш пердесінің жедел қабынуы басталған. Сонымен қатар, науқаста тамақ өтімсіздігі де байқалған.Ота барысында хирургтер ішекті тесіп тұрған сүйекті алып, зақымдалған ішек бөліктерін тігіп, қалпына келтірді. Сондай-ақ іш қуысы толық тазартылып, перитониттің зардаптары жойылды.

Қарағандыда 13 жастағы қызға жүрек отасы жасалды№2 көпбейінді аурухана хирургтері жасөспірімге МӘМС есебінен күрделі және сирек жасалатын жүрек отасын сәтті өткізді. Бұл операцияда жүрекке қосылатын жоғарғы қуыс венаны яғни, қан тамырын кеңейтетін пластика алғаш рет қолданылды.Ауру ұзақ уақыт бойы жасырын түрде өтіп, спорттық жарыстар алдындағы жоспарлы медициналық тексеру кезінде кездейсоқ анықталған. Уақыт өте келе қызда ентігу, тез шаршау және әлсіздік байқалған. Консервативті ем нәтижесіз болғандықтан, дәрігерлік консилиум хирургиялық араласу туралы шешім қабылдады. Операция сәтті өтіп, баланың алдағы сауығу көрсеткіші жақсы.

Оралда зейнеткердің аяқ тамырына күрделі ота жасалды71 жастағы пациенттің аяқ тамырлары бітеліп, халі мүшкіл күйге түскен. Облыстық ауруханада қарияға МӘМС аясында реконструктивті операция сәтті жасалды. Бітелген қан тамыры алынып, оның орнына жасанды қан тамыры орнатылған. Дәрігерлердің айтуынша, науқас ауруханаға төменгі аяқ-қол тамырларының атеросклерозы диагнозымен түскен.Операцияға дейін науқас небәрі 10-15 метр ғана жүріп, аяғы тез шаршап, қатты ауырсыну сезінетін болған. Ал операциядан кейін оның жағдайы айтарлықтай жақсарып, бүгінде 200-500 метр аралығында еш қиындықсыз, өздігінен еркін жүре алады.

Жетісуда алғаш рет бауыр эхинококкозымен ауыратын пациентке лапороскопиялық ота жасалдыТалдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында МӘМС есебінен алғаш рет бауырдың оң жақ бөлігінің эхинококкозы және өт-тас ауруы бар пациентке бірегей ота жасалды. Операция барысында лапароскопиялық перицистэктомия және холецистэктомия қолданылып, 58 жастағы пациенттен бауырдағы паразиттік зақымдану мен өт қабының патологиясы бір мезетте алынып тасталды.

Ұлытау облысында 62 жастағы науқасқа күрделі ангиографиялық ота жасалдыПациенттің қол-аяқтары ұйып, сөйлеу қабілеті нашарлай бастаған. Тексеру кезінде мойындағы қан тамырының 70%-ға бітелгені анықталған. Дәрігерлер қарияға МӘМС есебінен күрделі ангиографиялық ота жасап, қан айналымын қалпына келтірді. Қазір науқас қалыпты өміріне оралған.Ангиографиялық араласулар өмірге қауіпті тамыр бітелулерін дәл анықтап, дер кезінде медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Ақтөбеде туа біткен жүрек ақауы бар 8 балаға күрделі ота жасалдыКөпбейінді облыстық балалар ауруханасында 8 кішкентай пациентке жүрекке интервенциялық ота жасалды. Балаларға жоғары мамандандырылған көмекті медициналық сақтандыру аясында елордалық маман – UMC Жүрек орталығының интервенциялық кардиологы Ерик Отарбаев көрсетті. Бұл оталар аз инвазивті әдіске жатады және олардың әсері өмір бойы сақталады.Ота сәттілігінің маңызы тек ақауды жоюмен шектелмей, науқастың тез қалпына келуімен және ауруханадан қысқа мерзімде шығарылуымен ерекшеленеді.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday

Соңғы жаңалықтар

10 ақпан
09 ақпан