Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі артып келеді

Кентауда күрделі операциялар жасау мүмкіндігі кеңейіп келеді

Бүгін, 10:23
5 mins read
97
Кентауда күрделі операциялар жасау мүмкіндігі кеңейіп келеді
МӘМС

Кентау қалалық орталық ауруханасы – қала тұрғындарына тәулік бойы шұғыл және жоспарлы стационарлық көмек көрсететін негізгі көпбейінді медициналық ұйымдардың бірі. Соңғы жылдары аурухананың материалдық-техникалық базасы жаңартылып, заманауи хирургиялық технологиялар кезең-кезеңімен енгізілуде. Соның нәтижесінде бұрын облыстық немесе республикалық медициналық орталықтарға жүгінуді қажет еткен бірқатар күрделі операциялар бүгінде Кентау қаласында жасала бастады.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктері, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігі және аурухананың алдағы даму бағыттары туралы Кентау қалалық орталық ауруханасының басшысы Асылбек Өтебаев әңгімелеп берді.

– Асылбек Бахытбекұлы, алдымен аурухананың бүгінгі мүмкіндіктері мен негізгі қызмет бағыттарына тоқталсаңыз.

– Кентау қалалық орталық ауруханасы шамамен 100 мың тұрғынға қызмет көрсететін, тәулік бойы жұмыс істейтін көпбейінді стационар. Бүгінде аурухананың негізгі төсек қоры 313 орынды құрайды.

Мұнда хирургия, травматология, терапия, инсульт орталығы, педиатрия, инфекциялық аурулар, акушерлік, реанимация және паллиативтік көмек бағыттары бойынша мамандандырылған медициналық қызмет көрсетіледі.

2025 жылы стационарда 16 763 пациент ем қабылдады. Қабылдау бөліміне тәулігіне орта есеппен 90–120 адам жүгінеді. Пациенттердің жағдайын ауырлық дәрежесіне қарай бағалау үшін триаж жүйесі қолданылады. Бұл өміріне қауіп төнген науқастарға шұғыл көмекті бірінші кезекте көрсетуге және қабылдау бөлімінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Біздің негізгі міндетіміз – тұрғындардың қажетті медициналық көмекті мүмкіндігінше өз қаласында, уақытылы әрі сапалы алуына жағдай жасау.

– Соңғы жылдары аурухананың хирургиялық қызметі айтарлықтай дамып келеді. Қандай жаңа операциялар мен технологиялар енгізілді?

– Хирургиялық және урологиялық қызмет – ауруханамыздың қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі.

Заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етудің арқасында бұрын көбіне облыстық немесе республикалық деңгейдегі орталықтарда жасалатын бірқатар күрделі операцияларды Кентауда орындауға мүмкіндік туды.

2025 жылы ауруханада лапароскопиялық герниопластика, бауыр эхинококкозына лапароскопиялық операция, уретероскопиялық әдіспен несепағар тастарын алу, сондай-ақ бүйрек кистасын лапароскопиялық ретроперитонеалды әдіспен резекциялау сияқты жаңа операция түрлері енгізілді.

Сонымен қатар Precision 1000 ультрадыбыстық хирургиялық жүйесі мен LITHOBOX пневматикалық литотрипсия жүйесі сатып алынды. Бұл хирургиялық және урологиялық көмектің техникалық мүмкіндіктерін едәуір кеңейтті. Атап айтқанда, несепағардағы тастарды эндоскопиялық әдіспен ұсақтап, алып тастауға мүмкіндік береді.

Аз инвазивті технологиялардың басты артықшылығы – операциялық жарақатты азайтып, пациенттің қалпына келу мерзімін қысқартуға және операциядан кейінгі асқыну қаупін төмендетуге мүмкіндік беруі.

2025 жылы жаңа операциялық бөлме де іске қосылды. Бұл хирургиялық көмектің қауіпсіздігі мен сапасын арттыруға қосымша жағдай жасады.

МӘМС жүйесі де тұрғындардың осындай мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сақтандырылған пациенттер медициналық көрсетілім болған жағдайда жоспарлы хирургиялық ем мен қажетті диагностикалық зерттеулерді МӘМС аясында ала алады.

Ең бастысы – тұрғындардың күрделі операциялар үшін басқа қалаларға бару қажеттілігі біртіндеп азайып, қажетті мамандандырылған хирургиялық көмекті өз қаласында алу мүмкіндігі кеңейіп келеді.

– Аурухананың басқа мамандандырылған қызметтерінде қандай нәтижелер бар?

– Көпбейінді стационардың артықшылығы – әртүрлі бағыттағы мамандандырылған көмектің бір медициналық ұйымда шоғырлануы.

2018 жылдан бері жұмыс істейтін инсульт орталығында ми қанайналымының жедел бұзылыстары бар пациенттерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. 2025 жылы орталықта 558 пациент ем қабылдап, 22 науқасқа тромболитикалық терапия жүргізілді.

Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында да маңызды нәтижелер бар. Соңғы 11 жыл ішінде ауруханада ана өлімі тіркелген жоқ. Перинаталдық және нәресте өлімінің алдын алу, акушерлік асқынуларды ерте анықтау және қауіпсіз босандыру мәселелері тұрақты бақылауда.

2024 жылы шала туған нәрестелерді күтудің екінші кезеңі ашылып, неонаталдық көмектің мүмкіндіктері кеңейтілді.

Сонымен бірге терапиялық, педиатриялық, инфекциялық және паллиативтік көмек қызметтері де тұрғындардың қажеттілігіне сәйкес жұмыс істейді.

Біз үшін әр бөлімшенің нәтижесі – ауруханадағы медициналық көмектің жалпы сапасын арттыруға қосылған үлес.

– МӘМС жүйесі көпбейінді стационардың дамуына және медициналық көмектің қолжетімділігіне қалай әсер етеді?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қаржыландыру тетіктерінің бірі.

МӘМС шеңберінде сақтандырылған азаматтарға медициналық көрсетілімдер болған жағдайда жоспарлы стационарлық ем, хирургиялық операциялар, диагностикалық зерттеулер және басқа да қажетті медициналық қызметтер көрсетіледі.

Ал шұғыл медициналық көмек сақтандыру мәртебесіне қарамастан көрсетіледі.

Көпбейінді стационар үшін тұрақты әрі жеткілікті қаржыландырудың маңызы зор. Ол емдеу процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге, пациенттерді қажетті дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтуға, медициналық қызметтің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондықтан біз үшін МӘМС – тек қаржыландыру көзі емес, тұрғындарға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік беретін жүйе.

– Аурухананың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытында қандай жұмыстар атқарылды?

– Соңғы жылдары ауруханада ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілді.

2023 жылы А корпусы күрделі жөндеуден өтсе, 2025 жылы Б корпусының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды.

Сонымен бірге медициналық жабдықтар кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Ультрадыбыстық диагностикалық жүйелер, дефибриллятор-мониторлар, аудиологиялық скрининг құрылғысы, зертханалық жабдықтар және хирургиялық операцияларға арналған заманауи аппараттар сатып алынды.

Бұл жұмыстар диагностикалық және емдеу мүмкіндіктерін кеңейтуге, медициналық көмектің қауіпсіздігін арттыруға және пациенттер үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.

Біздің ұстанымымыз бойынша аурухананы жаңғыртудың нақты нәтижесі ең алдымен тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасынан көрінуі тиіс.

– Медициналық көмектің сапасы мен пациент қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында қандай жұмыстар жүргізілуде?

– Медициналық көмектің сапасы мен пациент қауіпсіздігі – ауруханамыздың негізгі басымдықтарының бірі.

Медициналық ұйымда ішкі аудит, клиникалық жағдайларды талдау, инфекциялық бақылау, тәуекелдерді басқару және медицина қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіледі.

2023 жылы аурухана бірінші санатты аккредиттеуден өтті. 2026 жылы қайта аккредиттеуге дайындық аясында медициналық қызмет сапасын басқару, пациент қауіпсіздігі стандарттарын жетілдіру және қызметкерлерді оқыту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді.

Біздің түсінігімізде сапа – тек нормативтік талаптарды орындау емес. Ең маңыздысы – әрбір пациентке көрсетілетін медициналық көмектің қауіпсіздігі, уақтылығы және нәтижелілігі.

– Алдағы жоспарларыңыз қандай? Кентау тұрғындарына не айтар едіңіз?

– Алдағы уақытта хирургиялық және урологиялық қызметтердің мүмкіндіктерін одан әрі кеңейтуді, инсульт кезіндегі мамандандырылған көмекті жетілдіруді, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытындағы жұмысты жалғастыруды және медициналық жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңартуды жоспарлап отырмыз.

Басты мақсатымыз – Кентау тұрғындарының күрделі және мамандандырылған медициналық көмекті мүмкіндігінше өз қаласында алуына жағдай жасау.

Аурухананың ең үлкен жетістігі – жаңартылған ғимарат немесе заманауи медициналық аппарат қана емес. Ең үлкен нәтиже – уақытылы жасалған операцияның арқасында сақталған адам өмірі, аман-есен дүниеге келген сәби және сауығып, отбасына оралған пациент.

Кентау қалалық орталық ауруханасының ұжымы тұрғындардың денсаулығын қорғау жолында тәулік бойы еңбек етіп келеді. Алдағы уақытта да халықтың сенімін ақтап, сапалы, қауіпсіз және қолжетімді медициналық көмек көрсету үшін бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.

Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Қолданбаны жүктеп алыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday
07 қараша
06 қараша