49 жастағы әйел соңғы екі ай бойы аномальды жатыр ішілік қан кетуге, іш көлемінің ұлғаюына және жалпы әлсіздікке шағымданып дәрігер көмегіне жүгінген. Науқастың айтуынша, ішінің көлемі соңғы уақытта айтарлықтай үлкейіп, күнделікті қозғалысына қолайсыздық туғыза бастаған.
Науқасқа жүргізілген кешенді диагностикалық тексерулер нәтижесінде жатырда ірі көлемді, қан тамырларымен жақсы қамтамасыз етілген гиганттық миома бар екені анықталды.
Науқастың жағдайы гинеколог, ангиохирург, кардиохирург және өзге де бейінді мамандардың қатысуымен өткен консилиумда жан-жақты талқыланды. Мамандардың қорытынды шешімімен пациентке жатыр артерияларын эмболизациялау (ЭМА) отасын жасау ұсынылды.
Эмболизация – қазіргі медицинадағы тиімді әрі аз инвазивті емдеу тәсілдерінің бірі. Процедура барысында арнайы катетер арқылы жатыр миомасын қоректендіретін қан тамырларына эмболизациялаушы бөлшектер енгізіледі. Соның нәтижесінде миомаға келетін қан ағымы азайып, уақыт өте келе ісіктің көлемі кішірейеді. Операцияны ангиохирург дәрігер Азамат Амангелдиев жасады.
Жоғары технологиялық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жүргізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл әдіс алдағы уақытта миоманы хирургиялық жолмен алып тастау қажет болған жағдайда, көп мөлшерде қан кету қаупін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді.
Жасалған емдік шарадан кейін науқастың жағдайы тұрақтанып, қазіргі таңда дәрігерлердің бақылауында ем қабылдауды жалғастыруда.
Мамандар жатыр миомасын ерте анықтау үшін әйелдерге профилактикалық тексерулерден уақытылы өтіп, гинеколог дәрігерге тұрақты қаралып тұруға кеңес береді. Әсіресе іштің ұлғаюы, етеккір циклінің бұзылуы, көп мөлшерде қан кету және іштің төменгі бөлігіндегі ауырсыну белгілері байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Ерте анықталған миоманы күрделі асқынуларға жеткізбей емдеуге мүмкіндік мол.