

Түркістан облыстық клиникалық ауруханасының нейрохирургтары міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында тағы бір жоғары технологиялық күрделі операцияны сәтті орындады.
Онкологиялық есепте тұрған науқасқа жүргізілген кешенді тексеру нәтижесінде омыртқа денесінің метастаздық ісігі, төменгі парапарез және түбіршектік ауырсыну синдромы диагнозы қойылды.
Операция барысында мамандар:
омыртқаның жұлын өзегін босатуға бағытталған декомпрессиялық ламинэктомия жасады;
метастаздық ісікті толық алып тастады;
омыртқа денесіне сүйек цементімен аугментация жүргізді.
Мұндай жоғары технологиялық хирургиялық араласудың негізгі мақсаты – жұлын мен жүйке түбірлеріне түсетін қысымды азайту, ауырсыну синдромын жеңілдету және науқастың қозғалыс белсенділігін қалпына келтіруге мүмкіндік жасау.
Ота МӘМС жүйесі аясында тегін көрсетіліп, сәтті аяқталды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы дәрігерлердің тұрақты бақылауында.
Әрбір күрделі операция – жоғары білікті дәрігерлердің кәсібилігі, заманауи медициналық технологиялар мен үйлесімді командалық жұмыстың нәтижесі.
Егер бас ауруы, арқадағы ауырсыну, омыртқа жарығы немесе омыртқаға қатысты басқа да белгілер мазаласа, ауруды асқындырмай, уақытылы дәрігерге қаралып, қажетті тексерулерден өткен жөн. Ерте анықталған дертті емдеу әлдеқайда тиімді әрі асқынулардың алдын алуға мүмкіндік береді.