Казахстан импортировал продукты питания на рекордные $646 млн

МӘМС жүйесінде не өзгерді?

Бүгін, 08:32
5 mins read
90
МӘМС жүйесінде не өзгерді?
МӘМС

МӘМС жүйесінде орын алған өзгерістер және медициналық қызметке қатысты арыз-шағымды қабылдау тәртібіндегі өзгерістер жөнінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалдың директоры Бақыт Исмаханбетовпен сұхбаттасқан едік.

-Бақыт Торғайбайұлы, жыл басынан бері МӘМС жүйесінде орын алған өзгерістер жөнінде не айтасыз?

–Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы, оның ішінде денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындады. Осыған сәйкес, бүгінгі таңда МӘМС жүйесін трансформациялау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде.

Қор Қаржы министрлігінің қарамағына өткеннен кейін қаржылық бақылау күшейтіліп, медициналық қызметтерді төлеу, жоспарлау және мониторинг жүйелері қайта қаралды. Сондай-ақ алаяқтықтың алдын алу тетіктері енгізіліп, ақпараттық жүйелер интеграциялануда.

Бүгінде МӘМС және ТМККК аясында медициналық көмекті қаржыландыру тұрақты жүзеге асырылып келеді, пациенттер үшін қызметтердің қолжетімсіздігіне қатысты тәуекелдер жоқ. Медициналық ұйымдардың тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін келісімшарт сомасының 20%-дан 30%-ға дейін аванс беріледі.

2026 жылы медициналық көмекті сатып алуға 251 598,2 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде, ТМККК - 107 576,0 млн теңге, МӘМС - 144 022,2 млн теңге. Биыл халыққа  186 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Оның ішінде, мемлекеттік - 44 мекеме, 142 жеке меншік ұйым.

Бұл бәсекелестік ортаның нығаюын айғақтайды және өз кезегінде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасының артуына ықпал етеді. 

Сонымен қатар, қызметтер тек нақты көрсетілген медициналық көмек үшін төленеді. Қаражаттың ашық әрі тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында бақылау күшейтіліп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.

Цифрландыру бағытында Qalqan бірегей платформасы енгізілуде. Бұл жүйе пациентке көрсетілген барлық медициналық қызметтерді біріктіріп, ашықтықты арттырады және «халықтық бақылау» механизмін қалыптастырады. Яғни, адам алған медициналық қызметті өз бетінше бағалауға мүмкіндік беріледі.

Жалпы, МӘМС жүйесі тек қаржыландыру құралы емес, денсаулық сақтау жүйесінің тұрақтылығы мен сапасын арттыруға бағытталған кешенді модельге айналып келеді.

Бүгінде халық үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігі айтарлықтай артты. Облыста тұрғындардың 87%-дан астамы сақтандырылған және КТ, МРТ сияқты қымбат қызметтерді тегін ала алады. Медициналық ұйымдар саны өсіп, бәсекелестік күшейді.

Сонымен қатар, Damumed қосымшасы арқылы дәрігерге жазылу, талдау нәтижелерін көру мүмкіндігі пайда болып, бұл халыққа қолайлы жағдай жасады.

Биылдан бастап бірыңғай медициналық пакетке көшу басталды. Бұл жүйені жеңілдетіп, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.

Қарапайым тілмен айтқанда, МӘМС жүйесі – бұл «табысты азаматтар әлсіз топтарға көмектесетін» әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделген жүйе. Нәтижесінде әрбір азамат табысына қарамастан сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алады.

– Медициналық сақтандыру жүйесінің халықты әлеуметтік қолдау аясы кеңейтілді. Осы жөнінде толығырақ айтып берсеңіз?

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру негізгі басымдықтардың бірі ретінде айқындалды. Соның ішінде әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарды МӘМС жүйесіне тарту мәселесіне ерекше назар аударылды.

Осы тапсырмаға сәйкес, 2026 жылдың қаңтар айынан бастап жаңа тетік енгізілді. Енді «D» және «E» санаттарына жататын әлеуметтік әл-ауқаты төмен, жұмыссыз азаматтар үшін МӘМС жарналары жергілікті бюджет есебінен төленеді.

Бұл механизм бірнеше мемлекеттік органның үйлесімді жұмысы арқылы іске асырылуда. Атап айтқанда, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі ай сайын аталған санаттағы азаматтардың тізімін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жолдайды. Соның негізінде азаматтарға автоматты түрде «сақтандырылған» мәртебе беріледі.

Нәтижесінде, бұл санаттағы тұрғындар медициналық көмекті толық көлемде, еш шектеусіз ала алады. Ал көрсетілген қызметтердің шығындары жергілікті атқарушы органдар тарапынан өтеледі.

Жыл басынан бері Түркістан облыстық әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасы тарапынан медициналық көмекке жүгінген Д және Е санаттағы 796 адам үшін  4 700 395,92 теңге жарна ретінде төленді. Оның ішінде, Д санаты бойынша – 594 адам, Е санаты бойынша – 202 адам. Ал, ресми жұмыссыз тіркелген 30 390 адамға 179 453 557,80 теңге төленген.

2026 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша Түркістан облысында D санаты – 78 565 адам, E санаты – 16 529  адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған. Жалпы саны - 95 094 адамды құрайды.

Жалпы, бұл санатқа (Д,Е санаты және ресми жұмыссыздар кіреді) табысы төмен, мемлекеттік әлеуметтік төлемдер алатын, тұрақты жұмысы жоқ, әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтар жатады.

 

– Мектеп бітірген түлектер МӘМС мәртебесінен айырылып қалуы мүмкін бе?

– Иә, мұндай жағдай болуы мүмкін. Егер мектеп түлегі 18 жасқа толып, әрі қарай колледжге немесе университетке түспесе, онда МӘМС жүйесіндегі сақтандырылған мәртебесінен айырылады.

Себебі 18 жасқа дейінгі балалар мен күндізгі бөлімде оқитын студенттер жеңілдік санатына кіреді, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді.

Ал колледж немесе университет бітірген жастар диплом алғаннан кейін 3 ай ішінде жұмысқа орналаспаса, олар да сақтандырылған мәртебесін жоғалтуы мүмкін.

Бірақ мәртебені сақтаудың жолдары бар:

  • Оқуға түссе – студент ретінде сақталады

  • Жұмысқа тұрса – жұмыс беруші жарна төлейді

  • Оқуын жалғастырса (магистратура, т.б.) – мәртебе сақталады

Сондай-ақ, студент оқып жүріп жұмыс істесе де, жеңілдік санаты сақталады.

Ал шетелде оқитын студенттер eGov.kz арқылы тіркеліп, өз мәртебесін растай алады.

Қысқасы, оқымай да, жұмыс істемей де жүрсе – МӘМС мәртебесінен айырылу қаупі бар.

Егер, оқуға түспесе, жұмысқа тұрмаса, онда дербес төлеуші ретінде 4250 теңгеден алдыңғы 12 айға төлем жасап, МӘМС жүйесіне қатысады.

 

Kaspi.kz арқылы МӘМС жарналарын төлеу қалай жеңілдетілді?

– Енді Kaspi.kz қосымшасы арқылы МӘМС жарналарын төлеу әлдеқайда оңай болды. Егер бұрын әр айды бөлек-бөлек енгізіп, төлеу керек болса, қазір барлық қарызды бір төлеммен жабуға болады.

Қосымша өзі автоматты түрде қай айларға төлем жасау керек екенін анықтап береді. Бұл қателіктерді азайтып, уақытты үнемдейді.

Сонымен қатар, жүйе сіздің кім екеніңізді (жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер) автоматты түрде анықтап, төлем сомасын дұрыс есептейді. Яғни, енді МӘМС жарнасын төлеу – тез, ыңғайлы және түсінікті.

Қызметті Kaspi.kz қосымшасынан табуға болады: Төлемдер → Айыппұлдар мен салықтар → Сақтандыру мәртебесін тексеру.

 

– Медициналық көмек сапасына қатысты шағым беру тәртібі қалай өзгерді?

– Енді медициналық қызмет сапасына байланысты шағымдарды 1414 нөмірі арқылы қабылдау тоқтатылды. Бұл өзгеріс азаматтардың жеке деректерін қорғау және дәрігерлік құпияны сақтау үшін енгізілді.

Қазір шағымды келесі жолдармен беруге болады:

  • Қордың ресми сайты – msqory.kz

  • Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы

Ал 1414 байланыс орталығы бұрынғыдай жұмыс істейді, бірақ ол тек кеңес беру үшін қолданылады (МӘМС және тегін медициналық көмек бойынша сұрақтарға жауап береді).

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday
11 сәуір
10 сәуір
09 сәуір