

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев «Әкімге сұрақ» бағдарламасының арнайы шығарылымында өңір экономикасының дамуы, туризм, агросектор және экспорт әлеуеті туралы айтты, Qonaevtv.kz хабарлайды.
Әкімнің сөзінше, 2022 жылы облыс қайта құрылып, дербес өңір ретінде жұмысын бастағаннан бері негізгі экономикалық көрсеткіштер айтарлықтай өскен. Ішкі өңірлік өнім көлемі 3,5 трлн теңгеден 6,7 трлн теңгеге дейін артса, салық түсімдері 320 млрд теңгеден 618 млрд теңгеге жеткен.
Марат Сұлтанғазиев өңірдің тиімді географиялық орналасуы логистика, өндіріс, қойма ісі және сауда салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отырғанын атап өтті. Оның айтуынша, экономика құрылымы да өзгеріп келеді: бұрын негізгі басымдық ауыл шаруашылығына берілсе, бүгінде өңдеу өнеркәсібі, қызмет көрсету және логистика бағыттары қарқынды дамуда.
«Бұрын импорт көлемі жоғары болса, бүгінде қазақстандық өнімнің экспорттағы үлесі артып келеді. Бұл – өңдеу саласының дамып жатқанын білдіреді», – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы өңірде экспортқа бағытталған өндірістерге ерекше көңіл бөлінетінін айтты. Мысал ретінде ол Алматы облысындағы «Шин-Лайн» кәсіпорнын атады. Кәсіпорын өткен жылы 15 мың тонна балмұздақ экспорттаған. Әкімнің айтуынша, бұл көрсеткіш Ресейдегі балмұздақ зауыттарының жалпы экспорт көлемімен шамалас.
Сонымен қатар бағдарламада туризм саласын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Марат Сұлтанғазиев Алматы облысының табиғи әлеуеті туризмді экономиканың маңызды драйверіне айналдыруға мүмкіндік беретінін айтты.
«Агроөнеркәсіпті дамытқанда тек өнім өндіріп қана қоймай, сол өңірдің табиғатын, мәдениетін, ауыл өмірін туристік бағыт ретінде дамыту қажет», – деді облыс әкімі.
Әкім Қытайға жасаған жұмыс сапары кезінде туризм мен ауыл шаруашылығын қатар дамытудың тиімді үлгісін көргенін айтып, мұндай тәжірибені Алматы облысында да жүзеге асыруға мүмкіндік бар екенін жеткізді. Оның сөзінше, өңірдегі тау аймақтары, көлдер мен ұлттық парктер агротуризм мен экотуризмді дамытуға қолайлы.
Сұхбат барысында туризмнің шағын және орта бизнесті дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және экономиканы әртараптандыруға ықпал ететіні де айтылды. Сонымен қатар туристік инфрақұрылымды дамыту, туристік аймақтардың сапасын арттыру және тазалық мәдениетін қалыптастыру өңірдің негізгі басымдықтарының бірі болатыны атап өтілді.