NewsHub.kz - Информационный хаб

Облыстық ауруханада жасалған сирек әрі күрделі эндоваскулярлық ота

30 мау, 13:12
1 mins read
372
Облыстық ауруханада жасалған сирек әрі күрделі эндоваскулярлық ота
МӘМС

Облыстық клиникалық аурухананың хирургия бөліміне 1938 жылы туған науқас қатты ауырсыну шағымымен түсті. Кешенді тексеру нәтижесінде қолқа тамырының (аортаның) бүйрек артерияларынан төменгі бөлігінде аневризма анықталды. Ол мықын және бүйрек артерияларына дейін таралған өте күрделі әрі өмірге қауіп төндіретін қан тамырлары патологиясы болып шықты.

Науқастың жасының үлкен болуы, аневризманың көлемінің аса ірі болуы және қатар жүретін созылмалы аурулары жағдайды одан әрі қиындатты. Дәрігерлер бұл жағдайды өте күрделі деп бағалап, науқасты басқа медициналық ұйымға тасымалдауға болмайтынын анықтады.

Емдеу жұмысына академик А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары тартылып, өңірге арнайы келді.

Операцияны жүргізу үшін науқастың қан тамырларының анатомиялық ерекшеліктеріне сәйкес арнайы дайындалған жеке стент-графт шұғыл түрде тапсырыс беріліп, жеткізілді. Қажетті құрал-жабдықтар мен мамандар келгеннен кейін эндоваскулярлық әдіспен стент-графтты имплантациялау бойынша жоғары технологиялық күрделі ота сәтті орындалды.

Операция сәтті өтті. Стент-графт техникалық қиындықсыз орнатылды. Қазіргі таңда науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Ауырсыну синдромы басылып, өмірлік маңызды көрсеткіштері тұрақты. Облыстық клиникалық аурухана дәрігерлері мен республикалық орталық мамандарының бірлескен жұмысының арқасында жоғары технологиялық медициналық көмек сәтті көрсетілді.

Бұл жоғары технологиялық медициналық көмек Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілді. МӘМС жүйесінде сақтандырылған азаматтар медициналық көрсетілім болған жағдайда осындай күрделі әрі қымбат тұратын емдеу қызметтерін тегін ала алады.

Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

05 шілде
04 шілде
03 шілде
02 шілде