

Қарағанды облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Ағымдағы нәтижелер, өзекті мәселелер және 2026 жылдың соңына дейінгі міндеттер туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры филиалы директорының міндетін атқарушы Асет Утельбаев айтып берді.
Асет Утельбаевтың айтуынша, Қор қаражаты есебінен қаржыландырылатын облыстың денсаулық сақтау саласының 2026 жылға нақтыланған бюджеті 182,6 млрд теңгені құрайды. Жыл басынан бері медициналық қызметтерді сатып алу жоспарына бірқатар түзетулер енгізіліп, нәтижесінде қаржыландыру көлемі бастапқы көрсеткішпен салыстырғанда 12,2 млрд теңгеге артты. Қаржыландыру көлемінің өсуі қан және оның компоненттерін өндіруге жұмсалатын шығыстарды қоспағанда, медициналық көмектің барлық дерлік нысандары мен түрлері бойынша байқалады.
«Жұмыстың негізгі бағыттарының бірі – медициналық көмектің сапасын бақылау. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша облыстың медициналық ұйымдарында мониторингтің барлық түрі нәтижесінде жалпы сомасы 1,899 млрд теңгеге 65 268 ақау анықталды. Оның ішінде 1,56 млрд теңге сомасына 46 894 ақау жоспардан тыс мониторинг барысында анықталды», – деді Асет Утельбаев.

Медициналық ұйымдардағы пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметтерінің жұмысына да ерекше көңіл бөлінуде.
«Пациенттерді қолдау және ішкі сараптама қызметі неғұрлым тиімді жұмыс істесе, медициналық ұйымның өзінде де проблемалар соғұрлым аз болады. Бұл негізді шағымдар мен ақаулардың санын, тиісінше, қаржылық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті филиал директорының міндетін атқарушы.
МӘМС жүйесімен халықты қамту бойынша да оң динамика байқалады. 2026 жылдың жеті айында Қарағанды облысы төлеушілерінен МӘМС жүйесіне түскен қаражат көлемі 38,2 млрд теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 231,8 млн теңгеге көп. Сонымен қатар сақтандырылмаған азаматтардың саны жыл басындағы 173 мың адамнан 1 тамыздағы жағдай бойынша 131 мың адамға дейін азайды.
Қаңтар айынан бастап әлеуметтік әл-ауқаттың дағдарыстық және шұғыл санаттарына жататын азаматтарға сақтандырылған мәртебесі автоматты түрде берілуде. Бұл азаматтар үшін жарналар жергілікті бюджет қаражаты есебінен төленеді. Жыл басынан бері осы санаттағы 38 мыңнан астам азаматқа сақтандырылған мәртебесі беріліп, олар МӘМС жүйесі шеңберінде медициналық көмек алуға мүмкіндік алды.
2026 жылғы 27 тамыздағы жағдай бойынша филиалға азаматтардан 635 өтініш келіп түскен. Оның 297-сін пациенттердің өздері кері қайтарып алған, ал 338 өтінішті Қор филиалы қараған. 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, ол кезде филиал 612 шағымды қараған, келіп түскен өтініштердің жалпы саны 44,8%-ға азайған. Бұл пациенттер мен медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылдың жақсарғанын, сондай-ақ халықтың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу тәртібі туралы ақпараттану деңгейінің артқанын көрсетуі мүмкін.
Сонымен қатар медициналық ұйымдарға пациенттермен жұмысты одан әрі жалғастыру қажет. Атап айтқанда, клиникалық процестерге ішкі бақылауды, пациенттерді уақтылы бағыттауды және медициналық көмек көрсетуден бас тартудың негізділігін күшейту, call-орталықтар мен тіркеу бөлімдері қызметкерлерінің құзыретін арттыру, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жетілдіру маңызды.
МӘМС жүйесін дамытудың маңызды бағыттарының бірі – цифрландыру. Қазақстанда медициналық көмек көрсету және оған ақы төлеу процестерінің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ ықтимал бұзушылықтарды бақылауды күшейтуге бағытталған жаңа Qalqan («Қалқан») цифрлық платформасы енгізілуде.
Qalqan МӘМС жүйесін барынша ашық етуге және бұзушылықтарды орын алғаннан кейін анықтаудан оларды алдын ала болдырмауға көшуге мүмкіндік береді. Платформа автоматтандырылған бақылауды, күдікті белсенділікті анықтауды және пациенттің QR-код арқылы медициналық қызметті нақты алғанын растауын қарастырады. Қарағанды облысында пилоттық жобаға 17 медициналық ұйым қатысуда.
Қорытындылай келе, Асет Утельбаев өңірдің медициналық ұйымдары үшін 2026 жылдың соңына дейінгі негізгі міндеттерді атап өтті. Олардың қатарында қаржыландыруды және кезеңдерді уақтылы жабуды қамтамасыз ету, ішкі сараптаманың тиімділігін арттыру, сақтандырылмаған азаматтар мен негізді шағымдардың санын одан әрі азайту, сондай-ақ Qalqan цифрлық платформасын белсенді енгізу бар.
Бұл бағыттардың барлығын ортақ мақсат біріктіреді – өңір тұрғындары үшін медициналық көмекті неғұрлым қолжетімді әрі сапалы ету, ал МӘМС жүйесін әрбір қатысушы үшін түсінікті, ашық және тиімді жүйеге айналдыру.
Қарағанды облысы бойынша медициналық сақтандыру Қоры филиалының баспасөз қызметі
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.