Түркістан облыстық балалар ауруханасының нейрохирургтары медавиация желісі арқылы Сарыағаш ауданында 3 айлық нәрестеге шұғыл түрде мамандандырылған көмек көрсетті. Ота мен ем-шаралардың барлығы МӘМС аясында жүргізілді.
Нәрестеге аудандық орталық ауруханада шұғыл МРТ жасалып, ми аймағында жедел араласуды қажет ететін өзгерістер анықталды. Дәрігерлер консилиумы дереу ота жасауды ұйғарды.
Нейрохирургтар жүргізген операция сәтті өтті. Отадан кейін бала облыстық балалар ауруханасына ауыстырылып, қазіргі таңда дәрігерлер бақылауында қажетті ем қабылдап жатыр. Жағдайы тұрақты.
Мамандардың айтуынша, уақытылы көрсетілген хирургиялық көмек ауыр асқынулардың алдын алды. Алдағы күндері қосымша тексерулер жүргізіліп, әрі қарайғы ем тактикасы анықталатын болады.
Дәрігерлердің жедел шешімі мен кәсіби жұмысының арқасында 3 айлық сәбидің өмірі аман сақталды.