
Түркістан облыстық балалар ауруханасының хирургтары алты айлық сәбиге торакоскопиялық әдіспен күрделі ота жасады. Елімізде 18 жасқа дейінгі балалар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жарналарын мемлекет төлейді. Соның арқасында балалар МӘМС пакетіне кіретін медициналық қызметтерді тегін ала алады.
Аурухана мамандарының мәліметінше, сәби оң жақты туа біткен диафрагмалық ақаумен балалар хирургиясы бөліміне жедел жатқызылған. Осы ақаудың салдарынан бала бұған дейін тыныс жолдарының респираторлық аурулары мен пневмонияға байланысты бірнеше рет ем қабылдаған.
Диафрагма — кеуде және іш қуысын бөліп тұратын, тыныс алуға қатысатын бұлшықет. Ондағы туа біткен ақау салдарынан іш қуысы мүшелері кеуде қуысына ығысып, өкпенің жұмысына кедергі келтіруі мүмкін.
Операция алдындағы дайындықтан кейін дәрігерлер сәбиге торакоскопиялық әдіспен ота жасап, диафрагмалық ақауды қалпына келтірді. Бұл тәсіл хирургиялық араласуды үлкен тіліксіз, шағын тіліктер арқылы орындауға мүмкіндік береді.
Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Бақылау рентгенологиялық тексеруінде диафрагманың қалыпты физиологиялық қалпына келгені анықталды.
Самые свежие новости экономики, политики и культуры на наших страницах в Telegram, Instagram и мобильных приложениях на Android и iOS.