Пожар произошел на границе Казахстана с Россией

ЖЕТІСУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ЖАРАП ТҰР

29 там, 08:00
3 mins read
938
ЖЕТІСУЛЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ЖАРАП ТҰР
РПП области Жетісу

Жетісу облысының кәсіпкерлер палатасында «Бір ауыл – бір өнім» жобасы қатысушылары өнімдерінің көрме -жәрмеңкесі ұйымдастырылды.

Бұл жоба облыста өткен жылдан бастау алды. Байқауға түрлі сала бойынша елу шақты отандық тауар өндіруші қатысып, өз өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. Алдымен облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев бастаған топ байқауға қатысушылардың көрмесін тамашалап, ұсынылған өнім түрлерінің сапасына мән берді. Кәсіпкерлермен тілдесіп, ой-пікірлерімен бөлісті. Оған аймақтың әр өңірінен келген кәсіпкерлер мұқият дайындалған. 

Көрме сөрелеріне қойылған ауыл-шаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдері мен тұрмыстық жиһаздар, киім-кешектер мен аяқкиімдер, сондай-ақ, ет, сүт, жұмыртқа өнімдері мен ұлттық тағам түрлері, басқа да бұйымдар жиналғандардың көз жауын алып, көңілдерін аударды. Көрме кезінде тамашалаушы қонақтар тауарлар мен қызмет түрлерімен танысып қана қоймай, өнімдерді өз бағасында сатып алу мүмкіндігіне ие болды.

Мәселен, Жанар есімді талдықорғандық кәсіпкер ісін 2012 жылдан бері табысты жүргізіп келеді. Айтуынша, ол тұтынушылар тарапынан түскен сұранысты сапалы әрі уақытылы орындауға тырысады. Мұны ол басты міндетім деп санайды. Сондай-ақ, тапсырыс берушілердің талабына сай жаңа үлгілер ойластырып, киімдерді жоғары деңгейде тігуге назар аударады. 

Ал Көксу ауданынан келген Жанат Жақсылыққызы көрпе-жастық, нан жайма және киізден ойыншықтар жасаумен айналысады. Әрбір өнімді табиғи әрі сапалы материалдан жасағанды қалайды. Бұл олардың беріктігі мен ұзақ уақытқа сақталуына мүмкіндік береді. Киізден жасалған бұйымдар ұлттық нақышпен көмкерілген әрі балаларға қауіпсіз, экологиялық жағынан таза. Барлық өнім ұлттық мәдениет нақыштарымен үйлескен. 

Қазіргі таңда Панфилов ауданындағы «Assem» жеке кәсіпкерлігі заманауи этно-модерн стилінде әшекей бұйымдарын шығарады. Әрбір өнім ұлттық дәстүр мен заманауи сәнді үйлестіре отырып жасалған. Бұл оларға ерекше әдемілік беріп тұр. Бүгінде бұл компания тұтынушылардың сұранысына сай тапсырыс қабылдап, олардың қалауына қарай жұмыс жүргізеді. Сөреге қойылған әшекей бұйымдарынан, сондай-ақ, айрықша шығармашылық ізденіс байқалады.

«Айгүл» жеке кәсіпкерлігі Ескелді ауданынан келген. Олардың омарта шаруашылығымен шұғылданып келе жатқанына 5 жыл. Тәжірибелі кәсіпкер тұтынушыларына табиғи бал өнімдерін ұсынады. Сапасы барлық стандартқа сай әрі денсаулыққа пайдасы зор дәрумендерге бай және иммунитетті көтереді. Көрме аясында  өнімдерін көпшілікке ұсынған Жанар есімді келіншектің кондитерлік заттары да көпшілік назарын өзіне аударды. Сарқандық Юлия Фисюкова табиғи шикізатты пайдаланып, сабын жасайды. Өнім құрамында Жетісу жерінде өсетін дәрілік шөптер мен табиғи майлар бар. Сол себепті әр сабынның емдік қасиеті зор. Кәсіп иесі сабынды тұтынушы тілегін ескере отырып жасайды. 

Ал сусабын мен сабын Талдықорғандағы «Asyl Like» жеке кәсіпкерлігінде өндіріледі. Шағын кәсіпорын 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Суық көже шығаратын «Асыл» жеке кәсіпкерлігінің өнімдері де тамашалаушылардың назарына ілікті. Сүт өнімдерін өндірумен шұғылданатын «NK» жеке кәсіпкерлігі Панфилов ауданында орналасқан. Бір жарым жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорында кілегей, сары май, құрт, ірімшік және сүттен жасалған тәттілер шығарылады. Сапасы жоғары өнім ұсынатын бұл компания тағамдары жергілікті нарықта да өз орнын таба білген.   

Өз кезегінде Жетісу жерінде осындай кереметтердің бар екенін мақтан тұтып, тілге тиек еткен    Марлен Қапашұлы облыс әкімінің ыстық сәлемін жеткізе отырып, кәсіпкерлікті өрістетуге мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетіліп келе жатқанын, сондай-ақ, ол мұндай жетістіктерді өркендетуге әлі де күш жұмсалуы тиістігін, әсіресе, кәсіпкерлікті өрістетуде жастарға қолдау танытудың маңызды орын алатынын, бұл істе, сондай-ақ, ауылдықтардың бизнесін өрге сүйреуге көмек көрсету әлі де жалғасатынын айтып, кәсіпкерлерге алғысын жеткізді. 

Мұндай жақсы пікірге облыстық мәслихат төрағасы ГүлнарТойлыбаева, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Римма Салықова, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Дәурен Оңалбаев, тағы басқалары қосылып, игі тілектерін жеткізді. Соңында үздік он кәсіпорын анықталып, жетекшілеріне сый-құрмет көрсетілді. 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА

/category/news
Жазылыңыз және әлеуметтік желілердегі жаңалықтарымызды қадағалаңыз
Мәтінде қате бар ма? Бізге хабарлауыңызды өтінеміз. Қатені бөлектеп, Ctrl + Enter пернелерін басыңыз

Соңғы жаңалықтар

Yesterday
06 қазан
05 қазан
04 қазан